«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫННЫҢ КӨҢІЛ ПЕРНЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңа жыл қарсаңында өңірімізге танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық және өңірлік жыр мүшәйраларының жеңімпазы, ардагер журналист Тоқтар Зікіриннің “Жүрек сыры” атты өлеңдер жинағы оқырманға жол тартты.

Журналистика мен поэзияны қос қанатындай ұстап, халықтың ықыласына бөленіп үлгерген ақынның бұл жинағы “Асыл кі­тап” баспасынан жарыққа ­шық­ты. Жаңа кітап “Жаратқанға бәрі аян”, “Сырлы сезімдер сағымы”, “Жылы сөзде – жан емі”, “Жы­рым болшы, ақ қайың!” және “Жол­­­­барыс жүректі Най ана” атты бірнеше бөлімнен тұрады.

“Қаламым жүріп тұр әзір,

Қалжырап қалдым демеймін.

Оқылар ертең мұра жыр,

Көбейе берші, көбейгін!”, – деп қаламгер өзі жырлағандай, оның кезекті туындысының оқыр­­маны көп болары анық. Жыр жұмағына балайтын жаңа кітапқа ақынның соңғы кездері жазған тіршіліктің сан алуан та­қы­рыптарын қамтитын өлең­дері енген. Қаламгер бүкіл адамзат­ты толғантатын өмірдің өзекті мә­селелерін қозғайды. Азаматтық, әлеуметтік сарындағы және табиғи жырларымен көпшіліктің көкейіндегі ойын айтса, жастық­тың сезімді сырларымен жүрек қылын тербейді.

Тоқтар Зікірин еліміздің бүгіні мен болашағына алаңдайтын сәттерін дөп басып, қағаз бетіне түсіріп, жырмен жеткізуі оқыр­ман­ға сан түрлі ой салары сөз­сіз. Бұған басылымның “Жарат­қанға бәрі аян” бөлімінде:

“Бұрынғыдан бүгінде көп пе үрей күн,

Тынышымыз неге бұл кетті деймін?!

Аласапыран заманнан аранда­май,

Халқым аман өтсе екен деп тілеймін”, – деп баста­латын өлеңі дәлел. Қазіргі бас­шы­лар­дың істен гөрі бос сөзге бейім екендігі де ақынның жы­рына арқау болған.

Автордың жаңа жинағына ен­ген өлеңдері адамгершілік, па­ра­саттылық, адамдар ара­сын­дағы сыйластық тақырыпта­рын да қамтиды. Замандаста­рына үн қатқан бір өлеңінде бү­гінгі таңда ағайын арасында салқын­дықтың орын алып, бұ­рын­ғыдай бауырмалдықтың жо­ғына өкініш білдіреді.

“Табылмайтын ішінде бір бүкпесі,

Зор құрметтің нағыз биік нүктесі.

Жан жүректі жылытып тек тұратын,

Сыйластықтан аспайды ғой түк те осы!”, – деген ой білдіріп, туыстардың бірін-бірі сыртқа итеріп, тепкенін жақтыртпайды.

Ақынның балдан тәтті қос немересіне арнаған өлеңдері бір төбе. Ұрпағының жалғасын көріп, бақытты шақты бастан өткергелі отырған әрбір ата мен әженің немере жайлы өлеңдерді оқып, бір марқайып қалары анық. Ақынның өзі де: “Осы өлеңдер кітабымды өрісімді кеңейтіп, тұяғымды көбейтетін сүйікті немерелерім Арлан мен Арнұрға арнаймын”, – деген екен. Жаңа жыр жинақта оқыр­манға ой салатын өзге де өлең­дерге орын берілген.

Бұған дейін ақынның қала­мынан “Жан шуағы”, “Көңіл ­көк­жиектері”, “Тіршілік тынысы”, “Бұл бір дәурен” және “Өмір өзен” жыр жинақтары жарық көрген.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp