Тамақ өнімдерінің ішінде нан әр кез үлкен сұранысқа ие. Осы жағын ескерді ме екен, Нұрым мен Райхан Төребековтер Карасевка ауылында отбасылық жаңа наубайхана ашып, оған “Алғыс” деген ат қойды.
Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Аманбек Махметов пен ауылдың ақсақалы Әшкентай Төребеков нан өнімдерін пісіретін жаңа нысанды іске қосып, сәттілік тіледі. Округ әкімі Жақсылық Беркімбайдың айтуынша, елді мекен экономикалық жағынан дамып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді.
Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Нұрым мен Райхан алдымен иесіз қалған ғимаратты кәсіп көзіне айналдыруға бел буған. Олар бұған дейін Көкшетау қаласында тәтті тоқаштар пісірумен айналысқан. Алматы қаласында да “Көкше” нан-тоқаштарын пісіретін отбасылық кәсіпорны жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта ауылдың 5 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Нан өнімдері әзірге ауданның 10 елді мекеніне жөнелтіледі. Жоғары сұрыпты бидайдан пісірілетін нан 95 теңгеден сатылады. Тоқаштардың 10 түрі пісіріледі. Олардың бағасы да қолжетімді.
Келешекте тапсырыс арқылы пицца, хот-дог дайындалмақ. Тәтті торттар әзірлеуге үйрететін мамандар шақырылмақ.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Суретті түсірген автор.
Айыртау ауданы.