«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСКІ ҮЙЛЕРДІҢ ШАТЫРЫ ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күн сайын көркейіп, құлпыра түскен Қызылжардың келбеті көз тойдырады. Облыс орталығында жаңа құрылыс қарқынды жүргізіліп, ескілері жөнделуде. Шаһардағы кей үйлердің тозығы жеткен шатыры мен жеделсатысы ауыстыруды қажет етеді.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Брусиловский көшесі бойындағы 74-ші үйде болды. Бесқабатты бұл тұрғын үй осыдан жарты ғасыр бұрын пайдалануға берілген. Содан бері шатырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жаңбырлы күндері су ағып, қиындық көріп жүргенімен, тұрғындардың өз күштерімен жөндеуге қаражаттары жоқ. Қала әкімі Болат Жұмабековтың айтуынша, өткен жылы қалалық бюджеттен бөлінген қаржының есебінен бірнеше тұрғын үйдің шатыры мен кіреберіс жолдары жөнделіпті. Дегенмен, қалалық бюджетте барлық шатырлар мен жертөлелерді жөндеуге қаражат жеткіліксіз.

Тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдаған өңір басшысы үстіміздегі жылы жаңғырту жұмыстарына қажетті қаражаттың бөлінетінін айтты.

– Облыс орталығында 1,1 мың көпқабатты тұрғын үй бар. Соңғы тоғыз жылда 170-інің шатыры мен жертөлесі күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта 38 көпқабатты үй шатырды жөндеу кезегінде тұр. Былтыр бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қаржы жеткіліксіз бөлінді. Дегенмен, облыстық бюджетке салық жылдағыдан көп түсіп, еңбекақы қоры өсті. Соның нәтижесінде қосымша қаражат бөлетін боламыз. Ол, негізінен, шатырлар мен жертөлелерді жөндеуге бағытталады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Қазіргі уақытта Брусиловский көшесіндегі бұл үйдің жобалау-сметалық құжаттары дайын. Шатырды жөндеуге 46 млн. теңге бөлінетін болды. Жөндеу жұмыстары көктемде басталады. Енді жөндеуді жүргізетін мердігер анықталмақ.

Қаладағы күрмеуі қиын мәселелердің бірі – көпқабатты үйлердегі тозығы жеткен жеделсатыларды жөндеу. Қазіргі уақытта қаладағы үйлерде 367 жеделсаты бар болса, оның 8-і істен шыққан. Облыс әкімі 1985 жылы тұрғызылған Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі 136-шы үйге ат басын бұрды. Пәтер иелерінің айтуынша, бұл үйдегі жеделсаты жиырма бес жылдан бері жұмыс істемейді. Бұл жоғары қабаттарда тұратын зейнеткерлер мен мүгедектерге қиындық тудыруда.

Тұрғындармен кездескен Құмар Ақсақалов 2011 жылдан бастап 32 лифт ауыстырылғанын атап айтты. Енді тозығы жеткен 217 жеделсатыны жөндеу қажет.

– “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңның мақсаты – мемлекет пен үй иелерінің арасындағы жауапкершілікті бөлу. Заң жобасына сәйкес жекеменшік иелері тек пәтер сатып алып қана қоймай, бүкіл үйдің жылумен, сумен қамтамасыз етілуін, аулада не болып жатқанын қадағалаулары тиіс. Былтыр осы аулада жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Балалар ойын алаңы жаңартылып, жаңа асфальт төселген болатын. Ал биыл жергілікті бюджеттен үйлерді жаңарту бағдарламасына бөлінген қаражат есебінен істен шыққан жеделсатыны ауыстырамыз, – деді Құмар Ақсақалов.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp