Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұдан былай ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша сотталған лауазым иелері түрмеден мерзімінен бұрын босатылмайды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің инспекторы Светлана Зайцева онлайн-брифингте мәлімдеді.
Светлана Николаевнаның айтуынша, қылмыстық процестер бойынша азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық індетке қарсы іс-қимыл мәселелері жеке тұлғалар үшін барынша қатаңдатылды. Біріншіден, оларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады. Екіншіден, бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберуге жол берілмейді. Яғни, сот үкімімен белгіленген жазаларын бұрынғыдай қолайлы жағдайда өтей алмайды.
Сондай-ақ, “бармақ басты, көз қысты” әрекет жасаған құқық қорғау қызметкерлері мен судьяларға да талап күшейтілді. Бұл санаттағылар 50 айлық есептік көрсеткіштен кем пара алса да ол ауыр қылмыс саналып, 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал жүкті, жас балалары бар әйелдер, 58 жастан асқан әйелдер, 63 жастан асқан ерлер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер үшін жеңілдіктер қарастырылған.
“Antıkor ortalyǵy” алаңында ұйымдастырылған брифингте заңда көрсетілген өзгерістерден бөлек облыс аумағында бір жылда 103 қылмыстың тіркелгені де айтылды. Оның 86-сы сыбайлас жемқорлыққа қатысты. 23 адам сотталып, 8-і бас бостандығынан айырылған. 12-сіне айыппұл салынған. Жемқорлардың 8-і – бірінші басшылар. Келтірілген 487,8 млн. теңге шығынның 458 млн.теңгесі өндіріліп алынған.
Екатерина СТАРОСТИНА,
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бас маманы.