«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗУЫ КӨМІРДЕН ЕШ КЕМ ЕМЕС биоқазандық орнатудың пайдасы шаш етектен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Судың да сұрауы бар. Қазіргі таңда көпшілікті энергетикалық шикізат көздерінің жетімсіздігі, олардың бағасының жылдан-жылға қымбаттауы алаңдатып отыр. Сондықтан соңғы жылдары өркениетті елдер жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бағытына қадам жасауда. Басты мақсат – мұнай, газ және көмір сияқты қазба байлықтарды үнемдеп, оны баламалы энергия көздерімен алмастыру. Мұның бір жолы – сабанмен жағылатын биоқазандықтар орнату десек, көп қателеспеспіз.

Биоқазандықтар технологиясы Нұр-Сұлтан қаласында өткен “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінде таныстырылған болатын. Бұл елімізде қолға алынған “Жа­сыл экономика” тұжырымдамасы сәйкес ке­ле­ді. Себебі, аталмыш технология тиімді жә­не қоршаған ортаға қауіпсіз. Біздің об­лыс­­та бұл бағыттағы жұмыстар 2015 жыл­дан бері жүргізілуде. Жыл сайынғы өңірі­мізде жылыту маусымы кезінде 594 мың тон­на көмір жағылады. Оның 358 мың тон­насы – тұрғындарға, 147 мың тоннасы бюд­жеттік ұйымдарға тиесілі болса, тағы 62 мың тоннасы орталықтандырылған жылы­ту жүйесі арқылы жағылады. Сарапшылар­дың есептеуінше жоғарыда айтылған кө­мір­дің орнына 712 мың тонна зығыр саба­нын пайдалануға болады. Ал күзгі орақ нау­қанынан кейін бұл сабанның басым бөлігі жиналмай, қар астында қалатынын ескер­сек, бюджет шығынын үнемдеудің жаңа жолы ашылып отырғанын байқаймыз.

Былтыр баламалы энергия көздерiн да­мыту тақырыбы көтерілген жиындардың бі­рінде өңір басшысы Құмар Ақсақалов био­қазандықтар орнату арқылы жылына бюд­жет қаржысын жарты миллиард теңгеге де­йін үнемдеуге болатынын айтып, аудан­дар­дағы 2-3 қабатты үйлерге биоотынмен жұмыс істейтін жабдықтарды орнату мін­де­тін қойған болатын. “Бүгінгі таңда облыс ау­ма­ғындағы нысандарда биоқазандық­тар­ды орнатудың нәтижесінде 220 млн. теңге бюджет қаржысы үнемделді. Өткен жыл­дың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бюд­жеттік мекемелерде көмір 23 мың тон­наға аз жағылды. Ендігі мақсатымыз – үнем­делетін қаржыны 500 млн. теңгеге дейін жеткізу. Бiз зығырдың сабанын энер­гия көзi ретiнде қолданамыз. 1,5 тонна са­бан 1 тонна көмiрдi алмастырады. Алдағы уақытта бюджеттік ұйымдар көмір жағудан бас тартатын болады”, – деген Құмар Ірге­байұлы шаруашылық басшыларын биоқа­зандықтар орнатуда белсенділік танытуға шақырған еді.

Бұл бағыттағы жұмыс нәтижесіз емес. Бү­гін­дері облыста биомассамен жағыла­тын 118 қазандық орнатылса, оған 798 бюд­жеттік мекеме қосылған. Нәтижесінде бұл ұйымдар былтырғы жылыту маусымында 26 мың тонна көмірді, яғни 247 млн. теңгені үнемдеді.

– Біздің елімізде 2030 жылға қарай бала­ма­лы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу жос­­парланған. Осыған орай өңірімізде мек­теп пен аурухана сынды әлеуметтік нысан­дар­дың электр энергиясы мен жылуға жұм­сап отырған шығынын азайту мақсатында са­бан­мен жағылатын қазандықтарды орна­ту жұ­мыстары қолға алынды, – дейді об­лыс­­тық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы басқармасының бас­шысы Әділбек Әубәкіров.

Бұл жұмыстар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да белсенді жүргізілуде. Үстіміздегі жылы облыстың 5 ауданында екі мың адам тұратын 57 көппәтерлі тұрғын үйді орталық жылу жүйесіне қосу бойынша жұмыс қолға алынған. Айыртау, Ақжар, Есіл және Шал ақын аудандарында биоқа­зандықтар орнатылуда. Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Өмірбай Омаров жергілікті тұрғындар биоотынмен жылы­тылатын қазандықтың игілігін көре баста­ғанын айтады.

– Соңғы екі жылдан бері ауданда сабан­мен жағылатын биоқазандықтарды орнату бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінге дейін ондаған нысанда “Әби-Жер” жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігінің қа­зан­дықтары орнатылды. Нәтижесінде жы­лыту маусымында аудан бюджетінен қо­мақ­ты қаражат үнемделді. Яғни, биоотын­мен жылытылатын нысандарда шығынның азайғанын көріп отырмыз. Сондай-ақ, қа­зан­дықтарды жағып, оны қадағалайтын қыз­меткерлер саны қысқартылып, экология­лық салықтарға кететін шығындар кеміді, – дейді Өмірбай Дайрабайұлы.

Аудан әкімі орынбасарының сөзіне қа­рағанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік ая­сында Бескөл ауылындағы 85 көпқабат­ты тұрғын үйдің 56-сы орталықтандырыл­ған жылу жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, 20 әлеу­меттік нысан, жеке тұрғын үй секторы­ның 20 нысаны және төрт дүкен жылумен қамтылды. Бұдан бөлек, алдағы жылы оң­түстік-шығыс шағынауданындағы 100 бас­пана мен мектепті жылумен қамтитын екін­ші жылу жүйесін салу жоспарлануда.

Мағжан Жұмабаев ауданында да био­қазандықтарды орнату бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Тың жабдықтар бүгінге дейін 11 әлеуметтік нысанға орнатылған. Со­лардың бірі Булаево қаласындағы емха­нада соңғы екі жылдан бері қолданылып келеді. Оның тиімділігін уақыттың өзі көр­сетіп отыр. Мекеме өткен жылы жылыту­дың баламалы әдісін қолдану арқылы 3 млн. теңге үнемдеген. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ма­мандарының айтуына қарағанда, нысанды жылыту үшін бір қысқа 800-900 тонна кө­мір­ге тапсырыс беріліп келген. Ал қазір жы­лыту маусымы кезінде бар-жоғы 650 тонна сабан жағылады. Биоқазандықтың жылуы тек емханаға ғана емес, оның жанындағы екіқабатты үйлерге де жетеді екен. Жалпы, Булаево қаласының өзінде әлеуметтік ма­ңызы бар 11 нысанды жылытатын 6 қа­зан­дық орнатылған. Жуырда олардың қатары тағы екі биоқазандықпен толығады. Ал ке­лесі жылы тың дүниені жер үйлердің тұр­ғындары да қолданып көрмек.

Жасыл экономикаға бет бұрған қазіргі за­манда биоқазандықтарға деген сұраныс­тың арта түсетіні сөзсіз. Сондықтан жаңа өнімді жұрттан бұрын шығаруды жолға қоя білгендер ұтады. Осыны жете түсініп, ерте қимылдағандардың бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоға­мы. Жергілікті зауыт 2018 жылы су қыздыр­ғыш биоқазандықтарды құрастыру өндiрi­сiн қолға алды. Кәсіпорынның баспасөз хат­шысы Елена Стадниктің айтуынша, “КВ-757.000” қазандығын жасауға жергілікті ма­те­риалдар пайдаланылған. Отандық өнім­нің бағасы шетелдiк қондырғылармен са­лыс­тырғанда екi-үш есе арзан және ауаға зиянды қоспаларды 6 есе аз шығарады.

Қуаты 10-20 мың шаршы метрлік нысан­дарды жылытуға жететін 1 МВт-тық қазан­дық қазіргі уақытта Есіл ауданындағы «Заг­ра­довское» ЖШС-інде сынақтан өтуде. Биоқазандықтың нарықтағы баламала­ры­на бәсекелес бола алатындығын білмек ниет­пен серіктестік басшысына хабарлас­қан болатынбыз. Шаруашылық басшысы Иван Фисенко Петропавл қаласында құрас­тырылған биоқазандық сапалы екенін атап айтты. Соңғы төрт жылдан бері агроқұры­лымның нысандары Польша елінде құрас­ты­рылған екі қазандықтың көмегімен жы­лы­тылып келген екен. Олардың бірі – са­бан­мен, ал екіншісі көмірмен жағылады. Ша­руа жаңа биоқазандық шетелдік бала­маларға қарағанда біршама тиімді екеніне көз жеткізгенін жасырмады.

– Біз мал шаруашылығымен қатар егін­шілікпен айналысамыз. Соңғы жылдары майлы дақылдарды егуге басымдық беріп келеміз. Алайда, күзгі орақ кезінде дәнді жә­не майлы дақылдардың сабандары да­лада қалады. Астық қалдықтарынан биоотын өндіру әлдеқайда тиімді екенін түсіндік. Сондықтан бұл бастаманы қолдаймын. Қа­зіргі уақытта шаруашылықтағы заманауи қа­зандықта негізінен зығыр сабаны жағыла­ды. Осылайша, астығымызды кептіреміз әрі елді мекеннің әлеуметтік нысандарын жылытамыз, – дейді Иван Феофанович.

Серіктестік басшысының айтуынша, жа­ңа қазандықтың қуаты шаруашылықтың өн­діріс нысанда­рын, кеңсені, гараждарды, ас­хананы, ауыл­дық әкімдікті, балабақшаны, шіркеуді және жергілікті 67 тұрғын үйді жы­лытуға жетеді. Бұл – 11 мың шаршы метр. Бір бума сабан 3-4 сағат бойы жанады әрі күл аз түседі. Қы­зуы көмірден кем емес. Қат­ты отынға қара­ғанда жылуды үш есе көп бе­ретін көрінеді. Нәтижесінде қазандықтың жұ­мысын бақы­лайтын адамның жұмысы жеңілдеген.

Жергілікті зауыт жасап шығарған қазан­дық­тың кемшін тұстары да бар екен. Қазан­дықтың қақпағын­да ақау бар. Яғни, поль­ша­лық баламаға қарағанда жылуды дұрыс ұстай алмайды. Жылыту маусымы аяқтал­ған соң өнімнің тиімділігіне баға берілмек. Ал зауыт бас­шы­лығы шаруа анықтаған ол­қы­лықтарды түзеп, қазандықты жетілдіру бойынша жұ­мыстар жүргізеді. Нарықты зерт­теген “Пет­ропавл ауыр машина жасау за­уыты” ак­ционерлік қоғамының маманда­ры аудан­дар­дағы әлеуметтік нысандарға қуаттылы­ғы 180, 300 және 500 кВт-тық қа­зан­дықтар­ды қолдану тиімді екенін анық­та­ған. Қажет­ті инвестиция тартылғаннан ке­йін зауыт­тың конструкторлық-техноло­гия­лық бюро­сы­ның мамандары биоқазандық­тарды көп­теп құрастыратын болады. Осы­лайша, жергілікті нарыққа бағасы қолже­тімді әрі шетелдік баламадан еш айырмасы жоқ отандық өнім жол тартпақ.

Өркениетті елдер биоотынның тиімділі­гіне әлдеқашан көз жеткізіп, жерасты бай­лық­тарын үнемдеу жолдарына жаппай көш­кені белгілі. Соңғы онжылдықта, тіпті, қар­қын алды. Еліміздің асты-үсті кенге бай де­генімізбен, оның да таусылатыны анық. Сон­дықтан баламалы энергия көзіне көшу – уақыт күттірмейтін мәселе.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp