Қараша айының соңында зығыр сатып алатыны туралы хабарландыру берген Ақмола облысының кәсіпкері алаяқтың құрбанына айналды. Бұл қылмыс жан-жақты жоспарланған болып шықты. Аферист «тауардың» сапасына кәсіпкердің көзін жеткізу үшін талдауға берген зығырдың үлгісін алдын ала әзірлеп қойған екен. Содан кейін «КамАЗ» автомашиналарын жалдап, Есіл ауданындағы ЖШС-дің біріне келісілген уақытта келулерін сұраған. Қаскөйдің шақыруы бойынша сол жерге сатып алушы да келген. Ауыл шаруашылығы құрылымының жанында зығыр тиеуге келген «КамАЗ» автомашиналарын көрген кәсіпкер алаяқтың қолына 6 миллион теңге ұстатқан. Шаруашылық басшысынан өнімді артуға рұқсат алуға кеттім деген әлгі алаяқ, қайтып оралмаған. Оқиға болған жердегі ЖШС-нің жұмысшылары алаяқты танымайтын болып шықты. Алданған кәсіпкер Есіл аудандық полиция бөліміне көмекке жүгінуге мәжбүр болған.
-Жедел-іздестіру іс-шаралары бір айға созылды. Күдікті Көкшетау қаласының 32 жасар тұрғыны болып шықты. Ол былтыр ғана осындай қылмысы үшін жазасын өтеп, түрмеден босап шыққан, – деді Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Ерлік Есләмбеков. – Алаяқтың тәртіп сақшыларына ұсталмай, біраз бостандықта жүруіне оның криминалдық тәжірибесі септігін тигізген. Дегенмен, қызметтік іссапар барысында біз оның Нұр-Сұлтан қаласында жүргенін анықтадық. Қолға түсіруге астаналық полицейлер көмектесті. Қазір күдіктінің қолына кісен салынды. Оның біздің облыс аумағындағы тағы екі алаяқтыққа қатыстылығы анықталып, тергеу жұмыстары жүргізіліуде.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.