«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІМ ШАЛ (Әңгіме)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәрілік деген бәле екен. Кейде бүкіл жамандық атаулыны бойына жинап алған сияқты көрінеді бұ­ған. Басы ауырып, балтыры сыз­даса да, кәрілікке жабады. Бір күн дұрыс ұйықтаса, келесі күні көз ілмей шығады. Бәріне кінәлі – кә­рілік!

…Қанша уақыт ұйқылы-ояу жат­қанын өзі де білмейді. Көзі ілінгені сол сияқты еді, түс көрді. Әдетте, шым-шытырық бірдеңелер­дің іші­не еніп кетіп, көзін ашқаннан кейін тү­сінде көргендерін қанша есіне тү­сіргісі кел­се де, шашылған та­ры­дай “оқиғалардың” бас-аяғын жинай алмай мәңгіріп қалатын. Сосын: “Қойшы, түс түлкінің боғы емес пе?” – деп әлгінің бәрін те­зі­рек ұмытуға тыры­са­тын. Бүгін бә­рі басқаша. Тіпті, өзінің баласы Ду­латтың үйінде жатқанына сенер емес, “Қатира қайда? Жаңа ғана екеуі шай ішіп отыр еді ғой”. Қати­раның қабағы түсіңкі. Бұ­ған реніші бар сияқты. Қос жанарын алдын­дағы ыдыс-аяққа қадап, дастар­қан жинал­ған­ша тіс жарған жоқ. Со­сын мұның дәм қайыруын күт­пей орнынан сүйретіле тұрды да, сыртқа беттеді. Сол бойы шығып кетті. Артына қайырылып қараған да жоқ.

Таң атып келе жатқан сияқты. Сәлден соң бөлменің ішіндегі қою қараңғылық сейі­ле бастады. Сон­да да ол төсегінен тұруға асық­қан жоқ. Асыққанда қайда барады? Ма­лы жайланбай жатыр ма? Қазір аядай үй­дің опыр-топыры шыға­ды. Алдымен келін тұрады. Сосын балаларды оята бастайды. Бала де­генде бір ұл, бір қыз. Үлкен не­ме­­ресі – мектепке, кішісі бала­бақ­шаға бара­ды. Келін – мектепте мұ­ға­лім, оның да тө­сек­тен тұрған соң артына қарауға шамасы жоқ, бәрін жүре істейді… “Бұл шіркіндер, не­ге тым болмаса, бір сағат ерте тұр­май­ды? Бір­г­е отырып тамақтарын ішіп, баратын жер­леріне сосын бар­май ма?”. Айтқысы кел­ген. Бірақ мұны тыңдап жатқан ешкім жоқ. “Ду­лат, болсайшы енді, бала­лар са­бақ­­тан қа­ла­ды!” …Тарс етіп есік жабылды. Күнде осы­лай. Со­дан кешке дейін бұл үйдің есігін еш­кім ашпайды. Жалғыз адамның та­мағынан ас өте ме, шай қойып ішкен бола­ды…

Кешке тағы солай, біреу қуып ке­ле жат­қан­дай дастарқанның жа­йылғанынан жи­налуы тез. Келін ба­лаларды бол-болдың астына алады: “Сабақ оқимыз, жатыңдар, ертең тұрмайсыңдар!”. Дулаттың да жайы белгілі, жұмыстан шар­шайтын да шығар, күн ұзақ селк-селк етіп машина рулінде жү­ру оңай дейсің бе, апыл-ғұпыл кеш­кі асын ішеді де, диванға қылжия­ды. Бұған барсың ба, жоқсың ба деп жатқан бір адам жоқ.

Ойына тағы да Қатира оралды. Түсіне кіруі жай емес. “Ыңқыл-сың­­қылы көп еді, әл­де, ауырып қал­ды ма екен?!”. Орта жолда қо­сылды демесең, жаман адам емес. Кісілігі мол, Шәрбанды жоқ­тат­қан жоқ, әй-шай деспей он жыл тұрды.

“Орта жолда атың өлмесін, ор­та жаста қа­тының өлмесін” деген рас екен, жастай қосылған жары Шәрбан ота үстінде қайтып кет­кен­нен кейін, бұл үшін өмірдің қы­зығы бол­май қалған. Бұл кезде ба­лалардың бәрі жеке-жеке үй бо­лып кеткен. Рас, алғашқы жылы ке­зектесіп келіп тұрды, бірақ оны­мен Шәрбанның орны толған жоқ. Осылай Шәр­банның жылын бер­ген­нен кейін тағы екі жы­лын жал­ғыздықпен өткізді. Бірде, жазғы де­малыс кезі болуы керек, бала-ша­ғасын ер­тіп келген Ақтауда тұ­ратын үлкен қызы Ай­наш ке­те­рін­де: “Әке, енді анамыз қайтып кел­мейді, осылай жалғыздан жал­ғыз отыра бересің бе?” – деп әңгі­ме бас­таған. “Отыр­мағанда қайда барамын? “Басқа түссе, бас­пақ­шыл” деген, деп күмілжіді бұл. Ба­ла­лар­дың бәрі алыста. Қыздар­дың қолына қалай кіремін?!”.

– Дулат бар ғой.

– Әй, сол Дулатыңды қойшы. Тіпті, со­ның аузынан әке деген сөз шықпайды ғой. Аналарың ата-әжесінің бауырына өз қолы­мен са­лып еді. Сонымыз дұрыс болма­ды-ау деймін. Тіпті, бізді бір бөтен адамдай көреді.

– Онда, қартайып отырған жоқ­сыз… Ай­ман сөзінің соңын жеп қой­ды. Бұл бәрін тү­сінді. “Маған алаң­дама, ел іші ғой, маң­дайға не жазылса, соны көремін”.

Алпысқа сол жылы толды. Бір ауылда тұ­ратын аталас туысы Сә­лім бірде: “Осылай жүре бересің бе, “екі жарты – бір бүтін” де­ген, әйелсіз үйдің жайы белгілі ғой, ен­ді жү­ре берудің сәні жоқ, жалғыз отырған әйел­дер бар ғой, солар­дың біреуін үйге кіргіз”, – деген әй-шай жоқ. “Қазіргі заманның кем­пір­лері шалға тиіп, біреудің кірін жуғаннан гөрі жалғыз отырғанды жөн көреді. Мына тұрған Ұзынкөл­де ана жылы қайтқан Ер­ға­лидың кемпірі жалғыз отыр. Өзі кемпір дей­­тін кемпір де емес, өзің шама­лас. Жалғыз қы­зы тұрмыста. Со­ған сөз салып көрсек қай­теді?”. Бұл өзің біл дегендей, уәж қайтар­ған жоқ. Ақыры не керек, Қатираға дәм осы үйден бұйырды. Біреулер тамырын басып көрген екен, “Жал­ғыздық Құдайға ғана жа­ра­сады деп бекер айтпаған ғой, шар­ша­дым, тіпті, жынданып кетпей жүргеніме та­ңға­ла­мын”, – деп кет әрі емес екенін біл­діріпті.

Момын, артық сөзі жоқ адам екен. Тез тіл табысып кетті. Аз ға­на күннің ішінде ша­ңырақтың шы­райы кіріп қалды. Ыдыс-аяғы таза, үйдің ішін де сиырып, сипап оты­ра­ды. Тамақтың да бабын біледі екен. Әйтеуір, мұны жүдеткен жоқ. Осылай он жылдың қалай өткенін де байқамай қалды.

Жасы ұлғайған адамға ауру-сырқау үйір болады ғой. Жетпісті артқа тастағаннан ке­йін Қатира­ның да ыңқыл-сыңқылы көбейді. Бі­рақ өзі дәрігерден шошып тұра­ды екен, ауруханаға жатсаң қай­теді деп көріп еді, ат-тонын ала қа­шып, азар да безер болды. Сон­да да бұл қоярда қоймай ауруханаға апарған. Онда баяғы тәртіп жоқ екен, пор­тал дей ме, әйтеуір, бұл түсіне бермейтін бір­деңелерді ай­тып, кезегіңіз келгенде өзі­міз ша­қы­рамыз деп шығарып салды. “Ау, сонда қалай, ауруы жанына батып тұрса да қабылдамайсыз­дар ма?”. “Заң солай”. “Ондай заң­дарың бар болсын!..”. Басқа не ай­та­ды. Содан кейін бұл да, кемпірі де аурухана деп аузын ашқан жоқ.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін Қатира шай үстінде тағы бір әңгіменің шетін шы­ғар­ды. Көптен жүзіне көз тоқтатып қарама­ған да екен, жанары солғын тартып, жақ ет­тері суалып қалыпты. Жүдегені көрініп тұр.

– Менің сүйретіліп әзер жүрге­німді бай­қайтын шығарсың? Әй­те­уір, бүйірім шан­шады да тұра­ды…

Ол ішіп отырған шайына шаша­лып қала жаздады.

– Ауданға тағы барып қайта­йын, әлгі не деуші еді?.. Хабар болмады ғой…

– Жоқ. Қайтесің әуре болып. Ме­нің ай­тайын деп отырғаным басқа әңгіме. Маған рұқсат бер.

– Түкке түсінсем бұйырмасын? Түсіңнен шошып оянғандай бұл не әңгіме?

– Көп ойландым, қызыммен де ақылдас­тым. Соның қолына бар­ға­ным дұрыс деп шештім.

– Ойының ба, шының ба? Әлде маған ренжіп отырсың ба?

– Жоқ. Саған қалай ренжимін. Он жыл бол­са да жақсы тұрдық. Әлі де тұғырдан тая қойған жоқ сияқты едік, бірақ мына ау­рудың бе­ті жаман, мені алып ұратын сияқ­­ты. Бүгін болмаса, ертең жа­тып қалсам, сенің жайың не бо­лады?!

– Қайдағы жоқты айтпашы, осы күні кім ауырмайды? Бетін аулақ қылсын… Өзім кү­темін! Неге бол­сын шыдаймын! Жамандық­ты шақырма!

Қатира айтқанынан қайтар емес.

– Далада қалдырмайтыныңды бі­лемін ғой… Рұқсатыңды бер. Қызымның табал­ды­ры­ғынан өз аяғыммен аттайын…

Осыдан кейін екеуі бір сәт үнсіз қалды. Катира мен айтарымды айттым, сенің “иә” деген бір ауыз сөзің ғана керек деп отырған сияқты. “Япырм-ау, осындай қиын әңгімеге тап боламын деп ойлап па еді?! Осыған дейін ауруы қанша жанына батса да маған сездірмей келген екен ғой?..”.

 

– Катира, ойлансаң қайтеді? Асық­пайық. Былайғы жұрт не дей­ді? Қартайғанда бұ­лар­ға не жоқ деп күлмей ме? Сосын осы үй­де состиып жалғыз қалып мен не іс­теймін?

– Балалар бар ғой, солардың бі­реуі қолдарына алар.

– …

Ақыры не керек, Қатираның айт­қаны бол­ды. Мұның “үйді, мал­ды сатайық, жартсын сен ал, бір қа­же­тіңе жарар” дегеніне де қа­раған жоқ, “менің осы үйге жеңіл чемо­дан­мен келгенімді білесің, жиған-тергенімді жалғыз қызға тастап кеткем, шүйкедей кем­пірді асы­рар, асырамаса тағы көре жатар­мын”, – деп сырт киім, көйлек-көн­шігінен басқа ештеңеге қол тигізген жоқ…

Мұның содан бері көргені осы. Өзі айт­қандай, жиған-тергенін са­тып, одан түскен ақ­шаны бала­сы­ның қолына ұстатқан. Өз басына зейнетақысы да жетіп жатыр. Үй­ден ұзап шықпағанына төрт-бес ай болып қал­ды-ау деймін. Жат жер, бейтаныс адамдар. Кәрі шал кімге керек, үйге сыймай есік ал­дына шығып отырған бұған біреуі амандас­са, біреуі көрмегендей өте шығады. Оған да көнді. Өз ба­лаң өзектен теуіп, хал-жағ­дайың­ды сұрамаса, көнбегенде қайда бара­сың?! Оларға бұдан қолда­рын­дағы қара те­лефондары қым­бат. Таңертеңнен кешке де­йін қол­дарынан түспейді. Соған қайта-қай­та жалтақтап тамақтарын да дұрыс ішпей­ді. Төсекте бастары­ның қосылғаны болма­са, отбасы деген аты ғана, адам сияқты бір шү­йіркелесіп отыру, ортақ мәсе­лелерді ой­ластыру жоқ. Баяғының балалары бос уа­қыттарында кітап оқушы еді. Бұларда ол да жоқ. Бара-бара не болар екен?!

“Қатираның жағдайы қалай екен?”. Ал­ғашқы кездері анда-санда болса да теле­фон шалып, аман­дық сұрасып тұрушы еді, ха­барласпағалы біраз уақыт болып­ты-ау. Ол жанқалтасын сипалап, телефонын із­дей бастады. “Қати­ра, Қатира…қазір, қа­зір…”. Дыбыс барып тұр. Тек Қатирада үн жоқ. “Әлде ауырып қалды ма екен?.. Неге көтермей жатыр?” Ол дег­бірсізденіп, өзіне таныс цифрлар­ды тағы да терді. Бұл жолы ар­жақтан Қатираның “әл-лө” деген дауысы естілді.

– Қатира, Қатира!!!

– Әкесі, сенсің бе? Амансың­дар ма?

– Тиышпыз. Өздерің амансың­дар ма? Телефоныңды көпке дейін көтермедің, шошып қалдым. Денсаулығың қалай?

– Денсаулықтың несін сұрай­сың. Тағы да ауруханаға жатып, жа­мап-жасқап кел­дім. Өзің қалай­сың?

“Менің де халімді сұрайтын адам бар екен-ау?!”. Оның қол­дары дірілдеп, даусы да біртүрлі тұншығып шықты.

– Ауруханаға түскеніңді неге айтпадың? Әлде жетім шал деп бір­жола есептен шы­ғарып таста­дың ба?

– Құдайға шүкір, балаларың бар, сені жетім деп кім айтады?

– Жарайды, қазір телефонмен басыңды қатырмай-ақ қояйын. Бәрін кездескеде айтармын…

– Кез-дес-кенде?..

Таңданып айтты ма, қуанып айт­ты ма, Қатираның осы сөзі бір­түрлі естілді. Кө­мейіне кептелген өксікке тұншығып сөйлей алмай қалды.

Осыдан кейін Сәлімнен маза кетті. Қа­быр­ғадағы сағатқа қара­ды. Күмәжнегін із­де­ді. “Қой, ерте күнді кеш қылмайын…”. Ол осы­лай өзімен-өзі сөйлесіп жүріп, қа­лай киінгенін, орталықтағы аялда­маға қалай жеткенін де аңғармай қалды. Автобус көрін­бейді. Екі-үш жеңіл машина тұр екен, со­лар­ға жа­қындады. Біреуін шырамыт­қан­дай болды, өздерімен бір көшеде тұратын, Дулат теңдес Қадіржан деген жігіт.

– Қадіржанбысың? – деді жа­қындап келіп.

– Ассалаумағалейкүм, ата, бір жаққа ба­райын деп пе едіңіз?

– Иә, Жекекөлге баруым керек.

– Қай Жекекөл? Ондай ауыл Есіл ауда­нында да бар ғой.

– Жамбыл ауданы, бұрын орталық бол­ған.

– Благовещенка десеңізші.

– Иә, сол ауыл.

– Жердің түбі ғой.

– Алыс-жақыныңда нең бар, қиқаңдамай ме­ні сонда жеткіз, ақшаңды беремін. Айт­пақшы, сен біздің Дулатты білесің ғой, со­ған менің ауыл жаққа кеткенімді айта сал­шы.

“Жақсы” деген жүргізуші жігіт келіскенін білдіріп, көлігіне қарай беттеді. Шетелдік жүйрік көлікке жер алыс па, екі сағат өтті ме, өт­пе­ді ме, Жекекөлдің де төбесі көрінді.

Орталықтағы базардың жанын­да түсіп қалған қарт сұрастырып жүріп іздеген үйін тез тауып алды. Биік дуалмен қоршалған шағын үй екен. Ақырын сыртқы есікті итеріп еді, ашылып кетті. Қора-қопсы кө­рінбейді. Соған қарағанда үй ие­ле­рі мал ұстамайды. “Қазіргілер­дің қайсысы болмасын, мал де­се шошып тұрады. Қатира дүкеннің тамағы­на қарап қалған екен ғой”. Ол үсті-басын қа­ғып, баспалдаққа ая­ғын іліктіре бергені сол еді, сыртқы есік айқара ашылып, ал­дында тұрған Қатираны көрді. “Сәлімсің бе? Се­не­йін бе, сенбе­йін бе, мана ғана үйде отыр­мын деп едің ғой?!”. Ол үн-түнсіз Қа­тираны бас салып құшақтай алды. Содан кәдім­гі­дей солқылдап жы­ласын ай кеп. Қатира­ның да көңілі босап, бұған қосыла кетті. Сәлден соң: “Қой, біреу көріп қалса, ұят болар, үйге кірейік”, – деді. “Көрсе, көре берсін”. Сәлімнің екі иығы селк-селк етеді.

Қатира үйде жалғыз екен.

– Жоғары шық, деп бәйек бо­лып жатыр.

– Балалар қайда?

– Қыз-күйеу жұмыста, балалар да үйде тұрмайды, жатарда бас­тары әзер қосыла­ды. Таңертең­нен кешке дейін екі көзім төрт болып соларды күтіп отырамын.

– Е-е, сен де менің кебімді ки­ген екенсің ғой. Біздің жасымыз­дағылардың бәрі де солай шығар-ау? Бұл өмірде біз үшін енді не қызық қалды?

– Әкесі, олай демеңіз. Бала­лар­да да кінә жоқ, қайтсін?! Қазір өмірдің өзі де аласа­пыран, біртүр­лі болып кетті ғой. Жайғаса бер, мен шай қоя қояйын.

Сәлім өзіне-өзі келіп, жан-жа­ғына көз тоқ­татты. Үйдің іші тап-тұйнақтай. Көлде­нең жатқан еш­те­ңе жоқ. Соған қарағанда Қа­тира қарап отырмайды.

Кешікпей шай да келді.

– Ал, сөйле, бұл жақта қайдан жүр­сің?

– Сені іздеп келдім.

– Сағынып қалдым десейші.

– Сағынғаны сол, сенсіз тұра ал­майты­нымды түсіндім.

Қатираның кірпігіне мұң ілінді.

– Өзің жүдеп кетіпсің ғой, әлде, келінің күтпей ме?

– Олар жеген тамақты мен де жеймін, тек жалғыздық қажытып болды. Өткенде ауырып қалдым деген соң сенің айтқаныңнан шыға алмап едім. Бәрі бекер бо­лыпты. Кім бұрын кетеді – бәрі Құ­дайдың қолында ғой. Басқа түс­кенді көріп алмаппын. Қазір ден­саулығың қалай?

– Шүкір, екі рет ауруханаға жа­тып шықтым. Басында жаман ау­рудың құрығына іліктім бе деп зә­ре-құтым қалмап еді, одан аман екем. Дәрісін ішіп үй ішінде жүріп-тұруға жарап қалдым.

– Жарайды, жарайды, ауырма! Әлде менен құтылу үшін жасаған қулығың ба?

– Ой, отағасы, сен де айтасың-ау, он жыл тұрдық. Маған сенен жа­қын кім бар еді?! Балалардың өз қызықтары өздерінде. Өзің қа­лайсың?

– Жалғыздықтың зардабын тар­тып жүрген жайым бар… Жетім­мін!

– Қайдағы жетімдік, он бала тәр­биелеп өсірген адам жетім бола ма?

– Солайы солай ғой, бірақ за­ман өзгеріп кетті ме, бізді керек қы­лып жатқан бала жоқ. Бұл өзі тек менің басымдағы жағдай емес-ау деймін. Бара-бара бүкіл қоғам осындай дертке шалдыға ма деп қорқамын. Осындай да құбылма­лы заман болады деп кім ойла­ған?! Мен өзім ата-анамның қа­сын­да болайын деп мектеп бітір­ген соң ешқайда ұмтылған жоқ­пын. Он алты жасымда тракторды тізгіндедім, содан зейнет демалы­сына шыққанша түскен жоқпын. Өзің де қырық жыл мұғалім бол­дым деуші едің ғой. Қазіргілерде ол жоқ. Таңертең бір жұмысқа кетсе, кешке басқа қызметке ауыстым деп келіп тұрады. Бірді айтып, бірге кеттім-ау, көп сөздің тоқетері – бірге тұрайық.

Қатира өз құлағына өзі сенбе­ген­дей, бұған тесіле қалыпты. Сәлден соң езуіне күлкі үйірілді.

– Өзің жұрт не дейді деуші едің ғой, жұрт не дейді? Әлгі телеви­зор­дан көрсетіп жататын шетел­дің, ақшасын қайда шашарын біл­мейтін, еріккен байларының кебін киіп жүрмейік. Олар бүгін ажырас­са, жарты жылдан кейін қайта қо­сылып, той жасап жатушы еді ғой. Күлкінің көкесі сонда болады. Ал­жыды дей ме, жынданды дей ме? Даңқымыз бүкіл елге жайы­лады.

– Жұрт не десе, о десін. “Мы­сық­қа ойын керек, тышқанға өлім керек” деуші ме еді, қазір оны ойлайтын жайым жоқ. Келісіміңді бермесең, ертең тура қарттар үйіне тартамын.

– Қой, қайдағы жоқты айтпа!

Қатира мына сөздерден, шы­нында да, шошып кетті. Аузына сөз түспей, басын төмен салбыра­тып ұзақ отырды.

– Ойының ба десем, шындап барасың ғой…

– Қайдағы ойын?! Сүйретіліп жүргенім болмаса, тірі өлікпін! Ме­ні аясаң, өтінішімді аяқасты ете көр­ме! О баста да бізді Құдай қос­қан шығар? Бірге тұрайық. Не бол­са да бірге көрейік!

Қатира үнсіз. Шай жайына қал­ды. “Шынына келсе, өзінің де жағ­дайы оңып тұрған жоқ. Бұл да тірі жетім! Өткенде күйеу баласының біреуге “үйге алаңдамаймыз, тірі құлпымыз бар ғой” деп жатқанын құлағы шалып қалған. Иә, мұның да күні босаға күзетумен өтіп жа­тыр. Шіркін, қасыңда өзіңді түсіне­тін, шүйіркелесіп сырласатын жан болғанға не жетсін?!”.

– Қызық болды-ау өзі? Бала­лар­ға не айтамыз? Балаларына сыймады деген сөзге қалатын болдық қой…

Қатираның беті бері қарай бас­тағанын сезген Сәлім “суға кеткен тал қармайды” дегендей, бастыр­малата жөнелді:

– Балалар іштен шыққан сұр жы­лан емес пе, біздің айтқаны­мыз­дан шығып қайда барар дей­сің, айтайық, түсіндірейік, жалы­найық, жалбарынайық… Аяғыма жығыл десең, жығылайын. Сенің бір ауыз сөзің?! Енді артынып-тартынып ешқайда бармаймын десең, оған да көндім. Осы ауыл­дағылар да қотарылып көшіп жа­тыр ғой, бос үйлер көп, солардың бірін жалдайық. Сатып ал десең, сатып аламын!

Қатира сөз таппағандай күлім­сі­реп, басын шайқай береді. “Қы­зық болды-ау, қызық болды-ау?!..”.

Сәлімнің екі көзі Қатирада. Әне-міне, “иә” дейтін сияқты. “Сол сөз аузынан шыққанда жүрегі құр­ғыр сыр бермесе жарайды ғой?”. Расында да, жүрегі дүрсіл­деп, кеу­десіне сыймай, аузына тығылды. Сәлден соң көзінің алды бұлды­рап, астындағы орындығы теңсе­ліп кеткендей болды… Одан әрі не болғаны есінде жоқ.

…Ол есін жиып көзін ашқанда, аяқ жағында отырған Қатираны көрді.

– Қатира!

– Иә, менмін, қасыңда отыр­мын. Зәремізді алдың ғой, қозғал­ма, дәрігер қозғалмасын деп кетті.

– Дәрігер?! Қайдағы дәрігер?! Мен қайда жатырмын?

– Үйдесің. Алаңдама. Дәрігер: “Бәрі жақсы болады, жүйкесі жұ­қар­ған, оған денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ”, – деді.

– Қатира!

–Үндеме. Не айтатыныңды бі­ле­мін. Бәрі шешілді. Балалар қар­сы емес. Мына көрші үй көптен бос тұр еді, иесімен келісіп, жи­нас­тырып жатыр. Аманшылық бол­са, ертең сонда көшеміз. “Жа­зы­мыштан озымыш жоқ” дейді ғой, бұл да Алланың қалауымен болып жатқан шығар, балалар­дың қасында болайық.

Қатираның мына сөздеріне се­нерін де, сенбесін де білмеген Сәлім сұлқ жатыр. Осы сәтте құр­ғақшылықтан кезенесі кеуіп қал­ған жер сияқты көзінің алдын тор­лаған қатпар-қатпар әжім іздері­мен бір тамшы жас төмен қарай домалай берді.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp