«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛЫ СӨЗ – ЖАНҒА ДӘРУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күні-түні жарғақ құлағы жастық­қа ти­мей, тынымсыз жұмысқа жегіліп, тығырықтан шығар жол іздеп, қауіпті дерттің емін табуға бар білім-білігін, күш-жігерін салып жатқан дəрігерлердің талпынысы ерлікке пара-пар дер едім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қазіргі қысыл-таяң кезеңде алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген дəрігерлер мен медицина қызметкерлеріне қуатты қолдау көрсетіп, зор сенім білдіріп отыр емес пе?!

Ерлікке пара-пар деуім асыра айтқандық емес. Менімен бірге күнде ке­зекшілікке түсетін әр ақ халатты науқастардың өмірін сақтап қалу үшін тыным таппай еңбек етеді. Наурыз айынан бері коронавирустың батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт екенін өз жүрегімізбен сезіндік. Індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсету мақсатында күні-түні жұмыс істеудеміз. Күн сайын біз дертіне дауа, еміне шипа іздеп келген азаматтарды қабылдап, жұмысымызды ерекше жағдайда атқарудамыз. Ауыр індеттен айыққан науқастар тарапынан алғыс арқалағаным мені қанаттандырып, қызметіме деген ықыласымды одан сайын арттыра түсуде. Бүгінде мобильді бригадалардың қызметін реттеп, ішкі тәртіптің болуын бақылаймын. Бригадалардың басты жұмысы науқастарды тексеріп, сырқаттану дәрежесін бағалайды. Сонымен қатар “COVID-19” вирусына күдікті науқастарды полимеразды тізбекті реакциялық тестілеуден өткізеді. Көрсеткіштер бойынша рентгенографияға немесе компьютерлік томографияға жолдама береді. Қандағы оттегінің сатурациясы 93 пайызға төмендеген кезде науқастың жанында консультациялық топ мүшесімен аудио-бейне конференция ұйымдастыра отырып, пульсоксиметрия жүргізеді. “COVID-19” коронавирустық инфекция” диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес дәрілік заттарды тағайын­дайды.

Әрине, дәрігер болу оңай емес. Өйткені, жұмыс барысында қателесуге ха­қың жоқ. Күн сайын алдыңа сан түрлі адам келеді. Олардың әрқайсысына жылы қабақ танытып, шағымдарын мұқият тыңдауың керек. Жылы сөз – ол да дәрі. Осындай қарым-қатынастың өзі науқастың жандүниесіне оң әсер етіп, оның аурудан тез айығуына деген сенімін күшейтеді. Ал сенім адамды сергітеді. Мен көмек сұрай келген әр науқасыма ем тағайындамас бұрын олардың қал-жағдайын сұрап, амандық-саулығын білемін. “Жақсы сөз – жа­рым ырыс”, – демекші, аға ұрпақ өкілдері бұл қылығыма қуанып, алғыстарын жаудырып жатады.

Бірнеше күн бойы сыртқа шықпай, отбасымыздан, туғандарымыздан жырақта болу бізге оңай емес. Дегенмен, жақындарымызға қауіп төндірмес үшін уақытша жағдайға көндігуімізге тура келеді. Жұмысқа арнайы көлікпен, яғни бір ізбен барып, бір ізбен қайтамыз. Ешқайда соқпаймыз. Кейде үйімізге бармай қалатын да кездеріміз болып қалады. Ондайда жатар орын да, ішер тамақ та тегін. Оған қоса, үстемеақымызды да алдық. Бұл бізге моральдық жағынан да, материалдық жағынан да үлкен қолдау деп есептеймін. Мемлекет тарапынан медицина қызметкерлеріне жасалынып жатқан қолдауға өзімнің және барлық дәрігерлердің атынан алғыс білдіремін.

Ұлбасым ҚОЖАХМЕТОВА,

№1 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp