«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ СОЮ ТАЛАПТАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқының басты тағамдарының бірі ет болғандықтан, мал сою рәсімі өз алды­­­­на дәстүрге айналған. Алайда, көпшілік әлі күнге дейін кейбір қағидаларын біле бермейді.

Мал шаруашылығы өнімінің сапасы мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай келмейтін орындарда союға рұқсат жоқ. Сондықтан етке өткізілетін жануарлар ет өңдеу кәсіпорындарында, мал сою қосындарында немесе сою алаңдарында ғана бауыздалады. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі “Ветеринария туралы” Заңына сәй­кес ауыл шаруашылығы жануарларын союдың арнайы қағидалары әзірленді. Онда етке өткізуге арналған малдарды союдың қағидалары айқындалған.

Аталмыш қағидаларға сәйкес малды сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында сойған кезде ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасының немесе өндірістік бақылау бөлімшесінің мал дәрігері, сондай-ақ, малды сою алаңдарында сойған кезде мал дәрігері:

– сойылатын ауыл шаруашылығы жануар­ларына ілеспе ветеринариялық құжаттың (ветеринариялық анықтама немесе ветеринариялық сертификат) болуын тексереді;

– ауыл шаруашылығы жануарында жеке нөмірі­нің, ветеринариялық паспорттың және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда немесе одан алынған үзінді-көшірмеде өткізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулер туралы мәліметтердің болуын тексереді;

– сою алдында термометрия жүргізе отырып, жануарды қарап тексереді және ет пен ішкі ағзаларды союдан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізеді, сараптама актісін (сынақ хаттамасын) береді, етті таңбалауды жүргізеді.

Сою қосындарында немесе ет өңдеу кәсіпорындарында малды сойған кезде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) нысандардың диагностикасы және ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелері бойынша ветеринариялық зертханалардың сараптама актісінің негізінде ветеринариялық анықтама етпен бірге жүреді. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы маманы берген анықтамада сынақ хаттамасының берілген күні мен нөмірі көрсетіледі. Малды арнайы сою алаңдарында сойған кезде де ветеринарлық анықтама болуы тиіс. Барлық ет ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізіледі. Талаптарға сәйкес сойылған, қажетті құжаттары бар малдың еті мен шикізатын ғана сауда орындарында сатуға рұқсат беріледі. Мұндай шаралар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өнім сапасына кепілдік беруге бағытталған.

Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын аулада союға және ветеринариялық қызметтің бақылауына алынбаған өнім­ді сатуға тыйым салынады. Біздің басқарма мамандары ет, сүт және жұмыртқаны бей-бе­рекет сату фактілерін жиі кездестіреді. Мұндай жерлерде сауда өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын растайтын ветеринариялық құжаттарсыз жүргізіледі. Санитарлық талаптар да сақталмайды. Сондай-ақ, күмәнді өнімдер сатылады. Осыған байланысты солтүстікқазақстандықтарға мұндай сауда орындарынан мал шаруашылығы өнімін сатып алу арқылы сальмонеллез, бруцеллез сияқты паразиттік ауруларды жұқтыру, ішекке инфекция түсу және улану қаупі барын ескертеміз.

Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ,

облыстық ветеринария басқармасының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp