«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІ МЕКЕННІҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл жаз айында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ақжар ауданындағы Дәуіт елді мекенінде болып, жан жадырататын жарқын істермен танысқанда екі жылдың ішінде үш сүт және мал бордақылау ферма­сын ашқан “Бекет” шаруа қожалығының басшысы Марат Шәпеновтің озық тәжірибесін өзгелерге үлгі еткен болатын.

 Елім десе жүрегі елжірей соғатын азаматтың туған жерінен ұзаған кезі жоқ. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, “Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері”, әкесі Мұхамедияр Шарафиденұлының “ауыл – халқымыздың ұлттық рух алатын қуат күші, мәдениетінің, салт-дәстүрінің сарқылмас қайнар көзі” деген тәлімін бір сәт те естен шығарған емес. Ұл-қыздары асқар тау панасының қоғамның белсенді мүшелерін тәрбиелеу жолындағы жеке үлгісі мен өмірлік ұстанымын толық ақтады. Бірі – спорт мектебін, екіншісі құрылыс компаниясын басқарса, үшіншісі мейрамхана бизнесімен айналысады. Марат та әулеттің қалыптасқан отбасылық дәстүрлерін жалғастыра отырып, мемлекеттік ірі жобаларды жүзеге асыруға белсене араласып келеді. Кәсіпкердің қамқорлығын ауылдастары ғана емес, көршілес бірнеше елді мекен тұрғындары да жете сезініп, оның бұл қарекетін екінің бірі тәуекел ете бермейтін батылдыққа бағалайды. Ел еңсесінің көтерілуі, әлеуметтік-экономикалық жағынан гүлденуі осындай нар тұлғалы азаматтарға байланысты екеніне облыс орталығынан төрт жүз елудей шақырым жерде орналасқан Горький ауылында болғанымызда анық көз жеткіздік. Кезінде осы жаққа жолымыз түскенде жүз шақырым ойқы-шойқы жол әбден титықтатқан еді. Қазір күрделі жөндеу жүргізілгені бірден байқалады, тақтайдай теп-тегіс.

Мараттың бұл ауылды жандан­дыру, аяғынан тік тұрғызу мақсатымен көлемді қаржы құйып, шүмектете тер төгіп жүргені тектен-тек емес. Новосел округі Омбы облысының Полтава ауылымен шектеседі. Горький тың игеру кезінде іргетасы қаланып, мал шаруашылығы да, егіншілік те қатар дамыған. Сірә, шаруашылықтың алғашқы қазығын қағып, өркендеуіне зор еңбек сіңірген Николай Казинецтің Социалистік Еңбек Ері атануы біраз жайттан хабар берсе керек. Одақ ыдырап, экономикалық байланыстар үзілгеннен кейін “Богби” фирмасы иелігіне алған. Бастапқыда жұртшылыққа жақсы қарағанымен, қолы аузына жетіп, ен пайдаға батқаннан кейін уәделескен міндеттемелер сұйылып сала беріпті. Алпауыт компания басшылығының жер телімдерін банкке кепілге қойып, миллиардтаған теңге несие алғаны, бұл қаражатты басқа мақсаттарға жұмсағаны, сөйтіп шаруашылықты банкротқа ұшыратуы секілді заңға қиғаш қылмыстық әрекеттері әшкерелен­генін көрген тұрғындардың біразы болашағынан күдер үзіп, Ресей жаққа көш түзеген. Осындай өліара кезеңге тап келген Марат 2013 жылдан бері “Ақниет-Север” ЖШС-нің директоры Дәуіт Құдияровпен бірлесе отырып, иесіз қалған ауылды мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында өз қамқорлықтарына алады.

– Ресеймен іргелес ауылдардан тұрғындар көшіп жатқанын көргенде шекарамыз ашық-шашық қалғандай көрінеді. Иесіз жатқан жер жау шақырады деп бабаларымыз текке айтпаған. Маған арнайы өкілдер келіп, азып-тозып бара жатқан ауылды жаңғыртуды өтінді. Халықтан әулие емеспіз ғой. 2019 жылы бірінші инвестиция құйылып, алғашқы қадамды жаңа үйлер салып, ескілерін қалпына келтіруден бастадық, – деген кәсіпкер бой көтерген нысандарды аралатып көрсетті.

Тұрғындардың қай-қайсысымен сөйлессек те, әлеуметтік жағдайлардың жасалып жатқанын қуана айтады. Ойдым-ойдым болып қалған асфальт көшелердің біразы бүтінделген. 15 млн. теңге бөлініп, мектептің жылыту қазандығы сыртқа шығарылған. Шатырын жөндеуге 55 млн. теңге жұмсалған. Шағын орталық, балалар, футбол алаңқайы, екі хоккей корты жұмыс істейді. Бұл нысандарды күту, жөндеу – қожалықтың міндетінде. Жас хоккейшілерге спорт киімдері сатып әперілген. Оқушылар – шаңғыдан, хоккейден аудан, жасөспірімдер көкпардан облыс жеңімпазы.

Жыл қорытындылар тұстағы толымды табыстардың бірі – құрылыс кешенінің бой көтеруі. Адамдар енді ауданға сабылмайды. Қажетті құрылыс материалдарын шекесінен шертіп жүріп таңдап алады. Бағасы қолжетімді. Бұрын мұнда құрылыс учаскесі болмаса, қазір бар. 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Біз келердің алдында Ресейден 350 текше метр тақтай жеткізіліп, құрылысшылар үй қоршауларын жасауға кірісіпті. Дайын өнімге сұраныс көп. Мотор жөндейтін, темір жонатын цехтарда да еңбек көрігі қызып тұр. Жолай Александр Козловтың үйіне соқтық. Жалғызілікті жан мүгедек екен. Үйінің айналасына жаңа қоршау орнатылыпты. Аула іші жайнап тұр. Анна Сижевская деген кейуананың 1990 жылдан бері жөндеу көрмеген баспанасы тап-тұйнақтай етіліп, жылыту қазандығы қойылыпты. Жүріп-тұруы қиын Ираның үйі 400 мың теңгеге жөнделген. Айта берсе, мұндай мысалдар көп.

Осы ауылдың байырғы тұрғыны, алдынан жұмыс үркіп отыратын бесаспап маман Бақыт Дүйсенов жақсы өмір іздеп, Ақмола облысының Краснояр ауданына көшіп кеткен екен. Қайтып оралыпты. Неге келдің деп кеудеден итермеген. Бос тұрған үйді жарты миллион теңгеге жөндеп, тегін берген. Андрей Фокин деген азамат та ауылына оралып, жаңа баспанаға орныққан. “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы шеңберінде 8 отбасы ат басын тіреген. Әр отбасына бір сиыр, бес қойдан үлестірілген. Көмір де тегін. Жемазық арзан. Таяудағы мақсат – 30 отбасын қоныстандыру. Оның жолдары нақты, айқын. Мәселен, иесіз қалған 28 үйдің 20-сын қожалық сатып алып, қалпына келтірген. Ал шаруашылық есебінен пай­далануға берілген 12 үйдің әр­қайсысының пайдалы алаңы – 110 шаршы метр. Іргетасының қаланып, қабырғасының көтерілуі тез-ақ, әрі кетсе 4-5 күн кете­ді. Негізінен, Ресейден әкелінген пеноблоктар мен газоблоктар қолданылып, арнайы құрылыс техникаларының көмегімен атқарылады. Орталық алаңға Мәдениет үйін, еңселі супермаркет тұрғызу жоспарланған. Маңайына 84 түп шырша егілген.

Тағы бір қуантатыны, тұрғындар баспаналардың қоршауларын жаппай жаңалауға кіріскен. Қаражаттан қысылса, жаздырып алуға мүмкіндік жасалған. Қаңырап қалған екіқабатты аурухананың бір бөлігі фельдшерлік-акушерлік пунктке айналдырылып, өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, тепловизор, пульса­тор секілді медициналық жабдық­тар сыйға тартылған. Бір бөлігі қонақүй болады деп жобаланған. Оған тақау орналасқан дәмхананың иесі Константинмен әңгімелестік. “Елді мекенде 32 жыл бойы бірде-бір үй тұрғызылмаса, Марат бұл мәселені айна­ласы бірер жылдың ішінде шешіп берді. Аудан орталығында жасөспірімдер үйі бар. Одан 5 баланы оқытып, 2-еуін жұмысқа қабылдады. Үй әперді. Коронавирус індетіне байланысты ФАП-қа 2,3 млн. теңге бөлді. Мұның бәрі – шекара өтіндегі елді мекенді гүлдендіруге бағытталған игі шаралар. Бұл – басқаларға өнеге боларлық бастама”, – дейді ол.

Кәсіпкер инвестиция салғанға дейін ауыл тұрғындарының үштен бірі жүктерін буып-түйіп, көшуге қамданып отырған. Енді көбі ойланған тәрізді. Өйткені, келешекке деген нық сенім бар. Атқарылатын шаруаларды күнілгері ойластырып, Қазақстан инвестициялық қорынан бір ферма 58 млн. теңгеге сатып алынған. Оған 90 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілген. Құдық қазылып, насос қойылып, су жеткізілген. Қазір мұнда 1500 бас ірі қара мен 500 бас жылқы бағылады. Таза тіршілік көзі үй­лердің жанындағы колонкаларға дейін тартылған. Су мұнарасының биіктігі – 94 метр, сыйымдылығы – 600 литр.

– Жергілікті бюджет есебінен Мәдениет үйін салып берсе деген өтінішіміз бар. Мал басы өсіп келеді, ал жайылым тар. Аудан басшылары осы жағын да ескерсе дейміз. “Богби” фирмасымен бірнеше жыл соттасып келеміз. Қайтарылғаны 14 мың гектар ғана. Заңды жер телімдерінің қашан қайтарылары белгісіз. Ауыл тіршілігіне қан жүгірсе, халықтың тұрмысы жақсарады, әлеуметтік жағдайы көтеріледі деген сөз. Сондықтан Марат сияқты қолынан іс келетін кәсіпкерлерге қолдау көрсетілгені, еңбегі орынды бағаланғаны жөн, – дейді ауылдастары.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp