«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Чемпиондықтың сыры

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан 30-40 жыл бұрын өнер көрсеткен спортшы мен қазіргі спортшыны салыстыру қиын. Олардың жаттығу әдістері, көрсеткіштері, табысы, тіпті ас мәзірі де басқаша. Қазір кейбір белгілі спортшылардың жаттығуын, денсаулығын, алаңдағы әдіс-тәсілін бақылау үшін үлкен ұжым жұмыс істейді. Оған қоса, заманауи жаңа технологиялар адамның физикалық көрсеткіштерін жетілдіруге көп көмегін тигізіп жатыр.

Неге дерсіз? Адам эволюциясы жалғасып жатыр ма, әлде спортшыларға қойылатын та­лаптар жоғарылап келе ме? Дөп басып айту қиын. Себебі мұнда бірнеше факторды ескеру керек. Адамдардың жейтін тамағы өзгерді, қатардағы адамның бойы ұзарды, салмағы артты. Ал спорттың көптеген түрі құны бірнеше миллиард долларды құрайтын алып индустрияға айналды. Спорт медицинасы өз алдына үлкен сала болып дамып келеді. Осы және өзге де факторлар спортшылардың көрсеткіштеріне оң ықпалын тигізеді. Әр спортшының жеңіске жету жолы әртүрлі. Мәселен, ағайынды Кличколар тек қара күшке сүйенбей, ой қабілетін де арттырумен айналысқан. Бос уақытында қос боксшы шахмат ойнаған. Қазір Украина астанасы – Киев қаласының мэрі Виталий Кличко әлі де шахмат чемпиондарымен тақтаның басында кездесіп тұрады.

Ұйқысына ерекше мән беретіндер де аз емес. Мәселен, белгілі теннисші, Уимбилдон турнирін 8 рет жеңген швейцариялық Роджер Федерер мен атақты баскетболшы, биылғы “NBA” чемпионы Леброн Джеймс тәулігіне 12 сағат ұйықтайды екен. Велосипедші Рейн Таарамяэ, жеңіл атлет Усейн Болт, теннисші Винус Уильямс, Мария Шарапованың ұйқысы 10 сағатқа созылады. Өйткені, адам ұйықтағанда бөлінетін гормон бұлшық етті өсіруге, ауыр жаттығулардан соң денені қалыпқа келтіруге көмектеседі. Ұзақ ұйықтамаған адам жиі шаршап, ашушаң болатыны бұрыннан мәлім. Ал ұйқының жетіспеушілігі спортшылардың көрсеткішіне бірден кері әсер етеді. Мәселен, ұйқы процесін зерттеген спорт мамандары баскетболшы 9 сағаттан аз ұйықтаса, 11 пайызға ертерек шаршап, 4,3 пайызға баяу қимылдайтынын анықтаған. Сондай-ақ, спортшы 4 күн қатарынан дұрыс ұйықтамаса, оның ауыр салмақ көтеру қабілеті 9 килограмға кемиді екен.

Бүгіндері технологиялық прогрестің жетістігі спорт саласында да кеңінен қолданылады. Мысалы, әлемнің үздік футбол клубтарының ойыншылары жаттығуларда кеудесіне ағзаның барлық физикалық көрсеткіші туралы ақпарат жинайтын “Viper pod” атты арнайы құрылғыны тағып жүреді. Ол спортшының қанша метр жүгіргенін, алаңда қай позицияда болғанын, салмақты қай аяққа көбірек салғанын, жылдамдығын қанша рет арттырғанын, қан тамырының соғуын, қаншалықты шаршағанын және басқа да көрсеткіштері туралы дерек жинайды. Кейін мәліметтер бірден клуб жаттықтырушылары мен арнайы мамандардың ноутбугына келіп түседі. Деректердің негізінде жаттығу тәртібі түзіледі. Бүгінде бұл девайсты “Арсенал”, “Манчестер Сити”, “Манчестер Юнайтед”, “Ливерпуль”, “Ювентус”, “Рома” секілді футбол клубтары, “Хорнетс”, “Уизардс”, “Гриззлис” секілді баскетбол клубтары жиі қолданады. Аталмыш аппараттың көмегімен бір жыл ішінде жарақат санын 44-тен 22-ге төмендеткен командалар бар.

“Ауру – астан, дау – қарындастан” дейді қазақ. Спортшылар үшін артық салмақ та, төмен көрсеткіш те астан болуы мүмкін. Кезінде ұлыбританиялық Уэйн Руни, бразилиялық Роналдо 30 жастан асқан шағында толып, спорттағы жұлдызы тез сөнгенін көзіміз көрді. Сондықтан жылдық табысы бірнеше миллион долларды құрайтын кәсіби спортшылар ас мәзіріне келгенде мамандардың кеңесіне құлақ түреді. Мәселен, атақты шабуылшы Криштиану Роналду тәтті тағамдар мен арақ-шараптан түбегейлі бас тартқан. Кешкі асқа жеміс-жидек пен теңіз тағамын таңдайды. Өзге спортшылар секілді тауық етін көбірек тұтынады. Бәлкім, осындай қатаң диета мен ауыр жаттығулар оның ағзасындағы майдың үлесін 7 пайызға төмендеткен шығар. Ал ережесіз жекпе-жекте жеңіліп көрмеген ресейлік Хабиб Нурмагомедов үшін ас пен салмақ ұғымы егіз секілді. Өйткені, “UFC”-де октогонға шықпас бұрын файтердің салмағы 70,3 килограмнан аспауы қажет. Бұл орайда Хабиб тауық еті, жүзім, жаңғақ және қант қосылған судан тұратын қатаң диетаға көшеді.

Алайда, барлық спортшы қатаң диетаны сақтамайды. Қайта әдейі көбірек калория тұтынған спортшылар да болған. Мысалы, 23 дүркін Олимпиада чемпионы атанған Майкл Фелпстың көп тамақ жейтіні белгілі. Диетологтар оның дене бітімін (бойы – 193 см., қолдарының ұзындығы – 203 см.), суда жүзу ұзақтығын есептеп, оның өзіне тәулігіне 12 мың калорияны құрайтын ас мәзірін даярлаған. Қатардағы ересек адам күніне 3 мың каллория тұтынса, толып кетуі бек мүмкін. Енді жүзушінің мәзірі ағза үшін қаншалықты көп екенін есептей беріңіз. Ал Фелпс болса таңғы асқа жұмыртқа, құймақ, үш сэндвич жесе, түске таман жарты килограмм паста мен тағы бірнеше сэндвич, энергетик сусынын тұтынып отырған. Кешке осы асты қайталап, қосымша пицца жеген.

Әркімнің чемпиондыққа жетер жолы әртүр­лі. Ортақ формула жоқ. Жыл сайын спорттағы көрсеткіштер жетіліп келе жатқанын сарапшылар да, жанкүйерлер де байқап отыр. Алайда, технология, мамандар, инвестиция маңызды фактор десек те, барлығы спортшының өз ерік-жігері, еңбекқорлығына байланысты дегің-ақ келеді. Бұл тұжырымды “Милан” құрамында өткен 24 ойында 20 гол соққан 39 жастағы Златан Ибрагимович дәлелдеп жүр.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp