«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қайыңнан дайын өнім

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында шетел­ден инвесторлар шақырылып, бизнес жүргізу үшін қаңырап қалған ғимараттар мен жер учаскелері берілуде. Елімізде баламасы жоқ фанера шығаратын комбинат – соның жарқын мысалы. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа кәсіпорынды аралап, инвестордың бастамасына сәттілік тіледі.

Алты жылдай иесіз тұрған бұ­рынғы құбыр зауытының ғимаратында енді шетелдік технология бойынша ламинатталған фанера шығары­лмақ. Жобаның жалпы құны – 2 млрд. теңге. Түркиялық инвестор Огузхан Челиктің таңдауы Қызылжар өңіріне кездейсоқ түскен жоқ. Біздің облыс географиялық жағынан, көлік-логистикалық қатынас тұрғысынан және шикізат жөнінен қолайлы. Қызылжар өңірінде көп өсетін қайыңды тек отын ретінде ғана емес, дайын өнім ретінде де пайдалануға болады. Қайың фанерасы кеме жасау барысында да қолданылады.

Бір мың шаршы метр аумақты алып жатқан ірі комбинатта 150 адам жұмыспен қамтылған. Цехқа Түркия мен Қытайдан сатып алынған заманауи құрал-жабдықтар мен станоктар орнатылған. Мұнда бастапқыда жылына 18 мың текше метр өнім шығарылатын болса, кейін оның мөлшері 27 мың текше метрге жетпек. Облыс әкімінің айтуынша, фанер шығаратын комбинаттың іске қосылуы Қызылжар өңірінде ағаш өңдеу өндірісін дамытуға жол ашады.

– Дайын өнімнің жартысы Түркия, Еуропа және Өзбекстанға жөнелтіледі. Қазір елімізге 90 мың текше метр фанера сырттан әкелінеді. Жаңа кәсіпорын ішкі қажеттіліктің 30 пайызын өтейтін болады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс орталығындағы кәсіпорын фанера өнімінің өзіндік құнының арзандауына айтарлықтай әсер етіп, жергілікті ағаш өңдеушілердің, жиhаз жасаушы кәсіпорындардың және құрылыс компанияларының дамуына ерекше серпін береді деп күтілуде.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp