Тайынша ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, салтанатты рәсімге облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Жалпы аумағы 1307 шаршы метрді алып жатқан кешенді тұрғызумен “Байсын–А” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып, құрылыс жұмыстарына 485 млн. теңге бағытталды. Компанияның өкілі Жанара Қалмағамбетованың айтуынша, заманауи нысан сапалы етіп тұрғызылған.
Құмар Іргебайұлы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралап, материалдық-техникалық жабдықталу жайымен танысты. Мұнда бокс, күрес, ауыр атлетика залдары жұмыс істейді. Спорттың басқа түрлерімен айналысушыларға да барлық мүмкіндіктер жасалған.
Өңір басшысы өз сөзінде жыл өткен сайын өңірде саламатты өмір салтын серік етушілер қатарының көбейіп келе жатқанын атап өтті. Бүгінде облыс тұрғындарының үштен бірі спортпен шұғылданып, сергек өмір сүруді, денсаулығын жақсартуды күнделікті дағдыға айналдырған. Олардың арасында балалар мен жасөспірімдердің үлесі көп. Қазір аудандар мен ірі елді мекендерде спорт нысандары көптеп тұрғызылып, қажетті жабдықтармен толыға түсуде.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.