«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел көзіне түспей елеусіздеу жүргендей кө­рінгенімен, әңгімеле­се, білісе, сыр­ла­са кел­генде басқаша қырынан танитын, та­би­ғи мінезімен жан-жағына мейірім шуа­ғын ша­шып, іскерлік-біліктілігімен ұршықша үйі­ріп әкететін жандар бола­ды. Хакім Абай айт­қандай, “ақырын жүріп, анық басу” – осын­дай санаттағылар үшін өмірлік ұста­ным. Олар бәзбіреулерге ұқсап кез келген жерге ентелеп, кеу­делеу, көзге түсіп қалайыншы деген жасанды қылықтар­дан ада, керісін­ше, ішкі жан парасаттылығымен, рухани үн­дестігімен, ой биіктігімен айналасын нұр­лан­дырып тұрады. Ел білетін, сыйлайтын, “Тәкең” деп қадірлейтін Талғат Теменов – осындай азаматтардың бірі.

Талапкер деп аталатын шалғай ауылда ұлт­тық тәлім-тәрбиені жастайынан бойына сіңі­ріп, санасына тоқып өскен талапты да ел­гезек жасөспірімге облыстық қазақ-мек­теп интер­на­тында оқу бақыты бұйыр­ды. Ол кездері қаза­ғы­нан гөрі өзге этносы ор­мандай ортада “арпа ішінде бір бидай­дай” оқшау көрінетін, білімнің қайнар бұла­ғы іспеттес қарашаңырақтың шә­кірті атану, бір жағынан мақтаныш, мерей бол­са, екін­ші жағынан, қала өмірінің қыр-сырына қа­нығу, төселу, шынығу, ширығу мектебіне ай­налды. Талай мемлекет, қоғам қайраткер­лері түлеп ұшқан мектеп-интернатты бітір­геннен кейін әкесі Қаби марқұмның ақылын екі етпей есеп-кредит техникумында оқуын жалғасты­рып, бухгалтер мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын туған ауылынан бас­тап, тындырымдылығымен, еңбекқорлығы­мен көзге түседі. Жерлес­те­рі­нің құрметіне бө­ленеді. “Аманкелді” кең­шарында бас есепші қыз­метін атқарып жүр­г­енде аудан басшылығы оған үлкен сенім білдіріп, “партия сарбазына” айналады. Ау­парткомның нұсқаушысы, бөлім меңге­ру­шісі лауазымдарын атқарады. Бұл кезеңді қимас досы Самат Ғабдуллин былай деп тебірене еске алады: “Тәкеңмен алғаш Пет­ропавл педагогикалық институтында та­ныс­тым. Халел есімді ауылдасы екеуі білім қуып, құжаттар тапсыруға келген екен. Ке­йін қызмет бабымен жолымыз түйісіп, тез тіл та­бысып кеттік. Жаны жайсаң, пейілі кең аза­мат­тың бойын кеу-кеулеген ұлттық намыс ерек­ше­леп тұратын. Қай салада жүр­се де, өзі­не жүк­телген міндеттерді абырой­мен атқарды. Бастық екенін сезінбейтінбіз. Кішілікті кісілік деп түсінетін”.

Талғат Қабиұлының Ленин аупарткомы­ның екінші хатшысы қызметіне жоғарыла­туы күт­пе­ген оқиға болған жоқ. Осы лауа­зымға лайық екенін сан мәрте дәлелдеді. Білімге деген ынта-жігерінің арқасында қо­сымша экономист мамандығын алып шық­ты. СОКП жанындағы қоғамдық академия­ны тамамдады. Бірқатар жауапты қызмет­тер атқарып, ел дамуына өзі­нің сүбелі үле­сін қосты. Өткен ғасырдың тоқ­са­ныншы жылдары өте күрделі кез болды. Осын­дай алмағайып тұста Тәкең Шал ақын ау­да­нын­дағы Кеңес Одағының Батыры Ы. Ыбы­раев атындағы кеңшардың директоры болып тағайындалды. Заман қиындығына қара­мас­тан, толысқан тәжірибесіне, білімі мен білікті­лі­гіне, ауыл адамдарының ынтымақ-бірлігіне сүйенді. Жылы сөзімен, иманды жү­зімен ортақ тіл табыса отырып, үш елді ме­кеннің әлеу­мет­тік-экономикалық жағда­йын түзеудің жолда­рын қарастырды. Мә­дени ошақтардың түтінін өшірмеуге бар күшін салды. Жұртшылықтың намысын қам­шылап, еңсесін тіктеген рухани шаралар­дың басы-қасында жүрді. Ұйымдас­ты­ру жұ­мыстарына тікелей ұйытқы болды, демеу­шілік көрсетті. Айта жүретін талай ша­руа­лар тындырды. Қолынан келгенше жақсы­лық жасау, қайырымдылық көрсету – оның өмірлік мұраты. Сыралғы досы Ғабит Қо­ңыр­баевтың Тәкең жайлы айтары аз емес. “Талғат – ұлттық басылымдардың іс жүзін­дегі нағыз жанашыры, қолдаушысы. Жыл­да баспасөзге жазылу науқанына, оның ішін­де бәріміз сүйіп оқитын облыстық “Sol­tústik Qazaqstan” газеті­нің таралуына бел­сене қатысқанына талай рет куә болдым. “Ыбыраев шаруа қожалы­ғында еңбек ете­тін барлық қызметкерлерге басылымды өз қаражатына жаздырып бер­генін жақсы біле­мін”.

Иә, ұлтжанды азамат бүгінгі өскелең ұр­пақ тәрбиесіне қатысты мәселелерді көте­руден жалыққан емес. Бірде белсенді оқыр­мандар мен жанашырлар басын тоғыстыр­ған “дөңге­лек үстел” басында шешіле, кө­сі­ле сөйлеге­ні бар. “17 мыңнан астам тұр­ғы­ны бар Шал ақын ауданында Жаңажол, Қаратал, Кеңес, Ысқақ Ыбыраев секілді ір­гесі сөгілмеген ауылдар орналасқан. Бірақ біздің ұлтымыз жоғарыдан бұйрық күтіп үй­реніп қалған ғой. Қазақылықты сақтап, сүт­тей ұйып отырған ауылдар өңіріміздегі ұлт газетіне қолдау біл­дірсе, оқырмандар қа­лың ормандай көбейе түс­пей ме? Азат­тық­тың ақ таңы атқанға дейін тіліміздің, діні­міздің үні шықпай келді. Ал енді егемен ел болған тұста неге құлашымызды сермеп, биікке ұмтылмасқа? Сондықтан жұ­дырық­тай жұмылып, ауызбіршілік танытып, қа­зақтілді басылымның таралымын арттыру­ға жанымызды салайық. Міржақып Дула­тов­тың “Айқапқа” деген өлеңі есіме түсіп отыр: “Жо­марттықта бірінші орын алған ел едік, Үш тең­геден өлмеспіз. Кел, мырзалар, берелік, Біл­гіш­тердің соңынан, Шұбырып біз де ерелік”, – деген екен асыл азамат. Бағасы қолжетімді газетті жаздырып алған әр адам қаншама ру­хани құндылықтарды оқи отырып, жан дү­ниесін байытады”.

Нағыз ұлт, тіл жанашырының кестелі сө­зі, мірдің оғындай ойы бұл! Жұмабек Ең­се­генов: “Тәкең маған үнемі өзінің ақыл-кеңе­сін беріп, іс-тәжірибесімен бөлісіп отыра­тын. Тумасақ та туғандай болып, ағалы-іні­лідей сыйласып кет­тік. Өте қарапайым. Кеуде керу дегенді біл­мей­ді. Сабырлы мі­не­зінен, асыл мақсатынан айныған емес. Әт­тең, сүйікті жары Сәбира Нұр­молдақызы мен үлкен ұлы Рүстемнің қазасы жанына қатты батты”, – деп ағынан жары­лады.

Жетпіс атты киелі жастың төріне көтеріл­ген Талғат Қабиұлы – немере-жиендерінің бал ті­лін қызықтап, жылы мейірімін төккен қадірлі ата. Бауырында өскен тұңғыш не­мересі Мағ­жан – бүгінде студент. Ұлы Нұр­бақыт – өңірге танымал адвокат. Келіні Әлия – мұғалім. Қызы Динара – заңгер, уни­верситетте оқытушы. Күйеу баласы Нұрлан жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

Ерен еңбекпен, адамгершілік асыл қа­сиет­те­рімен абыройы асқан асыл азамат­тың жүріп өткен өмір жолы жастар үшін үлкен үлгі-өнеге болары анық.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp