Кәрілік деген бәле екен. Кейде бүкіл жамандық атаулыны бойына жинап алған сияқты көрінеді бұған. Басы ауырып, балтыры сыздаса да, кәрілікке жабады. Бір күн дұрыс ұйықтаса, келесі күні көз ілмей шығады. Бәріне кінәлі – кәрілік!
…Қанша уақыт ұйқылы-ояу жатқанын өзі де білмейді. Көзі ілінгені сол сияқты еді, түс көрді. Әдетте, шым-шытырық бірдеңелердің ішіне еніп кетіп, көзін ашқаннан кейін түсінде көргендерін қанша есіне түсіргісі келсе де, шашылған тарыдай “оқиғалардың” бас-аяғын жинай алмай мәңгіріп қалатын. Сосын: “Қойшы, түс түлкінің боғы емес пе?” – деп әлгінің бәрін тезірек ұмытуға тырысатын. Бүгін бәрі басқаша. Тіпті, өзінің баласы Дулаттың үйінде жатқанына сенер емес, “Қатира қайда? Жаңа ғана екеуі шай ішіп отыр еді ғой”. Қатираның қабағы түсіңкі. Бұған реніші бар сияқты. Қос жанарын алдындағы ыдыс-аяққа қадап, дастарқан жиналғанша тіс жарған жоқ. Сосын мұның дәм қайыруын күтпей орнынан сүйретіле тұрды да, сыртқа беттеді. Сол бойы шығып кетті. Артына қайырылып қараған да жоқ.
Таң атып келе жатқан сияқты. Сәлден соң бөлменің ішіндегі қою қараңғылық сейіле бастады. Сонда да ол төсегінен тұруға асыққан жоқ. Асыққанда қайда барады? Малы жайланбай жатыр ма? Қазір аядай үйдің опыр-топыры шығады. Алдымен келін тұрады. Сосын балаларды оята бастайды. Бала дегенде бір ұл, бір қыз. Үлкен немересі – мектепке, кішісі балабақшаға барады. Келін – мектепте мұғалім, оның да төсектен тұрған соң артына қарауға шамасы жоқ, бәрін жүре істейді… “Бұл шіркіндер, неге тым болмаса, бір сағат ерте тұрмайды? Бірге отырып тамақтарын ішіп, баратын жерлеріне сосын бармай ма?”. Айтқысы келген. Бірақ мұны тыңдап жатқан ешкім жоқ. “Дулат, болсайшы енді, балалар сабақтан қалады!” …Тарс етіп есік жабылды. Күнде осылай. Содан кешке дейін бұл үйдің есігін ешкім ашпайды. Жалғыз адамның тамағынан ас өте ме, шай қойып ішкен болады…
Кешке тағы солай, біреу қуып келе жатқандай дастарқанның жайылғанынан жиналуы тез. Келін балаларды бол-болдың астына алады: “Сабақ оқимыз, жатыңдар, ертең тұрмайсыңдар!”. Дулаттың да жайы белгілі, жұмыстан шаршайтын да шығар, күн ұзақ селк-селк етіп машина рулінде жүру оңай дейсің бе, апыл-ғұпыл кешкі асын ішеді де, диванға қылжияды. Бұған барсың ба, жоқсың ба деп жатқан бір адам жоқ.
Ойына тағы да Қатира оралды. Түсіне кіруі жай емес. “Ыңқыл-сыңқылы көп еді, әлде, ауырып қалды ма екен?!”. Орта жолда қосылды демесең, жаман адам емес. Кісілігі мол, Шәрбанды жоқтатқан жоқ, әй-шай деспей он жыл тұрды.
“Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін” деген рас екен, жастай қосылған жары Шәрбан ота үстінде қайтып кеткеннен кейін, бұл үшін өмірдің қызығы болмай қалған. Бұл кезде балалардың бәрі жеке-жеке үй болып кеткен. Рас, алғашқы жылы кезектесіп келіп тұрды, бірақ онымен Шәрбанның орны толған жоқ. Осылай Шәрбанның жылын бергеннен кейін тағы екі жылын жалғыздықпен өткізді. Бірде, жазғы демалыс кезі болуы керек, бала-шағасын ертіп келген Ақтауда тұратын үлкен қызы Айнаш кетерінде: “Әке, енді анамыз қайтып келмейді, осылай жалғыздан жалғыз отыра бересің бе?” – деп әңгіме бастаған. “Отырмағанда қайда барамын? “Басқа түссе, баспақшыл” деген, деп күмілжіді бұл. Балалардың бәрі алыста. Қыздардың қолына қалай кіремін?!”.
– Дулат бар ғой.
– Әй, сол Дулатыңды қойшы. Тіпті, соның аузынан әке деген сөз шықпайды ғой. Аналарың ата-әжесінің бауырына өз қолымен салып еді. Сонымыз дұрыс болмады-ау деймін. Тіпті, бізді бір бөтен адамдай көреді.
– Онда, қартайып отырған жоқсыз… Айман сөзінің соңын жеп қойды. Бұл бәрін түсінді. “Маған алаңдама, ел іші ғой, маңдайға не жазылса, соны көремін”.
Алпысқа сол жылы толды. Бір ауылда тұратын аталас туысы Сәлім бірде: “Осылай жүре бересің бе, “екі жарты – бір бүтін” деген, әйелсіз үйдің жайы белгілі ғой, енді жүре берудің сәні жоқ, жалғыз отырған әйелдер бар ғой, солардың біреуін үйге кіргіз”, – деген әй-шай жоқ. “Қазіргі заманның кемпірлері шалға тиіп, біреудің кірін жуғаннан гөрі жалғыз отырғанды жөн көреді. Мына тұрған Ұзынкөлде ана жылы қайтқан Ерғалидың кемпірі жалғыз отыр. Өзі кемпір дейтін кемпір де емес, өзің шамалас. Жалғыз қызы тұрмыста. Соған сөз салып көрсек қайтеді?”. Бұл өзің біл дегендей, уәж қайтарған жоқ. Ақыры не керек, Қатираға дәм осы үйден бұйырды. Біреулер тамырын басып көрген екен, “Жалғыздық Құдайға ғана жарасады деп бекер айтпаған ғой, шаршадым, тіпті, жынданып кетпей жүргеніме таңғаламын”, – деп кет әрі емес екенін білдіріпті.
Момын, артық сөзі жоқ адам екен. Тез тіл табысып кетті. Аз ғана күннің ішінде шаңырақтың шырайы кіріп қалды. Ыдыс-аяғы таза, үйдің ішін де сиырып, сипап отырады. Тамақтың да бабын біледі екен. Әйтеуір, мұны жүдеткен жоқ. Осылай он жылдың қалай өткенін де байқамай қалды.
Жасы ұлғайған адамға ауру-сырқау үйір болады ғой. Жетпісті артқа тастағаннан кейін Қатираның да ыңқыл-сыңқылы көбейді. Бірақ өзі дәрігерден шошып тұрады екен, ауруханаға жатсаң қайтеді деп көріп еді, ат-тонын ала қашып, азар да безер болды. Сонда да бұл қоярда қоймай ауруханаға апарған. Онда баяғы тәртіп жоқ екен, портал дей ме, әйтеуір, бұл түсіне бермейтін бірдеңелерді айтып, кезегіңіз келгенде өзіміз шақырамыз деп шығарып салды. “Ау, сонда қалай, ауруы жанына батып тұрса да қабылдамайсыздар ма?”. “Заң солай”. “Ондай заңдарың бар болсын!..”. Басқа не айтады. Содан кейін бұл да, кемпірі де аурухана деп аузын ашқан жоқ.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін Қатира шай үстінде тағы бір әңгіменің шетін шығарды. Көптен жүзіне көз тоқтатып қарамаған да екен, жанары солғын тартып, жақ еттері суалып қалыпты. Жүдегені көрініп тұр.
– Менің сүйретіліп әзер жүргенімді байқайтын шығарсың? Әйтеуір, бүйірім шаншады да тұрады…
Ол ішіп отырған шайына шашалып қала жаздады.
– Ауданға тағы барып қайтайын, әлгі не деуші еді?.. Хабар болмады ғой…
– Жоқ. Қайтесің әуре болып. Менің айтайын деп отырғаным басқа әңгіме. Маған рұқсат бер.
– Түкке түсінсем бұйырмасын? Түсіңнен шошып оянғандай бұл не әңгіме?
– Көп ойландым, қызыммен де ақылдастым. Соның қолына барғаным дұрыс деп шештім.
– Ойының ба, шының ба? Әлде маған ренжіп отырсың ба?
– Жоқ. Саған қалай ренжимін. Он жыл болса да жақсы тұрдық. Әлі де тұғырдан тая қойған жоқ сияқты едік, бірақ мына аурудың беті жаман, мені алып ұратын сияқты. Бүгін болмаса, ертең жатып қалсам, сенің жайың не болады?!
– Қайдағы жоқты айтпашы, осы күні кім ауырмайды? Бетін аулақ қылсын… Өзім күтемін! Неге болсын шыдаймын! Жамандықты шақырма!
Қатира айтқанынан қайтар емес.
– Далада қалдырмайтыныңды білемін ғой… Рұқсатыңды бер. Қызымның табалдырығынан өз аяғыммен аттайын…
Осыдан кейін екеуі бір сәт үнсіз қалды. Катира мен айтарымды айттым, сенің “иә” деген бір ауыз сөзің ғана керек деп отырған сияқты. “Япырм-ау, осындай қиын әңгімеге тап боламын деп ойлап па еді?! Осыған дейін ауруы қанша жанына батса да маған сездірмей келген екен ғой?..”.
– Катира, ойлансаң қайтеді? Асықпайық. Былайғы жұрт не дейді? Қартайғанда бұларға не жоқ деп күлмей ме? Сосын осы үйде состиып жалғыз қалып мен не істеймін?
– Балалар бар ғой, солардың біреуі қолдарына алар.
– …
Ақыры не керек, Қатираның айтқаны болды. Мұның “үйді, малды сатайық, жартсын сен ал, бір қажетіңе жарар” дегеніне де қараған жоқ, “менің осы үйге жеңіл чемоданмен келгенімді білесің, жиған-тергенімді жалғыз қызға тастап кеткем, шүйкедей кемпірді асырар, асырамаса тағы көре жатармын”, – деп сырт киім, көйлек-көншігінен басқа ештеңеге қол тигізген жоқ…
Мұның содан бері көргені осы. Өзі айтқандай, жиған-тергенін сатып, одан түскен ақшаны баласының қолына ұстатқан. Өз басына зейнетақысы да жетіп жатыр. Үйден ұзап шықпағанына төрт-бес ай болып қалды-ау деймін. Жат жер, бейтаныс адамдар. Кәрі шал кімге керек, үйге сыймай есік алдына шығып отырған бұған біреуі амандасса, біреуі көрмегендей өте шығады. Оған да көнді. Өз балаң өзектен теуіп, хал-жағдайыңды сұрамаса, көнбегенде қайда барасың?! Оларға бұдан қолдарындағы қара телефондары қымбат. Таңертеңнен кешке дейін қолдарынан түспейді. Соған қайта-қайта жалтақтап тамақтарын да дұрыс ішпейді. Төсекте бастарының қосылғаны болмаса, отбасы деген аты ғана, адам сияқты бір шүйіркелесіп отыру, ортақ мәселелерді ойластыру жоқ. Баяғының балалары бос уақыттарында кітап оқушы еді. Бұларда ол да жоқ. Бара-бара не болар екен?!
“Қатираның жағдайы қалай екен?”. Алғашқы кездері анда-санда болса да телефон шалып, амандық сұрасып тұрушы еді, хабарласпағалы біраз уақыт болыпты-ау. Ол жанқалтасын сипалап, телефонын іздей бастады. “Қатира, Қатира…қазір, қазір…”. Дыбыс барып тұр. Тек Қатирада үн жоқ. “Әлде ауырып қалды ма екен?.. Неге көтермей жатыр?” Ол дегбірсізденіп, өзіне таныс цифрларды тағы да терді. Бұл жолы аржақтан Қатираның “әл-лө” деген дауысы естілді.
– Қатира, Қатира!!!
– Әкесі, сенсің бе? Амансыңдар ма?
– Тиышпыз. Өздерің амансыңдар ма? Телефоныңды көпке дейін көтермедің, шошып қалдым. Денсаулығың қалай?
– Денсаулықтың несін сұрайсың. Тағы да ауруханаға жатып, жамап-жасқап келдім. Өзің қалайсың?
“Менің де халімді сұрайтын адам бар екен-ау?!”. Оның қолдары дірілдеп, даусы да біртүрлі тұншығып шықты.
– Ауруханаға түскеніңді неге айтпадың? Әлде жетім шал деп біржола есептен шығарып тастадың ба?
– Құдайға шүкір, балаларың бар, сені жетім деп кім айтады?
– Жарайды, қазір телефонмен басыңды қатырмай-ақ қояйын. Бәрін кездескеде айтармын…
– Кез-дес-кенде?..
Таңданып айтты ма, қуанып айтты ма, Қатираның осы сөзі біртүрлі естілді. Көмейіне кептелген өксікке тұншығып сөйлей алмай қалды.
Осыдан кейін Сәлімнен маза кетті. Қабырғадағы сағатқа қарады. Күмәжнегін іздеді. “Қой, ерте күнді кеш қылмайын…”. Ол осылай өзімен-өзі сөйлесіп жүріп, қалай киінгенін, орталықтағы аялдамаға қалай жеткенін де аңғармай қалды. Автобус көрінбейді. Екі-үш жеңіл машина тұр екен, соларға жақындады. Біреуін шырамытқандай болды, өздерімен бір көшеде тұратын, Дулат теңдес Қадіржан деген жігіт.
– Қадіржанбысың? – деді жақындап келіп.
– Ассалаумағалейкүм, ата, бір жаққа барайын деп пе едіңіз?
– Иә, Жекекөлге баруым керек.
– Қай Жекекөл? Ондай ауыл Есіл ауданында да бар ғой.
– Жамбыл ауданы, бұрын орталық болған.
– Благовещенка десеңізші.
– Иә, сол ауыл.
– Жердің түбі ғой.
– Алыс-жақыныңда нең бар, қиқаңдамай мені сонда жеткіз, ақшаңды беремін. Айтпақшы, сен біздің Дулатты білесің ғой, соған менің ауыл жаққа кеткенімді айта салшы.
“Жақсы” деген жүргізуші жігіт келіскенін білдіріп, көлігіне қарай беттеді. Шетелдік жүйрік көлікке жер алыс па, екі сағат өтті ме, өтпеді ме, Жекекөлдің де төбесі көрінді.
Орталықтағы базардың жанында түсіп қалған қарт сұрастырып жүріп іздеген үйін тез тауып алды. Биік дуалмен қоршалған шағын үй екен. Ақырын сыртқы есікті итеріп еді, ашылып кетті. Қора-қопсы көрінбейді. Соған қарағанда үй иелері мал ұстамайды. “Қазіргілердің қайсысы болмасын, мал десе шошып тұрады. Қатира дүкеннің тамағына қарап қалған екен ғой”. Ол үсті-басын қағып, баспалдаққа аяғын іліктіре бергені сол еді, сыртқы есік айқара ашылып, алдында тұрған Қатираны көрді. “Сәлімсің бе? Сенейін бе, сенбейін бе, мана ғана үйде отырмын деп едің ғой?!”. Ол үн-түнсіз Қатираны бас салып құшақтай алды. Содан кәдімгідей солқылдап жыласын ай кеп. Қатираның да көңілі босап, бұған қосыла кетті. Сәлден соң: “Қой, біреу көріп қалса, ұят болар, үйге кірейік”, – деді. “Көрсе, көре берсін”. Сәлімнің екі иығы селк-селк етеді.
Қатира үйде жалғыз екен.
– Жоғары шық, деп бәйек болып жатыр.
– Балалар қайда?
– Қыз-күйеу жұмыста, балалар да үйде тұрмайды, жатарда бастары әзер қосылады. Таңертеңнен кешке дейін екі көзім төрт болып соларды күтіп отырамын.
– Е-е, сен де менің кебімді киген екенсің ғой. Біздің жасымыздағылардың бәрі де солай шығар-ау? Бұл өмірде біз үшін енді не қызық қалды?
– Әкесі, олай демеңіз. Балаларда да кінә жоқ, қайтсін?! Қазір өмірдің өзі де аласапыран, біртүрлі болып кетті ғой. Жайғаса бер, мен шай қоя қояйын.
Сәлім өзіне-өзі келіп, жан-жағына көз тоқтатты. Үйдің іші тап-тұйнақтай. Көлденең жатқан ештеңе жоқ. Соған қарағанда Қатира қарап отырмайды.
Кешікпей шай да келді.
– Ал, сөйле, бұл жақта қайдан жүрсің?
– Сені іздеп келдім.
– Сағынып қалдым десейші.
– Сағынғаны сол, сенсіз тұра алмайтынымды түсіндім.
Қатираның кірпігіне мұң ілінді.
– Өзің жүдеп кетіпсің ғой, әлде, келінің күтпей ме?
– Олар жеген тамақты мен де жеймін, тек жалғыздық қажытып болды. Өткенде ауырып қалдым деген соң сенің айтқаныңнан шыға алмап едім. Бәрі бекер болыпты. Кім бұрын кетеді – бәрі Құдайдың қолында ғой. Басқа түскенді көріп алмаппын. Қазір денсаулығың қалай?
– Шүкір, екі рет ауруханаға жатып шықтым. Басында жаман аурудың құрығына іліктім бе деп зәре-құтым қалмап еді, одан аман екем. Дәрісін ішіп үй ішінде жүріп-тұруға жарап қалдым.
– Жарайды, жарайды, ауырма! Әлде менен құтылу үшін жасаған қулығың ба?
– Ой, отағасы, сен де айтасың-ау, он жыл тұрдық. Маған сенен жақын кім бар еді?! Балалардың өз қызықтары өздерінде. Өзің қалайсың?
– Жалғыздықтың зардабын тартып жүрген жайым бар… Жетіммін!
– Қайдағы жетімдік, он бала тәрбиелеп өсірген адам жетім бола ма?
– Солайы солай ғой, бірақ заман өзгеріп кетті ме, бізді керек қылып жатқан бала жоқ. Бұл өзі тек менің басымдағы жағдай емес-ау деймін. Бара-бара бүкіл қоғам осындай дертке шалдыға ма деп қорқамын. Осындай да құбылмалы заман болады деп кім ойлаған?! Мен өзім ата-анамның қасында болайын деп мектеп бітірген соң ешқайда ұмтылған жоқпын. Он алты жасымда тракторды тізгіндедім, содан зейнет демалысына шыққанша түскен жоқпын. Өзің де қырық жыл мұғалім болдым деуші едің ғой. Қазіргілерде ол жоқ. Таңертең бір жұмысқа кетсе, кешке басқа қызметке ауыстым деп келіп тұрады. Бірді айтып, бірге кеттім-ау, көп сөздің тоқетері – бірге тұрайық.
Қатира өз құлағына өзі сенбегендей, бұған тесіле қалыпты. Сәлден соң езуіне күлкі үйірілді.
– Өзің жұрт не дейді деуші едің ғой, жұрт не дейді? Әлгі телевизордан көрсетіп жататын шетелдің, ақшасын қайда шашарын білмейтін, еріккен байларының кебін киіп жүрмейік. Олар бүгін ажырасса, жарты жылдан кейін қайта қосылып, той жасап жатушы еді ғой. Күлкінің көкесі сонда болады. Алжыды дей ме, жынданды дей ме? Даңқымыз бүкіл елге жайылады.
– Жұрт не десе, о десін. “Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек” деуші ме еді, қазір оны ойлайтын жайым жоқ. Келісіміңді бермесең, ертең тура қарттар үйіне тартамын.
– Қой, қайдағы жоқты айтпа!
Қатира мына сөздерден, шынында да, шошып кетті. Аузына сөз түспей, басын төмен салбыратып ұзақ отырды.
– Ойының ба десем, шындап барасың ғой…
– Қайдағы ойын?! Сүйретіліп жүргенім болмаса, тірі өлікпін! Мені аясаң, өтінішімді аяқасты ете көрме! О баста да бізді Құдай қосқан шығар? Бірге тұрайық. Не болса да бірге көрейік!
Қатира үнсіз. Шай жайына қалды. “Шынына келсе, өзінің де жағдайы оңып тұрған жоқ. Бұл да тірі жетім! Өткенде күйеу баласының біреуге “үйге алаңдамаймыз, тірі құлпымыз бар ғой” деп жатқанын құлағы шалып қалған. Иә, мұның да күні босаға күзетумен өтіп жатыр. Шіркін, қасыңда өзіңді түсінетін, шүйіркелесіп сырласатын жан болғанға не жетсін?!”.
– Қызық болды-ау өзі? Балаларға не айтамыз? Балаларына сыймады деген сөзге қалатын болдық қой…
Қатираның беті бері қарай бастағанын сезген Сәлім “суға кеткен тал қармайды” дегендей, бастырмалата жөнелді:
– Балалар іштен шыққан сұр жылан емес пе, біздің айтқанымыздан шығып қайда барар дейсің, айтайық, түсіндірейік, жалынайық, жалбарынайық… Аяғыма жығыл десең, жығылайын. Сенің бір ауыз сөзің?! Енді артынып-тартынып ешқайда бармаймын десең, оған да көндім. Осы ауылдағылар да қотарылып көшіп жатыр ғой, бос үйлер көп, солардың бірін жалдайық. Сатып ал десең, сатып аламын!
Қатира сөз таппағандай күлімсіреп, басын шайқай береді. “Қызық болды-ау, қызық болды-ау?!..”.
Сәлімнің екі көзі Қатирада. Әне-міне, “иә” дейтін сияқты. “Сол сөз аузынан шыққанда жүрегі құрғыр сыр бермесе жарайды ғой?”. Расында да, жүрегі дүрсілдеп, кеудесіне сыймай, аузына тығылды. Сәлден соң көзінің алды бұлдырап, астындағы орындығы теңселіп кеткендей болды… Одан әрі не болғаны есінде жоқ.
…Ол есін жиып көзін ашқанда, аяқ жағында отырған Қатираны көрді.
– Қатира!
– Иә, менмін, қасыңда отырмын. Зәремізді алдың ғой, қозғалма, дәрігер қозғалмасын деп кетті.
– Дәрігер?! Қайдағы дәрігер?! Мен қайда жатырмын?
– Үйдесің. Алаңдама. Дәрігер: “Бәрі жақсы болады, жүйкесі жұқарған, оған денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ”, – деді.
– Қатира!
–Үндеме. Не айтатыныңды білемін. Бәрі шешілді. Балалар қарсы емес. Мына көрші үй көптен бос тұр еді, иесімен келісіп, жинастырып жатыр. Аманшылық болса, ертең сонда көшеміз. “Жазымыштан озымыш жоқ” дейді ғой, бұл да Алланың қалауымен болып жатқан шығар, балалардың қасында болайық.
Қатираның мына сөздеріне сенерін де, сенбесін де білмеген Сәлім сұлқ жатыр. Осы сәтте құрғақшылықтан кезенесі кеуіп қалған жер сияқты көзінің алдын торлаған қатпар-қатпар әжім іздерімен бір тамшы жас төмен қарай домалай берді.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.