«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жоғары сыныптар мектепке барады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова оқушылардың қысқы демалысынан кейін үшінші тоқсанда ұйымдастырылатын оқу үрдісі жайлы онлайн брифингте баяндап берді. Екінші тоқсанда ауылдардағы 356 шағын жинақты мектепте 22 мыңнан астам оқушы дәстүрлі түрде оқыса, 121 мектептегі 32 мың оқушы қашықтан дәріс алды. Ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш буында 19 мың баланы қамтыған 1594 кезекші сынып жұмыс істеді.

Үшінші тоқсанда оқушылар саны 300 адамнан аспайтын мектептердің штаттық режімге көшуіне байланысты бұрынғыша білім беретін оқу ордаларының саны – 416-ға, ал оқушылар 34,5 мыңға ұлғаяды. Қала және аудан орталықтарындағы 14663 оқушысы бар 61 білім ошағы ғана қашықтан оқу үрдісін одан әрі жалғастырады.

Өзгерістер 5, 9, 11-сынып оқушыларына қатысты болып отыр. Атап айтқанда, аталмыш сыныптардың оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша кезекші топтарда оқитын болады. 19 779 оқушы үшін 1605 кезекші сынып жұмыс істейді. 5-сынып оқушылары бастауыш сияқты оқитын болса, 9 және 11-сынып алты күндік жұмыс аптасына көшіп, аралас форматта дәріс алады.

11 қаңтардан бастап арнайы, мамандандырылған мектеп-интернаттар мен мектептер жанындағы интернаттардың қызметіне рұқсат етіледі. Ауылдық елді мекендердегі балалар интернаттарда тұрады, олардың саны – 938. Облыс орталығындағы түзету мектеп-интернаттарының оқушыларына, сондай-ақ, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарындағы оқу процесіне де белгілі шектеулер қойылады.

Жалпы білім беретін мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру мәселесі жақын арадағы ведомствоаралық комиссияда және облыстың бас санитарлық дәрігерінің келісімі бойынша қаралатын болады. Білім ошақтарында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Зарарсыздандырудың 4 сатылы сүзгісі қолданылады.

2020-2021 оқу жылының басынан бастап барлық колледждер қашықтан оқытылды. Екінші семестрде 1-курс студенттеріне арналған сабақтар әдістемелік ұсынымдарға сәйкес санитарлық нормаларды сақтай отырып аралас және штаттық режімде өткізіледі. Аудиториялық сабақтардың ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Дуальды оқыту кезінде сабақтар санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып кәсіпорындар (ұйымдар) базасында немесе ТжКБ ұйымдарында штаттық режімде өткізіледі. Қазіргі уақытта колледждерде дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жансая ҚАЙЫПОВА,

облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp