Жаңа жыл қарсаңында өңірімізге танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық және өңірлік жыр мүшәйраларының жеңімпазы, ардагер журналист Тоқтар Зікіриннің “Жүрек сыры” атты өлеңдер жинағы оқырманға жол тартты.
Журналистика мен поэзияны қос қанатындай ұстап, халықтың ықыласына бөленіп үлгерген ақынның бұл жинағы “Асыл кітап” баспасынан жарыққа шықты. Жаңа кітап “Жаратқанға бәрі аян”, “Сырлы сезімдер сағымы”, “Жылы сөзде – жан емі”, “Жырым болшы, ақ қайың!” және “Жолбарыс жүректі Най ана” атты бірнеше бөлімнен тұрады.
“Қаламым жүріп тұр әзір,
Қалжырап қалдым демеймін.
Оқылар ертең мұра жыр,
Көбейе берші, көбейгін!”, – деп қаламгер өзі жырлағандай, оның кезекті туындысының оқырманы көп болары анық. Жыр жұмағына балайтын жаңа кітапқа ақынның соңғы кездері жазған тіршіліктің сан алуан тақырыптарын қамтитын өлеңдері енген. Қаламгер бүкіл адамзатты толғантатын өмірдің өзекті мәселелерін қозғайды. Азаматтық, әлеуметтік сарындағы және табиғи жырларымен көпшіліктің көкейіндегі ойын айтса, жастықтың сезімді сырларымен жүрек қылын тербейді.
Тоқтар Зікірин еліміздің бүгіні мен болашағына алаңдайтын сәттерін дөп басып, қағаз бетіне түсіріп, жырмен жеткізуі оқырманға сан түрлі ой салары сөзсіз. Бұған басылымның “Жаратқанға бәрі аян” бөлімінде:
“Бұрынғыдан бүгінде көп пе үрей күн,
Тынышымыз неге бұл кетті деймін?!
Аласапыран заманнан арандамай,
Халқым аман өтсе екен деп тілеймін”, – деп басталатын өлеңі дәлел. Қазіргі басшылардың істен гөрі бос сөзге бейім екендігі де ақынның жырына арқау болған.
Автордың жаңа жинағына енген өлеңдері адамгершілік, парасаттылық, адамдар арасындағы сыйластық тақырыптарын да қамтиды. Замандастарына үн қатқан бір өлеңінде бүгінгі таңда ағайын арасында салқындықтың орын алып, бұрынғыдай бауырмалдықтың жоғына өкініш білдіреді.
“Табылмайтын ішінде бір бүкпесі,
Зор құрметтің нағыз биік нүктесі.
Жан жүректі жылытып тек тұратын,
Сыйластықтан аспайды ғой түк те осы!”, – деген ой білдіріп, туыстардың бірін-бірі сыртқа итеріп, тепкенін жақтыртпайды.
Ақынның балдан тәтті қос немересіне арнаған өлеңдері бір төбе. Ұрпағының жалғасын көріп, бақытты шақты бастан өткергелі отырған әрбір ата мен әженің немере жайлы өлеңдерді оқып, бір марқайып қалары анық. Ақынның өзі де: “Осы өлеңдер кітабымды өрісімді кеңейтіп, тұяғымды көбейтетін сүйікті немерелерім Арлан мен Арнұрға арнаймын”, – деген екен. Жаңа жыр жинақта оқырманға ой салатын өзге де өлеңдерге орын берілген.
Бұған дейін ақынның қаламынан “Жан шуағы”, “Көңіл көкжиектері”, “Тіршілік тынысы”, “Бұл бір дәурен” және “Өмір өзен” жыр жинақтары жарық көрген.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.