Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты бағдарламалық мақаласында еліміздің даму жолындағы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, болашаққа жоспары белгіленді. Мақала Қазақстанның табысты дамуын, мемлекеттігінің нығаюын және халықаралық аренада беделге ие болуын кең көлемде бағалауға мүмкіндік береді.
Президент бұл еңбегінде гуманитарлық ғылымды дамытуға, тарихи сананы қалыптастыруға, мемлекеттік тілдің рөлін арттыруға және этносаралық келісімді сақтауға байланысты көптеген жаңа идеялар мен ұсыныстар айтты. Солардың ішінде тарихи сананы қалыптастыру мен білім беру саласына қатысты ойлары маған қатты әсер етті. “Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес, отаншылдықта, заңда емес, санада”, – деген сөздерімен келіспеу мүмкін емес. ХХІ ғасыр – білімді мен біліктінің дәуірі екені рас. Бұл орайда халқымыз болашақ ұрпағын ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, өз еліне жаны ашитын азаматтар ретінде өсіруі тиіс. Ал жастар болса, технология дамуынан қалыспай, жаңа кәсіпті игеріп, ел өркенінің басты қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Тәуелсіздіктің құрдастары бүгінде орда бұзар жасқа келіп отыр. Президент талантты, талапты буынға сенім артуда. Сондықтан олар үшін де Тәуелсіздік бәрінен қымбат болуы шарт.
Бұл мақала жалпыұлттық сана-сезімімізді арттыруға үндейді. Азаматтардың құқықтық санасын одан әрі жүйелі қалыптастыруға да түрткі болады деген ойдамыз. Өйткені, адам құқықтары мен бостандықтары сақталып, заң талаптары орындалатын мемлекетте әділеттілік пен ар-ұят, адамдардың мәдениеті жоғары болады. Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес өткен он жыл ішінде еліміздің құқықтық жүйесі дамудың алғашқы баспалдақтарынан өтіп, көптеген жетістікке жетті. Мысалы, азаматтық қоғам институттарын жан-жақты дамытуға және мемлекет пен қоғам қарым-қатынасының үйлесімдігін нығайтуға бағытталған маңызды құқықтық реформалар жүргізілді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, құқықтық сананы қалыптастыру ісін туған отбасынан, яғни адам өміріндегі ең маңызды кезеңнен бастаған жөн. Себебі, аз уақыт ішінде өскелең ұрпақ жетіліп, мемлекеттің негізгі күшіне айналады емес пе?!
Ұлан ӘБДІРАХМАНОВ,
Петропавл қалалық №2 сотының судьясы.