Петропавлда бес қабатты үйдің астында орналасқан «Караван» дүкені өрттенді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт Н.Назарбаев көшесі, 246 мекенжайдағы «Караван» дүкенінде 31 желтоқсан күні сағат 19.15 минутта шыққан. Сауда орталығы бес қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде дүкен ішіндегі тұрмыстық тауарлар сататын бутиктер жанып жатқан. Қатты түтін болған. Өрт сөндірушілер үйдің төрт подъезінен 125 адамды, соның ішінде 25 баланы қауіпсіз жерге шығарды. Ал дүкен өрт шыққан кезде жабық болған.
Полицейлер дүкен жанын қоршап, үй тұрғындарын жергілікті атқарушы билік бөлген төрт автобусқа және ТЖД-нің «Вахтовка» КАМАЗ-ына отырғызуға көмектесті. Өртті сөндіруге 12 техника мен 40-тан астам маман жұмылдырылды. Ал сағат 20.18 минутта өрт толық сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Мамандардың айтуынша, өрт 39 шаршы метр аумаққа таралып, сауда орындары мен тауарларға зақым келген. Алдын ала болжам бойынша, жалын электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шығуы мүмкін. Өрт сөндіріліп болғаннан кейін үй тұрғындары пәтерлеріне оралды.
Әсет ҚАНАФИН.