Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлаудан денсаулығы сыр берген азаматтар да қалыс қалмады. Мәселен, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіндегі №632 сайлау учаскесінің қызметкерлері 8 науқастың шаңырағында болды.
Аталмыш учаскедегі сайлау комиссиясының төрайымы Махида Қасенованың айтуынша, белсенділік танытқан тұрғындар ел болашағын айқындайтын таңдауларын жасады.
– Біздің учаскеге 1673 сайлаушы бекітілген. Олардың 400-і сағат 15-ке дейін өз таңдауын жасады. Ешқандай арыз-шағым түспеді. Санитарлық талаптар сақталды. Ел болашағы үшін дауыс берушілердің арасында сексенді еңсерген қариялар мен науқанға алғаш рет қатысқан жастар да бар. Сондай-ақ, таңсәріден тұрып, учаскеге бірінші келген азаматқа кішігірім кәдесый бердік. Ал 8 адам денсаулығына байланысты учаскеге келе алмағандықтан, өтініштері бойынша олардың үйлеріне қызметкерлерімізді жібердік. Осылайша, бірде-бір сайлаушының маңызды науқаннан қалыс қалмауына жағдай жасадық. Өйткені, әрбір дауыс маңызды, – деді Махида Назырқызы.
Сырқат салдарынан сайлау учаскесіне бара алмайтынын түсініп, өтініш жазғандардың бірі – Уәлиханов көшесі, 11-үйдің тұрғыны Галина Осипова. Елдің кемел келешегі үшін саяси шарадан қалыс қалғысы келмеген ол шаңырағына көшпелі жәшікті ала келген учаске қызметкерлерін көргенде қатты қуанды. Сөйтіп, конституциялық құқығын пайдаланып, жұрт қатарлы дауыс берді. Оның ойынша, осындай мүмкіндіктің берілуі – еліміздегі демократияның айқын көрінісі.
Аталмыш учаскеде үш бақылаушы жауапты науқанның ешбір заң бұзушылықсыз өтуін қадағалады. Үйде дауыс беру кезінде де талаптар сақталып, ешқандай келеңсіздік орын алмады.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.