Алаштың арда ұлдары Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқановтар негізін қалаған “Soltústіk Qazaqstan” газетінің 100 жылдығы – өңіріміз үшін мерейлі дата. Ғасыр тойға орай облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов редакция қызметкерлерін құттықтап, марапаттар табыстады.
Биыл елімізде орын алған пандемияға байланысты қарт басылымның 100 жылдығына арнап ауқымды салтанатты шара өткізуге мүмкіндік болмады. Дегенмен, мерейтой атаусыз қалған жоқ. Қаламгерлер арасында бильярд пен шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды, барлық ауданда және Петропавл қаласында оқырмандармен кездесулер өтті, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де басылымның тарихына арналған халықаралық конференция болғанын атап айтқан жөн.
– Үстіміздегі жылдың ақпан айында басылымның алғашқы саны жарыққа шыққанына 100 жыл толды. Оқырмандар үшін бұл айтулы шара. “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі”, – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, ақпараттық қоғам қанша жерден сандық жүйеге көшірілгенімен, көзбен көріп, мазмұнына терең бойлайтын, одан танымдық, сарқылмас нәр алатын баспасөз құралы ешқашан құндылығын жоймайды. Қызылжар өңірінің бір ғасырлық тарихы сарғайған парақтарда сыр болып сақталып, әр жылдардағы саясат, заман өзгерістері мен өзекті мәселелер қатталып тұр, – деген облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов бүгінде редакция құрамы заман талабына сай еңбек етіп отырғанын айтып, аға ұрпақтың игілікті істерін жалғастыратынына сенім білдірді. Ұжымға ризашылығын жеткізіп, шығармашылық табыс, зор денсаулық тіледі.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын іске асыру жөніндегі мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізуге белсенді қатысқаны үшін “Soltústіk Qazaqstan” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы “Ақпарат саласының үздігі” төсбелгісіне ие болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Құрмет грамотасымен бөлім меңгерушілері Қанат Атаманов, Арайлым Бейсенбаева марапатталды. Сондай-ақ, газет ардагері Әлпеш Смағұловаға, редакция қызметкерлері Нұржамал Қосшығұлова, Ләззат Қожабекова, Айгүл Хамзина мен осы жолдардың авторына облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттары табыс етілді. Шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов пен басқарманың қос маманы да Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатына ие болғанын айта кеткен жөн.
“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов ұжымға көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.
– Алаштың ардақтылары қазығын қаққан “Soltústіk Qazaqstan” газеті – ұлттың ұстазы, ақылшысы, сырласы, өңірдің айнасы. Өзінің жақсы дәстүрі бар газет ел басшылығының сындарлы саясатын белсенді насихаттап, ұлтымызды, жерлестерімізді игі мақсаттарға жұмылдыруға өз үлесін қосып келеді. Газетіміздің 100 жылдығы – ерекше мереке, ерекше қуаныш, – деп сөз сабақтаған Жарасбай Қабдоллаұлы жыл бойы өткізілген ғылыми-танымдық, бұқаралық, спорттық шаралардың барлығы газеттің мерейін асыру, оған деген құрметті арттыру үшін жасалып жатқанын атап өтті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.