«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“– Алло! Сәлеметсіз бе?

– Тыңдап тұрмын, айта беріңіз!

– Біз сізге көмекке мұқтаж сәбилерге қайырымдылық көрсетумен айналысатын ұйымнан хабарласып тұрмыз. Бір үмітіміз өзіңізде…” 

Бүгінгі мақаламызға басты кейіпкер еткелі отырған белгілі кәсіпкер, “Арқалық” шаруа қожалығының, “Асхат Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нағашыбай Барлыбаевқа осындай мазмұндағы қоңыраулар жиі соғылады. Оның тұтқаның арғы жағындағы дауыстарды жауапсыз қалдырған кезі жоқ. Содан да болар, өңір жұртшылығы Нағашыбай Сабырұлын кәсібін өрге дөңгелетіп отырған бизнесмен әрі айналасына қайырымдылығымен шуағын шашып, нұрын төгіп жүрген азамат ретінде жақсы таниды.

Нағашыбай Барлыбаевтың осылай абырой биігіне көтерілуіне бойындағы әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған көркем мінезі ғана емес, арғы ата-бабаларының қан мен сүйекке қатар сіңген тектілігі де әсер еткен бе дерсің. Әйтпесе, атам қазақ “тегі мықты”, “тегі таза”, “тегіне тартқан”, “асылдың сынығы”, деп ата жолын жалғаған ұрпақты бұлай әспеттемес еді ғой.
Кейіпкеріміздің арғы аталары Жамбыл ауданындағы “Қызыл ой” деген жерде, қазіргі Петровка ауылының маңын мекен еткен. Сол маңайда тұратындар “Әлтидің қыстауы” деп аталып кеткен мекеннің қай жерде орналасқанын, бұлай аталуының себебін де жақсы білсе керек. “Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс” болған большевиктер қазақтың талай әулетінің шаңырағын ортасына түсіріп, бірін мал-мүлкінен, енді бірін бала-шағасынан айырмады ма? Бұл нәубет сол кезеңдерде мол дәулетімен, ақыл-парасатымен елге танылған Әлти ақсақалды да айналып өтпеді.
“Әлтидің қыстауы” жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” атты мемуарлық романында да кездеседі. Онда қаламгер қыстауды “Миллионердің үйі” деген тақырыппен былайша сипаттаған: “Қалың қарағаштың ығына орналасқан Әлтидің қыстауына біз ымырттатып жеттік. Бұл қыстау қазақтың мен көрген өзге қыстауларының біреуіне де ұқсамайды. Мұндағы қыстау қала тәртібімен көше болып салынған, қаңылтыр шатырлы, биік қарағай үйлер. Олардың араларына шұбала салынған қоян-жон ағаш сарайлар…”
Романда Әлти қажының Қорған қаласында банк ұстаған төрт миллионердің бірі екендігі, екі мыңдай жылқысы, сонымен бірге күніне үш шелек сүт беретін немістің қызылқасқа “швиц” сиырын мол ұстайтындығы айтылады. Сол жылдары Әлти қажы халықпен кездесуге келген Алашорданың жүз шақты азаматын қонақ қылып, жеке өзі күткен екен деген де дерек бар. Заманның өңі бұзылған тұста үрім-бұтағы тегіс кәмпескеге ілегіп, 1928-ші жылдан бастап, қуғын-сүргінге ұшыраған. Әуелі Ақтөбе облысына жер аударылып, одан елге жақын келмек болып, Сібір ормандарындағы ауылдар мен шағын елді мекендерге қоныстанып, бірақ НКВД-ның, кейін КГБ-ның түртпектей беруі салдарынан бір жерден екінші жерге жиі көшуге мәжбүр болып, барлығы он жеті рет мекен ауыстырып, тек бертін ғана елге келген. Осы алмағайып жылдарда әлгі қоныстың ағаш үйлерін жаңадан ашылған ауданның орталығы – Майбалық ауылына түрлі кеңселер салу үшін бұзып әкеткен екен.
Алайда, немересі Сабыр қанша қуғын-сүргінде жүрсе де, өз балаларының бәріне жоғары білім әперіп, сонымен бірге ата-бабасының кім болғанын ұмыттырған жоқ. Сабыр деп отырғанымыз – Нағашыбай Барлыбаевтың әкесі. Кеңес одағы жылдарында үлкен қызметтер істеді. Оның бір емес, бес бірдей баласы кеңшар директоры атанып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына еселі еңбектерімен, ерік-жігерлерімен үлес қосуда. Сыпыра жырау: “Би баласы биге ұқсар, Алты қанат үйге ұқсар”, – деп пайымдаған тектілік деген міне, осы емес пе?
Нағашыбай Барлыбаев жетекшілік ететін “Арқалық” шаруа қожалығы бүгіндері халқымыздың ұлттық тағамы, ауруға – ем, сауға – қуат қымыз өндірісін жолға қойып, жұртшылықты шипалы сусынмен қамтамасыз етіп отыр.
– Облысымызда біздің шаруашылық қана қымыз дайындаумен айналысады. Қазір бес жүз шақты бие сауылады. Кәсібімізге озық технологияларды да кеңінен пайдалануға мән берудеміз. Бие сүтінің сапасы мен мөлшері жайылымдағы шөптерге тікелей байланысты ғой. Осы орайда жайылымдық жерлердің де құнарлығын арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда, – дейді Нағашыбай Сабырұлы.
Бүгінде шаруашылықтың өнімдерін Петропавл қаласы мен барлық аудандардағы дүкен сөрелерінен кездестіруге болады. Тәулігіне бір мың литр қымыз дайындайтын кәсіпорында “Тентек”, “Қымыз”, “Қызылой” секілді бірнеше сусын түрлері шығарылады. Өнім облыспен қатар, еліміздің бірнеше өңірлеріне де жөнелтіледі. Республикамыздың Қостанай, Павлодар, Ақмола және Ресейдің Түмен, Қорған, Омбы облыстары да жергілікті кәсіпорында дайындалатын қымызға қызығушылық танытып келеді. Серіктестіктің осыдан төрт жыл бұрын Петропавл қаласында саз-балшықпен және қымызбен емдейтін сауықтыру орталығын ашқанын да айта кеткен жөн. Бұл орталыққа күн сайын дертіне шипа іздеп ондаған адам табан тіреп, жандарын меңдеген сырқаттарына ем табуда. Бұл да іскер азаматтың жергілікті тұрғындарға көрсетіп отырған қамқорлығының бір көрінісі емес пе?
Нағашыбай Барлыбаевтың басшылығындағы шаруашылық бұрнағы жылы республикалық “Парыз” байқауында топ жарған болатын. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жүздеген кәсіпкердің бастары тоғысқан додада “Үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын” аталымы бойынша жеңімпаз атануы – өңіріміз үшін де үлкен жетістік.
Кәсіпкер “баптай білсең, жер жомарт” деген тәмсілді нақты іске асырып, несібе көзіне айналдырып отыр. Мәселен, былтыр “Асхат Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 18 мың гектар жерге дәнді дақыл сіңіріп, әр гектардан 22 центнер өнім алғаны да Нағашыбай ағамыздың іскерлігін танытпай ма? Мұның бәрі оңайлықпен келген жетістік емес. Күні-түні тынбай еңбектенудің, жаңашылдыққа ұмтылудың арқасында мүмкін болып отыр. Нағашыбай Барлыбаев әңгіме арасында осынау табыстарға мемлекет қолдауының нәтижесінде қол жеткізгенін, алда тағы да жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырғанын айтып өтті.
Мақаламыздың әлқиссасында айтып өткеніміздей, Нағашыбай Сабырұлы қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмауға тырысады. Көмекке мұқтаж адамдарға үнемі көрсетіп отыратын қаржылай қолдау шараларын айтпағанда, соңғы бірнеше жылдан бері республикалық деңгейде үзбей өткізіліп келе жатқан айтысқа демеушілік етіп келеді. Сонымен қатар жүз жылдық жылнамасы бар газетіміздің де таралымының молаюына септесіп жүрген азаматтардың бірі – осы кісі.
Біздің өңірімізде атқарған еңбегін, таудай тұлғасын өзгелерге үлгі еткің келіп тұратын адамдар аз емес. Солардың бірі – Нағашыбай Барлыбаев. Мінезі – кесек, тұлғасы – нар. Атқарған қызметімен, өнікті жұмысымен, қарапайым мінезімен жұртқа жағады, айналасына сәуле шашып тұрады. Ұл мен қыз өсіріп, бүгінде зейнет жасқа абыроймен жетіп отыр.

 

Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp