Облыс орталығындағы пробация қызметінің ғимаратында осы заманғы биометриялық сканер орнатылды. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл құрылғы сотталған адамдарды саусақ ізі бойынша анықтауға мүмкіндік береді.
Биометриялық сканер тексерістен өтуге келгендер туралы жан-жақты ақпарат беріп, олардың не үшін сотталғанынан хабардар етеді. Саусақ құрылғыға қойылған кезде ол тіркеліп, жазасын өтеушілердің тәртіпті сақтау режімі бақыланып отырады. Департамент басшылығы мұндай жаңа жабдықтың жұмысты едәуір жеңілдете түскенін айтуда. Алдағы уақытта тұрақты түрде қолданылады.
Бүгінгі күні Петропавл қаласының пробация қызметінде қоғамнан ажырамай, жазасын өтеп жатқан 398 азамат есепте тұр. Сканер арқылы күн сайын олардың жеке мәліметтері, мекенжайы мен саусақ ізі тексеріліп отырады.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.