Ел көзіне түспей елеусіздеу жүргендей көрінгенімен, әңгімелесе, білісе, сырласа келгенде басқаша қырынан танитын, табиғи мінезімен жан-жағына мейірім шуағын шашып, іскерлік-біліктілігімен ұршықша үйіріп әкететін жандар болады. Хакім Абай айтқандай, “ақырын жүріп, анық басу” – осындай санаттағылар үшін өмірлік ұстаным. Олар бәзбіреулерге ұқсап кез келген жерге ентелеп, кеуделеу, көзге түсіп қалайыншы деген жасанды қылықтардан ада, керісінше, ішкі жан парасаттылығымен, рухани үндестігімен, ой биіктігімен айналасын нұрландырып тұрады. Ел білетін, сыйлайтын, “Тәкең” деп қадірлейтін Талғат Теменов – осындай азаматтардың бірі.
Талапкер деп аталатын шалғай ауылда ұлттық тәлім-тәрбиені жастайынан бойына сіңіріп, санасына тоқып өскен талапты да елгезек жасөспірімге облыстық қазақ-мектеп интернатында оқу бақыты бұйырды. Ол кездері қазағынан гөрі өзге этносы ормандай ортада “арпа ішінде бір бидайдай” оқшау көрінетін, білімнің қайнар бұлағы іспеттес қарашаңырақтың шәкірті атану, бір жағынан мақтаныш, мерей болса, екінші жағынан, қала өмірінің қыр-сырына қанығу, төселу, шынығу, ширығу мектебіне айналды. Талай мемлекет, қоғам қайраткерлері түлеп ұшқан мектеп-интернатты бітіргеннен кейін әкесі Қаби марқұмның ақылын екі етпей есеп-кредит техникумында оқуын жалғастырып, бухгалтер мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын туған ауылынан бастап, тындырымдылығымен, еңбекқорлығымен көзге түседі. Жерлестерінің құрметіне бөленеді. “Аманкелді” кеңшарында бас есепші қызметін атқарып жүргенде аудан басшылығы оған үлкен сенім білдіріп, “партия сарбазына” айналады. Аупарткомның нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі лауазымдарын атқарады. Бұл кезеңді қимас досы Самат Ғабдуллин былай деп тебірене еске алады: “Тәкеңмен алғаш Петропавл педагогикалық институтында таныстым. Халел есімді ауылдасы екеуі білім қуып, құжаттар тапсыруға келген екен. Кейін қызмет бабымен жолымыз түйісіп, тез тіл табысып кеттік. Жаны жайсаң, пейілі кең азаматтың бойын кеу-кеулеген ұлттық намыс ерекшелеп тұратын. Қай салада жүрсе де, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды. Бастық екенін сезінбейтінбіз. Кішілікті кісілік деп түсінетін”.
Талғат Қабиұлының Ленин аупарткомының екінші хатшысы қызметіне жоғарылатуы күтпеген оқиға болған жоқ. Осы лауазымға лайық екенін сан мәрте дәлелдеді. Білімге деген ынта-жігерінің арқасында қосымша экономист мамандығын алып шықты. СОКП жанындағы қоғамдық академияны тамамдады. Бірқатар жауапты қызметтер атқарып, ел дамуына өзінің сүбелі үлесін қосты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өте күрделі кез болды. Осындай алмағайып тұста Тәкең Шал ақын ауданындағы Кеңес Одағының Батыры Ы. Ыбыраев атындағы кеңшардың директоры болып тағайындалды. Заман қиындығына қарамастан, толысқан тәжірибесіне, білімі мен біліктілігіне, ауыл адамдарының ынтымақ-бірлігіне сүйенді. Жылы сөзімен, иманды жүзімен ортақ тіл табыса отырып, үш елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеудің жолдарын қарастырды. Мәдени ошақтардың түтінін өшірмеуге бар күшін салды. Жұртшылықтың намысын қамшылап, еңсесін тіктеген рухани шаралардың басы-қасында жүрді. Ұйымдастыру жұмыстарына тікелей ұйытқы болды, демеушілік көрсетті. Айта жүретін талай шаруалар тындырды. Қолынан келгенше жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – оның өмірлік мұраты. Сыралғы досы Ғабит Қоңырбаевтың Тәкең жайлы айтары аз емес. “Талғат – ұлттық басылымдардың іс жүзіндегі нағыз жанашыры, қолдаушысы. Жылда баспасөзге жазылу науқанына, оның ішінде бәріміз сүйіп оқитын облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің таралуына белсене қатысқанына талай рет куә болдым. “Ыбыраев шаруа қожалығында еңбек ететін барлық қызметкерлерге басылымды өз қаражатына жаздырып бергенін жақсы білемін”.
Иә, ұлтжанды азамат бүгінгі өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелерді көтеруден жалыққан емес. Бірде белсенді оқырмандар мен жанашырлар басын тоғыстырған “дөңгелек үстел” басында шешіле, көсіле сөйлегені бар. “17 мыңнан астам тұрғыны бар Шал ақын ауданында Жаңажол, Қаратал, Кеңес, Ысқақ Ыбыраев секілді іргесі сөгілмеген ауылдар орналасқан. Бірақ біздің ұлтымыз жоғарыдан бұйрық күтіп үйреніп қалған ғой. Қазақылықты сақтап, сүттей ұйып отырған ауылдар өңіріміздегі ұлт газетіне қолдау білдірсе, оқырмандар қалың ормандай көбейе түспей ме? Азаттықтың ақ таңы атқанға дейін тіліміздің, дініміздің үні шықпай келді. Ал енді егемен ел болған тұста неге құлашымызды сермеп, биікке ұмтылмасқа? Сондықтан жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілік танытып, қазақтілді басылымның таралымын арттыруға жанымызды салайық. Міржақып Дулатовтың “Айқапқа” деген өлеңі есіме түсіп отыр: “Жомарттықта бірінші орын алған ел едік, Үш теңгеден өлмеспіз. Кел, мырзалар, берелік, Білгіштердің соңынан, Шұбырып біз де ерелік”, – деген екен асыл азамат. Бағасы қолжетімді газетті жаздырып алған әр адам қаншама рухани құндылықтарды оқи отырып, жан дүниесін байытады”.
Нағыз ұлт, тіл жанашырының кестелі сөзі, мірдің оғындай ойы бұл! Жұмабек Еңсегенов: “Тәкең маған үнемі өзінің ақыл-кеңесін беріп, іс-тәжірибесімен бөлісіп отыратын. Тумасақ та туғандай болып, ағалы-інілідей сыйласып кеттік. Өте қарапайым. Кеуде керу дегенді білмейді. Сабырлы мінезінен, асыл мақсатынан айныған емес. Әттең, сүйікті жары Сәбира Нұрмолдақызы мен үлкен ұлы Рүстемнің қазасы жанына қатты батты”, – деп ағынан жарылады.
Жетпіс атты киелі жастың төріне көтерілген Талғат Қабиұлы – немере-жиендерінің бал тілін қызықтап, жылы мейірімін төккен қадірлі ата. Бауырында өскен тұңғыш немересі Мағжан – бүгінде студент. Ұлы Нұрбақыт – өңірге танымал адвокат. Келіні Әлия – мұғалім. Қызы Динара – заңгер, университетте оқытушы. Күйеу баласы Нұрлан жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Ерен еңбекпен, адамгершілік асыл қасиеттерімен абыройы асқан асыл азаматтың жүріп өткен өмір жолы жастар үшін үлкен үлгі-өнеге болары анық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.