Облыстық полиция департаментінің арнайы мұрағатында 1930-1950 жылдары заңсыз сотталған солтүстікқазақстандықтарға қатысты 5364 қылмыстық іс және бұрынғы кеңестік әскери тұтқындар туралы сұрыптау материалдары сақталған. Олардың ұрпақтары мәліметтер алу үшін жүгіне алады.
Польша тұрғыны екі жыл ішінде арнайы мұрағатқа үш сұрау жолдаған. Бұрынғы отандасымыз, этникалык неміс Лилия Нельде әулет тарихын қалпына келтірумен айналысып жатқан екен. 1936- 37 жылдары оның жеті бірдей туысы қуғын-сүргінге ұшыраған. Ұжымшарда ферма меңгерушісі болып істеген туысы Эдуард Ульрих «үштіктің» шешімімен атылған. «Колос» ұжымшарының төрағасы Фёдор Нельде, жұмысшылар Христиан, Карл, Роберт пен Густав және Ульрихтың зайыбы Мария 10 жылға бас бостандықтарынан айыру жазаларына кесілген.
Бұл трагедияға асыл тұқымды айғырдың өлімі себеп болған екен. Іс материалдарында ветеринардың асыл тұқымды айғырды жақсы күтіп-баптады деген қорытындысы болғанымен, жылқы «арам ниетпен азапталды» деп жазылған. Осыдан кейін айыптауда кеңес үкіметіне қарсы әрекет жасады, фашизмді үгіттеумен айналысқан контрреволюциялық ұйым құрды және адамдар арасында ұлттық алауыздық тудырды деген сол жылдарға тән қорытынды жасалып, істері бірден сотқа жіберіліпті..
-Сайып келгенде, отбасымыздың өткенін тереңінен зерделеуге кіріскен Мәскеуде тұратын жиеніме көмектесіп жатырмын – дейді Лилия Александровна. – Өзімде де қатыгез қуғын-сүргін жылдары туралы айтарлықтай материал жинастырылған. Әкемнің де, анамның да жағынан да зардап шеккендер бар. Қазақстандық заңнамаға сәйкес танысуға жататын барлық мәліметтерді жіберіп, материалдарды сұрыптау бойынша ауқымды жұмыс жүргізген мұрағат қызметкерлеріне зор ризашылығымды білдіремін.
Облыстық полиция департаменті арнайы мемлекеттік мұрағатының бас маманы полиция майоры Эльмира Валиулина қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарына процессуалдық емес сипаттағы материалдар ұсынылатынын еске салады. Құжаттар мен архивтік анықтамалардың, сондай-ақ істе бар болған жағдайда, қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке құжаттарының көшірмелерін алуға болады. Ұлттық Қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің архивтік қорынан деректер тапсырылған кездегі алты жыл ішінде полиция ведомствосында тәртіп сақшылары 215 адамның отбасы тарихын қалпына келтіруге көмегін тигізді.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық полиция департаменті
ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің бастығы.