Қазақтың қай ауылына ат басын бұрсаң да, ауыз толтырып айтатын, мақтан тұтатын азаматтары болады. Елге сыйлы болу атақ-дәрежемен өлшенбейді. Қарапайым еңбек етіп, елеусіздеу жүрсе де, абыройы асқақ жандар аз емес. Оларды өзгелерден ерекшелеп тұратыны – кісілік болмысы, адамгершілік асыл қасиеттері. Нығметжан Жолдыбаев – сондай ақылгөй ақасақалдардың бірі еді.
Нығметжан Мұхамедияұлы (құжатта Мұқышұлы деп жазылып кеткен) 1916 жылы 3 қаңтарда Есіл ауданына қарасты Жарғайың ауылының оңтүстік жағында, шамамен үш-төрт шақырым жерде орналасқан ескі қыстауда туған. Алты жасында анасынан айырылып, атасы Жолдыбайдың бауырында өскен ол небір қиындықтарды басынан өткереді. Шар болаттай шыңдалып ержетеді. Өрнек ауылының тумасы, Ленин орденді ұлағатты ұстаз Ғабдолла Шоқайұлынан дәріс алып, жетіжылдық оқу бағдарламасын үздік бітіреді. Еңбек жолын 13 жасында колхоздың есепшілігінен бастайды. 1937 жылы Петропавл педагогикалық училищесін аяқтап, бастауыш мектеп мұғалімі мамандығы бойынша кәсіптік білім алып шығады.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда денсаулығының жарамсыздығына байланысты тылда қалдырылады. Еңбек ауылында мектеп директоры лауазымымен қоса ұжымшар төрағасының міндетін де атқарады. Ел басына түскен ауыртпалықты жұртшылықпен бірге бөлісіп, ұйымдастыру жұмыстарына басшылық жасайды. 1949 жылы Ленин ауданы орман шаруашылығына директор етіп жіберіледі. Оның ұсынысымен “Веселое” орман шаруашылығы ұйымдастырылып, шым үйлердің орнына ағаш баспана салына бастайды.
Ол кісіден тәлім алған азаматтардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев. “Амангелді” ұжымшарының төрағасы болып сайланған Нығметжан осы төңіректе бірінші болып дизель моторы арқылы электр жарығын береді. 1961 жылы ауылдық кеңестің төрағасы болып сайланғаны да оған деген жерлестерінің сенімінің зор болғанын көрсетеді. Ильинка ауылының тұрғындары “Николай Михайлович”, ауылдастары “Ныға”, “Ауылнай” деп атап кетеді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, Жарғайыңда екіқабатты мектеп үйін ашқызады. Жаңа үлгідегі клуб бой көтеріп, бір орталықтан жылытылатын қазандыққа қосылады.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяқ кезі болатын. Коммунистік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған шақ. Соған қарамастан Нықаң аталас ағайыны Зейнолла Сәрсенбайұлын елге шақыртып алады. Ондағы мақсат – кезінде төбесіне ауыл шеберлері күмбез орнатып, кейін жабылып қалған интернаттың ғимаратын мешітке айналдыру еді. Ол ойы жүзеге асты. Нығметжан Мұхамедияұлы Құдай қосқан қосағы, “Алтын алқа” иегері Шәмшіһамар Әубәкірқызы екеуі он баланы бағып-қағып өсірген. Ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиендерінің қызығына бөленді.
“Қарттықты мойындамау – тынымсыз, үздіксіз еңбек” деген екен орыс қолбасшысы Н. Раевский. Ол әр кез жөн сілтейтін, ақыл-кеңес беретін, елді татулыққа шақыратын данагөйіміз еді. Өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, Жарғайың, Өрнек, Мектеп ауылдарының өркендеуіне айрықша үлесін қосты. “Жақсы әке балаға қырық жыл азық” дегендей, қарашаңырақ иесі Серікжан кездескен сайын әкесімен мақтанатынын жасырмайды.
– Мен әкемнің елу жасында дүниеге келдім. Жүз мектеп бере алмайтын тәрбиені бір өзі берді. “Ойын қумай, еңбек ет” деген тағылымын өмірлік ұстанымға айналдырдым. Тек қана балаларына емес, елдің бәріне бірдей қарады. Көшеде бос жүрген азаматтарды жақтырмады. Әкемді тыңдаған жерлестеріміз үй маңында картоп егетін, бау-бақша өсіретін. Ауылға барған сайын “Ныға елінде сұлтан болған” деген сөздерді естіп, бір марқайып қалатын едім. Шіркін, сол күндер қайтып оралмайды ғой, – дейді әкесін сағынышпен еске алған ұлы.
Нығметжан Мұхамедияұлының жүріп өткен жолын зерделесең, ауыл өмірінің ұмытылып бара жатқан беттерін ақтарғандай күй кешесің. Жаратушының жазғаны шығар, ол 1995 жылы 79 жасында Явленка ауылында дүние салып, туған жері Жарғайыңның зиратына жерленді.
Жатқан жері жәннатта, топырағы торқа болсын!
Ескендір НҰРЫМОВ,
еңбек ардагері.
СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай мемлекет және қоғам қайраткері М. Сағдиев пен Н.Жолдыбаев.