«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кеңпейіл кәсіпкер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдық кәсіпкер Айты­қан Қалғаева “Ару ана” республикалық сыйлығының иегері атанды. Жеңімпазға диплом мен арнайы мүсінді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұлов табыстады.

Бұл сыйлықты өткен жылы “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі нәзік жандардың экономикалық белсенділігін ынталандыру мақсатында тағайындаған болатын. Арман Сарбайұлының айтуынша, “Restauration” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айтықан Қалғаева қазылар алқасы мүшелерінің көпшілігінің дауысына ие болған.

– Біздің облыста осы сыйлықтың алғашқы лауреаты ретінде Айтықан Асанқұлқызының танылғаны қуантады. Пандемия кезінде карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты бизнесі жабылғанына қарамастан, ол індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге көмек қолын созды. Өткен жылдың сә­уірінен бастап “Алтын орда” мейрамханасы жанындағы қонақүйге ақ халаттыларды тегін орналастырып, тамақпен қамтамасыз етті. Мұндай қолдау осы күнге дейін жалғасуда. Бұл игі іс Айтықан Асанқұлқызының жүрегінің кеңдігін көрсетіп, аталмыш сыйлыққа лайықты екенін дәттейді, – деді Арман Сарбайұлы.

Кәсіпкердің игі ісіне әріптестері де тәнті. Жеке кәсіпкер Әлия Ибраева атап өткендей, Айтықан Асанқұлқызы өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға үлес қосып, әрдайым қайырымдылық шаралардың басы-қасынан табылып, өзгелерге үлгі болуда.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp