“Nur Otan” партиясының сайлауалды штабы облыс орталығында орналасқан көпсалалы қондырғылар зауытының жұмысшыларымен кездесті. Облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Владимир Бубенко мен Сергей Леонтьев, қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Рашбиль Евдаев, Алла Кувшинова, Анатолий Казановский мен Арман Бердағұлов партияның “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір” сайлауалды бағдарламасы туралы әңгімелеп, онда көрсетілген жеті бағыт бойынша нендей жұмыстар атқарылатынын тілге тиек етті.
Депутаттыққа кандидаттар “Qyzyljar” экономикалық аймағының негізгі міндеттеріне тоқталды. Соңғы жылдары өңірде аграрлық-индустриялық экономикаға басымдық берілуде. Нәтижесінде “Qyzyljar” еркін экономикалық аймағы құрылып, трансформаторлар, ауыл шаруашылығы техникалары, тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар тұрғызылуда. Бұл мақсатқа 160 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған, үш мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақта үш жоба сәтті жүзеге асырылуда. Солардың ішінен ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын “Claаs” компаниясының жаңа зауытын атап айтуға болады. Шетелдік компания биыл ескі ғимаратты қалпына келтіру, асфальт-бетон жамылғыларын төсеу жұмыстарын жүргізді. Жаңа зауыт өз өнімдерін нарық бағасына қарағанда 50 пайыздық жеңілдікпен саудаламақ. Трансформатор шығаратын “Alaqeum Elektric” компаниясы да арнайы экономикалық аймақта құрылысын жүргізуде. Ірі жоба толығымен іске қосылған соң үш жүз жаңа жұмыс орны ашылады. Өнімнің тоқсан пайызы шетелге экспортталады деп күтілуде. Ал түркиялық “YDA Holding” компаниясы тұрғызып жатқан көпбейінді аурухана 2022 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Заманауи ғимараттың жалпы құны 115 млрд. теңгені құрайды. Ауруханада 350 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Осындай жаңалықтармен бөліскен кандидат Алла Кувшинова: “Біздің партия жас ұрпақ өкілдерінің өз елімізде білім алуына бар жағдайды жасауда. Сайлауалды бағдарламада студенттердің шәкіртақысын өсіру туралы айтылған. Сіздердің де балаларыңыз сапалы білім алып, мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы тиіс. Оларды жұмысқа орналастыру мақсатында да “Nur Otan” партиясы үлкен бағдарлама әзірлеп отыр”, – деді.
Партиялықтар барша жұмысшыларды келесі жылдың 10 қаңтарында дауыс беруге үгіттеді.
“Nur Otan” партиясы Солтүстік Қазақстан облысының сайлау қорының қаражатынан төленді.