«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫРТАУДАҒЫ АЙТУЛЫ ЖОБАЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа жылдағы алғашқы жұмыс сапарын Айыртау ауданынан бастады. Өңір басшысы тауарлы-сүт фермаларының құрылыс алаңдарында болып, жылыту қазандығының жұмысымен танысты.

Алдымен өңір басшысы Прекрасное ауылына ат басын тіреді. Осыдан тура 8 жыл бұрын бұл елді мекен қайтадан жанданып, тұрғындардың тұрмысы түзеледі дегенге сену қиын еді. Себебі, мұнда электр қуаты болмапты, ал ғимараттардың басым бөлігі қирап жатқан. Туған ауылына көшіп келген Бақыт Құсайынов елді мекенді аяғынан тік тұрғызуға өзіндік үлесін қосуда. Кәсіпкер “Әдемі астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, мал шаруашылығын дамытуда. Іскер азаматтың арқасында болашағы жоқ ауылдың екінші тынысы ашылды деуге болады.

Шаруашылық басшысы 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Асылтұқымды сиырларды Украина елінен жеткізуді жоспарлаған. Бүгінге дейін екі жүзден астам ірі қарадан жылына 6 мың тонна сүт сауылып келген болатын. Жалпы құны 750 млн. теңге тұратын заманауи кешен толық қуатына көшкен кезде бұл көрсеткіш жеті мыңға дейін жетеді деп күтілуде.

Кәсіпкердің айтуынша, “Cол­түстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының көмегіне жүгініп, қажетті қондырғыларды сатып алуға қажетті 178 млн. теңгенің несиесін ресімдеген. Қаңтардың соңында құрал-жабдықтар, ал қыркүйек айында асылтұқымды сиырлар жеткізілмек.

Агроқұрылым басшысы жеке қаражатына елді мекенге электр энергиясын тартып, көшелерге жарық шамдарын орнатқан. Сон­дай-ақ, жұмысшыларына жатақхана салып берген. Бүгіндері шаруашылық есебінен 11 жаңа үй тұрғызылды. Оларға оңтүстік өңірлерден көшіп келген ағайындар орналастырылған. Баспаналардың әрқайсысына су құбыры мен жылу желісі өткізілген. Азамат мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ол биыл аудандағы 3 ауылда 35 тұрғын үй салмақшы. Әрбіреуінің құны 10 млн. теңгені құрайды. Баспаналардың құрылысымен танысқан Құмар Ақсақалов оның жұмысына оң бағасын берді. Кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Болашақта ауылда демалыс орталығын, азық-түлік дүкенін, шаштараз, фельдшерлік-акушерлік қосын және спорт алаңын тұрғызуды жоспарлауда.

Бұдан кейін облыс әкімі жергілікті шаруа қожалықтарының бас­шыларымен кездесті. Әңгіме барысында мал шаруашылығы өте тиімді кәсіп түрі екендігі айтылып, оны дамыту жолдары талқыланды.

– Облыстың барлық ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері етті немесе сүтті мал өсіруді қолға алулары керек. Бұл жергілікті атқарушы билік пен фермерлерге ор­тақ міндет. Жобалар мемлекеттік қолдаудың көмегімен жүзеге асы­рылуда. Бірлескен жұмыс өз нәтижесін беруде. Соңғы бірер жылда 12 заманауи сүт фермасы пайда­лануға берілсе, қазіргі уақытта 6 сүт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Биыл тағы 10 ферма салу басталады. Ет шаруашылығын дамыту мақсатында бірқатар шара қолға алынуда. Қызылжар ауданында бір мал бордақылау алаңы пайдалануға берілді. Уәлиханов және Ақжар аудандарында 13 мың басқа шақталған екі ірі мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде, – деген Құмар Іргебайұлы тек өсімдік шаруашылығымен шектелмеу қажеттігін ескертті.

Бүгінгі таңда сүт пен ет өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Оның үстіне қазір Еуропадан өнімділігі жоғары ірі қара жеткізілуде. Асылтұқымды мал жылына орташа есеппен 5,5-6 мың литр сүт береді. Мал өсірушілерге субсидия мен жеңілдетілген несие де беріледі. Мәселен, жылдық үстемеақысы екі пайызды құрайтын қарыз алуға мүмкіндік бар. Мұндай қолдауды жергілікті “Арна” фермерлік қожалығы да пайдаланған. Аталмыш шаруашылық 400 басқа арналған сүт кешенінің құрылысын жүргізуде. Қазіргі уақытта Еуропа елдерінен жеткізілген құрал-жабдықтар мен кешенді басқару жүйесі орнатылуда. Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы Арықбалық ауылында болып, іске қосылған жылыту қазандығының жұмысымен танысты. Елді мекенді қамқорлығына алған “Агрофирма Желқуар – 2003” ЖШС-і 1,4 млрд. теңгеге әлеуметтік нысандарды жаңғыртып, инженерлік желілер тартқан болатын. Былтыр 19 мың шаршы метр аумақты жылытуға қуаты жететін заманауи жылыту қазандығын іске қосты. Бүгінгі таңда елді мекендегі екіқабатты төрт ғимарат орталықтан жылытылады. Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын жылыту жүйесіне тағы 8 әлеуметтік маңызы бар нысан мен 10 тұрғын үйді қосу жоспарланған.

Облыс әкімінің айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары тағы төрт жылға ұзартылған. Демек, елді мекендердің жолын жөндеп, су құбырларын тартуға, әлеуметтік маңызы бар нысандарды қалпына келтіруге ел бюджетінен қомақты қаржы бөлінеді. Яғни, алдағы уа­қытта ауылдарды дамытып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жал­ғасын таппақ.

Темірлан ТІЛЕУБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp