«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАНЫҢ СӘНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры 2020 жылды қорытындылады. Көрермен көзайымына айналған үздік сахна саңлақтары түрлі марапат-мадақтарға ие болды.

Дүние жүзін алаңдатқан жаһандық пандемияға қарамастан өнердің өңіріміздегі қарашаңырағы өзіне жүктелген міндеттер мен жылдық жоспарды толық орындай алды. Үстіміздегі жылғы наурыз айынан бастап негізгі шаралар онлайн форматқа ауыстырылыпты. Дегенмен, өнер ордасының актерлері бұл уақытта сүйікті көрермендерімен әлеуметтік желілердің көмегімен үнемі байланысып, олардың назарына түрлі монологтар оқып, мәдени шараларды ұсынған. Облыстық театрда әр жылдары жұмыс істеп, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүрген жандармен тікелей сұхбаттар да өткізіліпті.

– Біз карантин шаралары жеңілдетілген уақытта Шоқан Уәлихановтың туғанына – 185 жыл, ал Сәбит Мұқановтың 120 жылдық мерейтойына орай жерлес қа­ламгердің “Аққан жұлдыз” романының желісі бойынша “Шоқан” драмасының тұсаукесерін өткізе алдық. Оны Фархат Молдағали ерекше үлгіде ұсынды. Көкшетаудан арнайы шақырылған режиссер Фархатбек Қанафин әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай “Ұстаздың оралуы” қойылымын қойды. Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай актерлеріміз ұлы ақынның қара сөздерінің негізінде “Толық адам” қойылымын сахнаға әзірледі, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.

Жақында театр басшылығы дәстүрлі түрде өткізілетін “Алтын сақа” театрішілік байқауының жеңімпаздарын анықтаған. Әдетте театр күнінде өткізілетін салтанатты шара биыл жылдың қорытындысына қалдырылып, марапаттар иелерін тапты.

– Театрымыздың көркемдік кеңесі биыл атқарылған шаруаны, актерлердің соңғы спектакльдердегі шеберліктерін саралап, “Алтын сақа – 2020” байқауында “Үздік әйел бейнесі” номинациясын – Жанар Насыроваға, “Үздік ер бейнесі” номинациясын Асылхан Разиевке табыстады. “Үздік эпизодтық роль” номинациясын – Ислам Жақсылық, “Үздік екінші пландағы роль” номинациясын Құртқа Мусина алды. Ал Әділжан Кәрімов – “Театр жанашыры”, Бибігүл Шәкенова “Үздік қызметкер” атанды, – деп қосты Дәурен Тойбазаров.

Бұдан бөлек, “Алтын глобус” халықаралық білім, ғылым және мәдениетті дамытудың оқу-әдістемелік, ғылыми-инновациялық академиясының “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісіне театрда 20 жылдан астам еңбек етіп жүр­ген қойма меңгерушісі Рашида Ибраева мен Ақтілек Балқыбекова, ал “Үздік маман” төсбелгілеріне Асылхан Разиев пен Гүлнар Гайнулина лайықты деп танылған. Тағы бірнеше театр қызметкері өнер ордасы директорының Алғыс хаттарын иеленді.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp