«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Болашаққа бағдар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл ең қымбат құндылығымыз – Тәуелсіздігімізге 30 жыл толмақ. Осынау мерейлі жылдың бастауында “Egemen Qazaqstan” газетінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласының жарияланғаны талай жанның жүрегін жылытты. Өйткені, өткеннің өнегесі мен болашақтың бағдарын қамтыған бұл мақала еліміздің әрбір азаматына арналған. Әсіресе, жас буынның мағыналы мақаладан ұғары мол.

Мені Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік тіл мәртебесіне тоқталғаны ерекше қуантты. Президент құлқы барлардың ағылшын тілін қысқа уақытта меңгере алатынын мысал етіп, тілді үйренудегі мәселе басқада емес, ынта мен ниетте екенін кесіп айтты. Яғни, мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы мен міндеті деп көрсетті. Бірақ өзге тілдер де тасада қалмауы керек. “Ана тілімізді кеңінен қолдану басқа тілдерге, әсіресе, орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал”, – деді Президент. Мақаладағы тағы бір жаңалық – азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында “Тәуелсіздік ұрпақтары” атты грант берілетіндігі. Мұндай көмектің еліміздегі өнерлі қыз-жігіттердің қатарын қалыңдатары сөзсіз.

Мақаладан ұққаным адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі. Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов: “Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден”, – деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет басшысы осы жайында: “Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу”, – деді. Мен де еліміздің күннен-күнге нығайып, дамуында аянбай еңбек ететін жас ұрпақ тәрбиелей білуіміз керек деп есептеймін.

Президентіміздің мақаласы бізге серпін беріп, жаңа белестірді бағындыруға жігер қосады деп ойлаймын.

Сәлімхан СӘБИТОВ,

“Жаңғыру жолы” республикалық жастар қозғалысы облыстық филиалының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp