«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРЛЫҚ САЛАДА ІЛГЕРІЛЕУ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдіктің отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов биылғы жылдың негізгі нәтижелерін қорытындылап, алда атқарылатын басты міндеттерді белгіледі.

Әкімнің айтуынша, былтыр 11 айда бюджет өсімі 36 млрд. теңгеге асыра орындалса, биылғы көрсеткіш 47,7 млрд. теңгені құрады. Еңбекақы қоры 151 млрд. теңгеге жетіп, облыс бойынша орташа жалақы 20,7 пайызға артты. Нақтыланған бюджет көлемі 324 млрд. теңге болды. Бұл қаражаттың жартысына жуығы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту, мәдениет, спорт салаларына бағытталады.

Диқандар күрделі климаттық жағдайларға қарамастан қамбаға 4,5 млн. тонна астық құйды. 764 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Өткен жылға қарағанда бұл көрсеткіш 152 млрд. теңгеге көп. Облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіші бойынша республикада – екінші, инвестиция тартудан бірінші орында.

Мал шаруашылығында да толымды табыстар аз емес. Жоспарланған 10 заманауи сүт фермасының орнына 11-інің құрылысы басталып, 5-еуі іске қосылды. Нәтижесінде сүт өндіру мөлшері жылына 17 мың тоннаға көбейеді. Келесі жылы 10 ферманың құрылысы басталады. “Маслодел” ЖШС-і жақын арада сүт өнімдерін өңдейтін цехты пайдалануға береді.

Өнеркәсіп саласында да айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар. 11 айда өнім көлемі 268,5 млрд. теңге болып, 22,7 пайызға артты. “ЗИКСТО” АҚ-ы “Қазақстан темір жолы” ҰК-мен екі мың вагон-платформа құрастыру жөнінде келісімшарт жасасты. Киров атындағы зауыт тұтынушыларға 5 мың компьютер, 41 мың ноутбук, 8 мың планшет жөнелтті.

Құмар Ақсақалов өз сөзінде облысты аграрлық-индустриалдық аймаққа айналдыру алдағы басты міндеттердің бірі болып табылатынын, оған мүмкіндіктер жеткілікті екенін, бірінші кезекте инвестжобаларға басымдық берілетінін атап көрсетті. 900 млрд. теңгені құрайтын 53 инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында 7 мың жұмыс орны ашылады. Термос-вагон, жұмсақ контейнерлер өндірісі жолға қойылды. “Радуга” кәсіпорны қағаз өндірісімен айналыспақ. “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы шеңберінде үш ауқымды жоба іске асырылуда.

Шағын және орта бизнес өкілдері де кездескен қиындықтарды еңсеріп, тығырықтан шығу жолдарын таба білді. Бұл салада 105,4 мың адам еңбек етеді. Шығарылған өнім мөлшері – 208 млрд. теңге. Қазынаға 53,9 млрд. теңге салық төленді. Кәсіпкерлердің есебінен бюджеттің кіріс бөлігі 62 пайызға ұлғайды.

Құмар Іргебайұлы инфрақұрылым саласына да жете тоқталды. Жөнделген жолдардың жалпы ұзындығы – 954 шақырым. Осылайша 117 мың адам тұратын 150 елді мекенде қарым-қатынас жағдайы жақсарды. 60 мың тұрғыны бар 76 ауылға 335 шақырым су құбыры тартылды.

Ауылдықтар үшін өткір мәселелердің бірі – интернет және ұялы байланыстың қолжетімсіздігі болса, биыл 115 елді мекен интернетке қосылды. Облыс тұрғындарының 96 пайызы ұялы байланыспен қамтамасыз етілген.

Тұрғын үй салу саласын қаржыландыруды 1,5 есеге арттырудың нәтижесінде 300 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – 3 мың пәтер. Соңғы үш жылдың ішінде 7 мың пәтер қолданысқа берілді. Осы мерзім ішінде 1,5 мың ескі баспана сүріліп, иелері тұрғын үй жағдайын жақсартты. “Жаңа қала” бағдарламасы бойынша облыс орталығында 32 көпқабатты тұрғын үй салынуда, олардың 14-і жекеменшік компаниялардың есебінен тұрғызылмақ. Төрт жылдың ішінде ауылдарда 3714 баспана бой көтереді.

Өңір басшысы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында жеткен жетістіктерге де талдау жасай келіп, өңірді дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған кешенді бағдарламасының толық жүзеге асырылғанын, енді 2025 жылға дейінгі кезеңді қамтитын ауқымды жоба республикалық бюджет комиссиясы тарапынан қолдау тапқанын жеткізді. Оның аясында 52 заманауи сүт фермасы, 8 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, 10 кәсіпорын салынып, шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 35 пайызға жеткізіледі. Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі үш есеге ұлғайтылып, 15 мың жаңа жұмыс орны құрылады.

Құмар Іргебайұлы сөзінің соңында келесі жылы еліміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтетінін, облыс еңбеккерлері жоғары қарқыннан таймай жемісті еңбек ететініне сенім білдіре келіп, барша солтүстікқазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp