Үгіт-насихат жұмыстары аясында облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Ерлан Тоқшылық, қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар Арман Бердағұлов пен Владимир Витченко “Фабрика Рекламы” ЖШС-нің ұжымымен кездесті. “Nur Otan” партиясының өкілдері “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір” сайлауалды бағдарламасы туралы айтып, ондағы барлық міндеттер азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
“Nur Otan” партиясы алдағы уақытта облыс орталығының көшелерін қалпына келтіруге мүдделі. Партиялықтар 15,7 шақырымға созылып жатқан 17 көшені жөндеуге септеспек. Бұл 36 мыңнан астам қала тұрғыны үшін инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді.
“Қызылжарлықтардың баспана мәселесін шешу де партияның маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Жоспарда 22,5 мың тұрғынның баспана жағдайын жақсарту жұмысы тұр”, – деді Ерлан Тоқшылық.
Ол үшін “Nur Otan” партиясы “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша 7,1 мың пәтердің құрылысын жүргізуге жәрдемдеспек. Соның ішінде 1042 баспана аз қамтылған отбасыларға тиесілі, 300-і жас отбасылар, ал 200-і бюджеттік саланың қызметкерлері үшін салынбақ. Сондай-ақ, 6300 пәтер несиелендіру бағдарламасы бойынша, 6380 пәтер жеке құрылыс компаниялары есебінен беріледі. Бұдан басқа, 400-ден астам жеке тұрғын үй салынады. “Үй аулаларын жөндеу жалғасын табады. Алдағы жылдары 142 аула жаңартылып, 73 пәтер маңындағы жолдар жөнделеді. Бұл жерлерге осы заманғы 25 автотұрақ салынып, 69 балалар ойын алаңы құрылады. Қосымша 69 автотұрақ салу да жоспарланған”, – деді кездесу барысында Арман Бердағұлов.
Тұрғындармен әңгімелесу барысында партия өкілдері ұжым мүшелерін сайлауға қатысуға үгіттеп, “Nur Otan”-ға дауыс берулерін өтінді.