Мамлют ауданының ерікті жастары көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетті.
Әуелі волонтерлер сексеннің сеңгіріне шыққан жалғызбасты қарттың үйіне қарай аялдады. Мұхарам Ақтареева ауласына қолдарында күректері бар жастар кіріп келгенде, өтініші ескерусіз қалмағанын түсінді. Волонтер қыз-жігіттер айналасы бір сағаттың ішінде ауланы қардан тазалап, отын жарып, көлденең жатқан заттарды көзден таса жерге жинады. Бұдан соң белсенділер көру қабілеті нашарлаған Руслан Насыровтың үйіне соқты. Мүмкіндігі шектеулі жанды таяп қалған Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған жастар оған Брайль шрифі орнатылған ноутбук сыйлады.
– Біз соғыс, еңбек ардагерлерін ұдайы назарда ұстаймыз. Олардың әр өтінішін орындап, алғысына бөленіп жүрміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарды да ұмыт қалдырмаймыз. Жалпы, биыл ауданымыздың ерікті жастары 3 мыңға жуық отбасыға әр-түрлі қолдау көрсетті. Қайырымдылық акцияларын ұйымдастырдық. Мәселен, жуырда бір тұрғын үй өртеніп, акция өткізіп, қаржы жинап бердік, – дейді Мамлют аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Жақыпжанов.
Мұхтар ХАҚНАЗАР.