Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылғы 9 желтоқсандағы бұйрығымен Айыртау ауданындағы Саумалкөл қазақ орта мектебінің “Саумалкөл толқындары” фольклорлық ансамбліне “Халықтық” және “Үлгілі” атағы берілді. Өнерсүйер қауымды ұлттық әуенмен қуантып жүрген ұжым осыдан жиырма жыл бұрын ауданымызға танымал әнші Марат Кенжеболатовтың жетекшілігімен құрылған болатын.
Аталмыш ансамбль мерекелерде өнер көрсетіп, ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосуда. Ұмытылып бара жатқан талай әндерді шырқап, аудандық, облыстық, тіпті, республикалық мәдени шараларға қатысып келеді. Жазушы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдығына орай мәдени ұжымдар арасында өткен республикалық байқауларда жеңіске жетіп, облыс намысын лайықты қорғаған болатын. Мектеп директоры Меңдігүл Олжабайқызының басшылығымен аудандық және облыстық көркем-өнерпаздар ұжымдарының байқауында да талай жүлделі орындарға қол жеткізді.
Білім ордасының 25 жылдық мерейтойында ансамбль құрамы ұлттық киімдерін жаңартып, ұжым өткен жылдың қараша айында “Халықтық” атағын иемдену мақсатында үлкен шығармашылық концерт қойды. Министрлік өкілдері мен қазылар саумалкөлдіктердің өнерін және көпжылдық еңбегін жоғары бағалап, атақты жаңа жыл қарсаңында табыстады.
Тұрғындар ықыласына бөленген, ұлттық өнердің насихаттаушысы әрі жанашыры – “Саумалкөл толқындары” ансамблі бүгінде тыңдармандарына жаңа бағдарлама әзірлеуге кірісіп кетті. “Кез келген өнер иесі үшін халықтың ыстық ықыласынан артық марапат жоқ. Халқымыздың дәстүрлі ән-күй өнерінің дәріптелуі үшін ансамбліміз көп еңбектенуде. Осы ұжым құрамында өлкеміздің кез келген ауқымды мәдени іс-шараларында өнер көрсетіп жүргеніме ризамын. Әріптестеріммен бірге шынайы өнер иесі деген құрметке ие болып, сүйіспеншілікке бөлену – үлкен бақыт”, – дейді ансамбль жетекшісі Марат Кенжеболатов.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.
СУРЕТТЕ: “Саумалкөл толқындары” халықтық ансамблінің мүшелері.