Ұзақ уақыт тоқтап тұрған “Bio Operations” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде биоэтанол цехы іске қосылды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тайынша ауданына жұмыс сапары барысында кәсіпорында болып, елімізде баламасы жоқ нысанның жұмысымен танысты.
Жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, екінші тынысы ашылған зауытта 450 адам еңбек етеді. Зауыт бірнеше жылға созылған үзілістен кейін былтыр диірмен кешенін іске қосып, серіктестіктің крахмал мен балуыз өндіретін цехы қалпына келтірілген болатын.
Бір жылда 68,2 мың тонна крахмал, 17,2 мың тонна глютен, ұн мен мал азығы өндірілді. Құйылған инвестиция көлемі 12 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін компания жергілікті бюджетке 500 млн. теңгеден астам салық төлеген.
Қайта жаңғыртудың үшінші кезеңінде астықты тереңдете өңдейтін биоэтанол өндірісі іске қосылып отыр. Цехқа Франциядан әкелінген заманауи қондырғылар орнатылды. Осылайша, кәсіпорынды қайта іске қосудың финалдық кезеңі аяқталды. Кәсіпорынның бас директоры Алмас Қалимурзиннің айтуынша, биоэтанол өңдеу желісін жаңғырту кезінде 16 мың метр кабель, 8 мың метр құбыр тартылған. Орнатылған барлық құрал-жабдықтар әлемдік талаптарға жауап береді. Бір тонна бидайды терең өңдеген кезде 134 мың теңгенің өнімін алуға болады. Яғни, бидайдың өз құнынан екі есе көп пайда түседі деген сөз. Жуырда зауыт крахмал мен балуыздың үлкен партиясын шетелге жөнелткен. Өнімнің басым бөлігі АҚШ пен Түркия елдеріне экспортталуда.
Жаңа цехтың жұмысымен танысқан облыс әкімі солтүстікқазақстандық бидайдың құрамындағы протеин мөлшері өте көп екенін, сол себепті нарықта жоғары бағаланатынын атап айтты.
– Биоэтанол – күрделі өндіріс барысында алынатын соңғы және негізгі өнім түрі. Нарықта оған деген сұраныс зор. Бүгінгі таңда кәсіпорын Павлодар мұнай өңдеу зауытына және Шымкентте ашылғалы отырған этил трибутан эфирін шығаратын компанияға биоэтанолды жеткізу туралы келісімшартқа отырды. Бастапқы кезеңде өндіріс көлемін біртіндеп ұлғайта отырып, жылына 20 мың тонна биоэтанол шығару жоспарлануда. Осылайша, біз бұл өнімге деген қажеттілікті толығымен жабатын боламыз, – деген Құмар Іргебайұлы тапсырыс беруші компаниялармен келіссөз жүргізуді жалғастыруды тапсырды.
Кәсіпорынның жылдық қуаты 300 мың тонна астық өңдеуге жетеді. Бүгіндері өндіріске арналған шикізат мәселесі толығымен шешімін тапқан. Ол жергілікті агроқұрылымдардан жеткізіледі. Бұдан бөлек, облыста жылдық қуаттылығы 360 мың тоннаға тең “KAZMEAL” құрамажем фабрикасы бар. Қуаттылығы 100 мың тоннаны құрайтын “Bayrek” қоспажем зауытында да жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы өңірде бидайды қайта өңдеу ісін 2021 жылы 60, ал 2022 жылы 90 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді.
Өңір басшысы Тайыншаға сапары барысында “Bio Operations” серіктестігінің еншілес компаниясы – “EMC-Агро” ЖШС-нің шошқа фермасында болды. Бұл жерде инвестор талпақ танау санын 100 мың басқа дейін жеткізу үшін қосымша қора салуда.
– Бұған дейін 6,4 млрд. теңге жұмсап, 50 мың басқа арналған шошқа фермасын ашқан болатынбыз. Қазір дәл сондай екінші кешен салынуда. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Еліміздегі ең ірі шошқа фермасы атанатын боламыз. Жылдық қуаты 10 мың тоннаға жеткізіледі, – деді жоба жетекшісі Саят Оразбеков.
Бұдан бөлек, зауыт басшылығы үш мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізуде. 2022 жылы пайдалануға берілетін нысанның құрылысына 11 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған. Еліміз бойынша ең үлкен сүт фермасының құрылысы келер жылдың көктемінде басталады. Қазіргі уақытта нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде
Қолға алынған екі жоба толық жүзеге асырылған кезде Тайынша ауданында тағы 350 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.