Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданындағы Чапаев ауылында іске қосылған тауарлы-сүт фермасында болды. 720 сауын сиырға арналған ферма “Қызылжар сүт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Серіктестік директоры Алмас Бектасовтың айтуынша, құны 3,3 млрд. теңге болатын кешеннің құрылысы “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы қаржыландырылған. Алты пайыздық жеңілдікпен ресімделген қаражат негізінен құрылыс жұмыстарын жүргізіп, Симменталь тұқымды сиырларды сатып алуға жұмсалды.
Қазіргі уақытта фермада Германиядан жеткізілген 220 ірі қара бар. Қалғандары 2021 жылдың көктеміне дейін жеткізілетін болады. Мұнда жұмысшылардың еңбегі барынша жеңілдетілген. Нидерланды елінің соңғы үлгідегі қондырғылары қойылған. Жаңа технологияларды қолданысқа енгізудің нәтижесінде инженерлер мен бағдарламашылар барлық жұмысты автоматты басқару жүйесінің көмегімен жүргізеді. Сүт кешеніндегі “Карусель” сиыр сауу қондырғысы елу орынға шақталған. 35 жаңа жұмыс орны құрылған нысанда жылына 3,6 мың тонна сүт сауылатын болады.
Бүгіндері елімізде жылына 4276 мың тонна сүт сауылғанымен, әлі де 464 мың тонна сүт өнімі шетелден жеткізіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына отандық сүт өнімдерінің үлесін арттыру бойынша үлкен міндет қойылған болатын. Аталмыш жоспарды жүзеге асыру аясындағы жұмыс өңірде белсенді жүргізілуде.
Кешен жұмысымен танысқан өңiр басшысы сүт шаруашылығы облыста тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап айтты.
– Соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру мақсатында сүт және сүт өнімдерін өндіру ісін дамытуға басымдық берілуде. Біз биыл 11 тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастадық. Жұмысымыз нәтижелі, желтоқсан айының соңына дейін жаңа технологиялармен жабдықталған бес ферма пайдалануға берілетін болса, қалғаны келесі жылы іске қосылады. Чапаев ауылында жаңадан тұрғызылған ферма – сондай заманауи кәсіпорындардың бірі. Жыл сайын сауылатын сүттің көлемін арттырудың арқасында жергілікті 14 ферма 450 мың тонна сүтті қайта өңдейтін болады. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.