«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылдың ардақтысы еді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың қай ауылына ат басын бұрсаң да, ауыз толтырып айтатын, мақ­тан тұтатын азаматтары болады. Елге сыйлы болу атақ-дәрежемен өлшен­бейді. Қарапайым еңбек етіп, елеусіздеу жүрсе де, абыройы асқақ жандар аз емес. Оларды өзгелерден ерекшелеп тұратыны – кісілік болмысы, адамгершілік асыл қасиеттері. Нығметжан Жолдыбаев – сондай ақылгөй ақасақалдардың бірі еді.

Нығметжан Мұхамедияұлы (құжатта Мұ­қыш­ұлы деп жазылып кеткен) 1916 жылы 3 қаң­тарда Есіл ауданына қарасты Жарға­йың ауылының оңтүстік жағында, шамамен үш-төрт шақырым жерде орналасқан ескі қыстауда туған. Алты жасында анасынан айы­рылып, атасы Жолдыбайдың бауырын­да өскен ол небір қиындықтарды басынан өткереді. Шар болаттай шыңдалып ерже­те­ді. Өрнек ауылының тумасы, Ленин орденді ұлағатты ұстаз Ғабдолла Шоқайұлынан дә­ріс алып, жетіжылдық оқу бағдарламасын үздік бітіреді. Еңбек жолын 13 жасында кол­хоздың есепшілігінен бастайды. 1937 жы­лы Петропавл педагогикалық училищесін аяқтап, бастауыш мектеп мұғалімі маман­дығы бойынша кәсіптік білім алып шығады.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда денсаулығының жарамсыздығына байла­ныс­ты тылда қалдырылады. Еңбек ауы­лын­да мектеп директоры лауазымымен қоса ұжымшар төрағасының міндетін де ат­қарады. Ел басына түскен ауыртпалықты жұртшылықпен бірге бөлісіп, ұйымдастыру жұмыстарына басшылық жасайды. 1949 жы­лы Ленин ауданы орман шаруашылы­ғы­на директор етіп жіберіледі. Оның ұсыны­сы­мен “Веселое” орман шаруашылығы ұйымдастырылып, шым үйлердің орнына ағаш баспана салына бастайды.

Ол кісіден тәлім алған азаматтардың бі­рі – мемлекет және қоғам қайраткері Мақ­тай Сағдиев. “Амангелді” ұжымшарының төрағасы болып сайланған Нығметжан осы төңіректе бірінші болып дизель моторы ар­қылы электр жарығын береді. 1961 жылы ауылдық кеңестің төрағасы болып сайлан­ға­ны да оған деген жерлестерінің сенімінің зор болғанын көрсетеді. Ильинка ауылы­ның тұрғындары “Николай Михайлович”, ауылдастары “Ныға”, “Ауылнай” деп атап ке­теді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жү­ріп, Жарғайыңда екіқабатты мектеп үйін аш­қызады. Жаңа үлгідегі клуб бой көтеріп, бір орталықтан жылытылатын қазандыққа қосылады.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяқ ке­зі болатын. Коммунистік идеологияның қы­лышынан қан тамып тұрған шақ. Соған қа­рамастан Нықаң аталас ағайыны Зейнолла Сәрсенбайұлын елге шақыртып алады. Он­дағы мақсат – кезінде төбесіне ауыл ше­бер­­лері күмбез орнатып, кейін жабылып қал­­ған интернаттың ғимаратын мешітке ай­нал­дыру еді. Ол ойы жүзеге асты. Нығ­мет­жан Мұхамедияұлы Құдай қосқан қосағы, “Алтын алқа” иегері Шәмшіһамар Әубәкір­қы­зы екеуі он баланы бағып-қағып өсірген. Ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиендерінің қызығына бөленді.

“Қарттықты мойындамау – тынымсыз, үз­дік­сіз еңбек” деген екен орыс қолбасшы­сы Н. Раевский. Ол әр кез жөн сілтейтін, ақыл-кеңес беретін, елді татулыққа шақы­ратын данагөйіміз еді. Өмірлік тәжіри­бесі­мен бөлісіп, Жарғайың, Өрнек, Мектеп ауыл­дарының өркендеуіне айрықша үлесін қосты. “Жақсы әке балаға қырық жыл азық” де­гендей, қарашаңырақ иесі Серікжан кез­дес­кен сайын әкесімен мақтанатынын жа­сыр­майды.

– Мен әкемнің елу жасында дүниеге кел­дім. Жүз мектеп бере алмайтын тәрбиені бір өзі берді. “Ойын қумай, еңбек ет” деген та­ғылымын өмірлік ұстанымға айналдыр­дым. Тек қана балаларына емес, елдің бә­ріне бірдей қарады. Көшеде бос жүрген аза­маттарды жақтырмады. Әкемді тыңдаған жерлестеріміз үй маңында картоп егетін, бау-бақша өсіретін. Ауылға барған сайын “Ныға елінде сұлтан болған” деген сөздерді естіп, бір марқайып қалатын едім. Шіркін, сол күндер қайтып оралмайды ғой, – дейді әкесін сағынышпен еске алған ұлы.

Нығметжан Мұхамедияұлының жүріп өткен жолын зерделесең, ауыл өмірінің ұмы­тылып бара жатқан беттерін ақтарған­дай күй кешесің. Жаратушының жазғаны шы­ғар, ол 1995 жылы 79 жасында Явленка ауылында дүние салып, туған жері Жар­ғайың­ның зиратына жерленді.

Жатқан жері жәннатта, топырағы торқа болсын!

Ескендір НҰРЫМОВ,

еңбек ардагері.

СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай мемлекет жә­не қоғам қайраткері М. Сағдиев пен Н.Жолдыбаев.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp