«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҰЛЫ КҮНІҢ, МЕРЕКЕҢ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

“БОСТАНДЫҚ” – ДЕГЕН ЕРКІНДІКПЕН ЕГІЗ ҮН

Желтоқсан жеткен,

Жаңа бір жылдың қарсаңы,
Толғанып әке, толғатып ана таңсәрі.
Өмірге келді балауса сәби – бал-бөбек
Өзегі талған, жанғаны өшкен орданың
Ай маңдайлы ұлы – аңсары. 

Таң ата туып,
Танытты сәби тұлғасын,
Естірте келді ел-жұртқа назды іңгәсін.
Қаһарлы қыстан қаймықпай туған сәбидің
Тыңдасын әлем,
Балауса үнін тыңдасын!

Тағдырдың әлде
Осы ма тапқыр шешімі,
Тәуелсіз таңның ашылды сонда есігі.
Қаймана ұлттың жоярдай шер мен қайғысын
“Бостандық!” болды сәбидің алған есімі.

Қадым ғасырлар,
Қайғы-шер жұтқан жылдардың,
Арманы едің еркіндік сүйген ұлдардың.
Тілеуі едің мыңдаған ғазиз құрбанның…
Езілген елдің еңсесін биік көтерген
“Бостандық” сәби – бір балғын.

Армандап еді
Әкесі ұлды толғанып,
Толғатып туған анасы ұлды, ол да анық.
“Бостандық” сәби буыны бекіп, ержетті,
Бостандық туын қолға алып.

Айналып елің
Айпара сенің көркіңнен,
Қазақ еліңнің қанаты мығым серпілген.
Темір ноқтаны, қайыс ноқтаны үздің сен
Қаһарлы кейіп, қаһарман қуат
Сол тумен.

“Бостандық” деген –
Еркіндікпенен егіз үн,
Естиміз бүгін бақытты ұлттың лебізін.
Бодандықты енді енгізбей босағамыздан
Болсыншы құтты айбынды
Жиырма сегізің!

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

АРТА БЕРСІН МӘРТЕБЕҢ!

Тәуелсіздік – арманы еді халқымның,

Арайланып шықты күткен алтын күн.
Айы болып азаттықтың туды ол,
Таңы болып атты дәстүр-салтымның.

Тәуелсіздік – таңдауы еді жұртымның,
Тілеуі еді, тірегі еді ұлтымның.
Ғасырлар бойы сағымдай болып жеткізбей,
Бодандықтың бұғауында бұлқындың.

Тәуелсіздік – шапағат еді ел күткен,
Сағынышпен, үзілмеген үмітпен.
Сол бір күнге зарықтырып қол жетті,
Бұдан артық бақыт барын біліп пе ең?!

Бағалай біл, о, Алашым, сен мұны,
Жатыр онда ел тарихы, ел мұңы.
Жатыр онда қасірет пен қуаныш,
Бабалардың өрлігі мен ерлігі.

Көп іздеді қалың жұртым теңдігін,
Қайыр болмай туған жердің кеңдігі.
Тізерлемей тік тұрып-ақ мерт болған,
Тәуелсіздік – бабалардың ерлігі!

Талай заман үміт оты жанбады,
Жалмауыздар алдады да арбады.
Құрбан болған ертеңі үшін халқының,
Тәуелсіздік – ағалардың арманы.

Аға ұрпақтың тиер болса әсері,
Саналы жас анық ер боп өсері.
Ызғарында Желтоқсанның лаулаған,
Тәуелсіздік – алау жастар кешегі.

Шуақ төгіп тұрсын әр кез жарық күн,
Осы сәтті тостың, жұртым, зарықтың.
Тәуелсіздік – тулап өткен өмірің,
Тәуелсіздік – тани білсең тарихың.

Құтты болсын, ұлы күнің, мерекең!
Арта берсін мәртебең мен берекең!
Мың өлсе де, мың тірілген алысып,
Қазақ мынау – мәңгі жасар ел екен!

Қасым НҰРҒАЛИҰЛЫ,
ұстаз.

 

МАҚТАНЫШЫМ – ҚАЗАҒЫМ

Қазақ ұлтым аспандаса қалықтап,

Қазақ атын деп тілеймін анықтап.
Мен қазақпын, сол үшін де мақтанам,
Ұлт есімін Айға апарған шарықтап.

Қазақ әнін ғарыштарға жалғадың,
Кең пейілің, асқақ осы арманың.
Мен қазақпын кең даламды сағынған,
Тарландарың Сахарада самғаған.

Қазағым-ау, мақтанышың көп сенің,
Өткен күндер өкінішті көп көрдің.
Озық ұлттық дәстүрің мен өнерің,
Таңғалдырған талай елдің бектерін.

Қасиетің жоғалмасын ұлы елім,
Жүрегімде сақтап сені жүремін.
Ұрпақтарың қасиетін сақтаған,
Қазақ деген ұлтым асқақ білемін.

 

Күлайхан РАХМЕТ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік
Қазақстан университетінің
оқытушысы.


ЕЛІМ МЕНІҢ

Елім менің, болмаған жеріңде мін,

Сенің арқаң төсіңде керілгенім.
Саф ауаңнан қуат ап тұрғасын ба,
Ертеңіме сенетін сенімдемін.

Елім менің, көк Туын желбіреткен,
Сенің арқаң туғаным кең жүрекпен.
Тұлпарлардың тұяғы мұқалмайды,
Ұлы Отаным, өзіңсің елжіреткен.

Елім менің, шашбауды көтеретін,
Борышым көп алдыңда өтелетін.
Жусаныңа шөліркеп жүрген кезде,
Көзіме ыстық көрінер бетеге тым.

Елім менің, құшағың ерек екен,
Тұрған кезде уық пен кереге тең.
Шаңырақтан Әнұран әуелесе,
Өрекпіген көңілмен ере кетем.

Елім менің, көтердің көңіл демін,
Сенің арқаң өрен боп өрілгенім.
Өзің барда демейтін қолтығымнан,
Мен ешкімнен аласа көрінбедім.
Елім менің…

Нұрсайын ШӘРІП,
ардагер журналист.

БІР УЫС ТОПЫРАҚ

Қас пен көз арасы…

Қарашы!
Алаштың даласы,
Күрескен ұлт үшін бабасы!
Кесілген бастар мен төгілген жастардың,
Бесігін қорғасын баласы.
Тас жүрек болмасын анасы,
Ұйқыда мүлгімей санасы.
Гүл ектің топырақ төсіне
Жүректің сыздамай жарасы.
Қарашы,
Күбірлеп бабамның моласы,
Жел тұрған көк пен жер арасы.
Сұңқардың кесіліп қанаты,
Тұлпардың сынғанмен тағасы.
Бір уыс топырақ киелім,
Мен сені өлгенше сүйемін.
Жусанның иісімен гүлдетші,
Қураған атамның сүйегін.
Бір уыс топырақ сыйымсың,
Жұртыма жұртымыз жиылсын.
Тәңірдің киелі бесігі,
Бір уыс топырақ бұйырсын.
Бабамның сенімін ақтайық,
Ұлыңды ұлт болып жоқтайық.
Алашым, Атажұрт бесігім,
Бір уыс топырақ сатпайық!
Тоятын далам бар көзіміз,
Ертеңге үн қатар сөзіміз.
Бір уыс топырақ аманат,
Жер-Ана иесі өзіміз!
 
 

 

АТАЖҰРТ

Жерұйық мекенім киелім,
Тоңамын, отыңа күйемін.
Бабалар аңсаған бесігім,
Жаныммен мен сені сүйемін.
Тасыңда таңба бар таулардың,
Көзіне күйік боп жаулардың.
Жер үсті мекенім шайқасқан,
Атажұрт біздерге сен қалдың.
Ұрпағың бүгінде дұғалы
Бөрі рух көкті аңсап тұрады.
Көк тудай желбіреп аспанда,
Алаштың үн қатқан ұраны.
Қолында ұрпақтың Құраны,
Бабамыз қалдырған мұраны.
Қорғайық жерімді бәріміз,
Атажұрт – Алаштың тұрағы.


Аманжол ЗАҒЫПАРҰЛЫ,
республикалық жыр
мүшәйралардың жеңімпазы.

БЕКИ ТҮССІН БІРЛІГІМІЗ

Қазақстан – Отаным жүрегімде,

Елімнің амандығы тілегім де.
Азат болып халқымыз алға басты,
Қазақ болып туғанмын бұл өмірде.

Елім дейтін көп бізде жастарымыз,
Тек қана алға басу жоспарымыз.
Көк Тудың астына кеп бірігуде,
Тарыдай шашылған көп бастарымыз.

Таңданамын бабалардың ерлігіне,
Еркіндік, егемендік келді, міне,
Мақтанамыз өзіңмен, шаттанамыз,
Ұлан-байтақ даламның кеңдігіне.

Беки түскен елміз ғой бірлігіміз,
Татулықпен түрілген түндігіміз.
Бейбіт елдің бесігі шайқалмасын,
Баянды болсын дейік бұл күніміз!

Еркежан ТӨЛЕКЕЕВА,
Ерік Асқаров атындағы облыстық
ақындар мектебінің шәкірті.

ЖАРАЛҒАНБЫЗ НАМЫСТАН

Ғасырлар мен ғасырларға жалғасқан,

Уақыт сырғып, жылдар жылжып алмасқан.
Тәуелсіздік, азаттығым келгенде,
Ашылғандай болды емес пе мәңгі аспан?!

Тарихымның ізі жатыр даламда,
Егемендік деп өтті ғой бабам да.
Тәуелсіздік мерекесін тойлайды
Аққайыңды Қызылжардай қалам да.

Батырларым жаралған ғой намыстан,
Азаттық деп арпалысқан, алысқан.
Шаңырақты елге айналдық бүгінде
Көк Тәңірі нұрын төгіп ғарыштан.

Ие болдық барлығымыз сенімге,
Құт дарыған, ырыс қонған көгімде.
Көкбөрі елім, болашағың баянды,
Егемендік сыйлады ғой бәрін де.

 

Айнұр ТІЛЕГЕН,

Қожаберген жырау атындағы
№6 орта мектептің оқушысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp