Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс орталығындағы темір жол вокзалында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңарған вокзалды аралап, қала келбетін көріктендіре түскен компанияға ризашылығын жеткізді.
1966 жылы құрылған вокзалда осыған дейін ауқымды жөндеу жүргізілмепті. Бүгінгі таңда оның іші-сырты бастан-аяқ өзгерген. “Ресей темір жолдары” ашық акционерлік қоғамы нысанды жөндеуге 2,8 млрд. теңге өз қаражатын жұмсаса, облыстық әкімдіктің тарапынан вокзал маңындағы алаң қайта жаңғыртудан өтті. Бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесі көз қуантады.
Аталмыш компанияның филиалы – Оңтүстік-Орал теміржолының басшысы Анатолий Храмцовтың айтуынша, қайта құру жұмыстары 2018 жылдан бері үш кезең бойынша жүргізілді. Бірінші кезеңде оның сыртқы қасбеті мен шатыры жаңартылса, былтыр орталық бөлігі, инженерлік коммуникациялар мен сыртқы электрмен қамту жүйесі жөндеуден өтті. Ал соңғы уақытта вокзалдың іші жөнделді. “Коронавирус пандемиясы жұмыс тәртібіне өзгертулер енгізгенімен, мердігер компания вокзалды қолданысқа мерзімінде тапсыру үшін барын салды. Жоба барлық талаптарға сәйкес жасалған. Сондықтан вокзал әрбір жолаушыға қолайлы әрі қауіпсіз болады, – деді Анатолий Михайлович.
Мердігер компания – “Сион НОРД” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимаратқа екі эскалатор, жүк және жолаушылар тасымалдайтын үш үлкен лифт орнатқан. Сонымен қатар платформаларға апаратын өткел жылытылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус ойластырылған. Жолаушыларға арналған екі күту залын жабдықтаудың арқасында орындар саны 300-ден 600-ге дейін көбейді. Сондай-ақ, күту залдары жолаушылар ағынын реттеуге мүмкіндік береді. Олардың бірі алыс сапарға аттанатындар үшін, екіншісі қала маңындағы жерлерге баратындарға арналып жасалды.
– Қонақтарды қаламызбен таныстыру дәл осы вокзалдан басталады. Алғашқы әсер әрқашан маңызды. Егер өңірімізге туристердің көбірек келгенін, ал инвесторлардың ақша құйғанын қаласақ, біздің шаһарымыз заманауи және жайлы болуы керек. Ал вокзал – облыс орталығының басты қақпаларының бірі, адамдардың тағдыры тоғысатын орын. Біздің вокзал жылына орта есеппен жарты миллионнан астам адамға қызмет көрсетеді. Біз үнемі осы жерде туыстарымыз бен қонақтарымызды күтіп алып, шығарып саламыз. Енді Қазақстандағы ең әдемі теміржол вокзалдарының бірі біздің өңірде орналасқандығын мақтанышпен айта аламыз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.