Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблесынан депутаттар сайлауға арналған ХХVІІІ сессиясы ашылып, дауыс беру өтті.
“Өздеріңіз білетіндей, 2007 жылы конституциялық реформа нәтижесінде қабылданған Ата заңға Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығын беру жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Бұл қадам біздің қоғамның бірлігін нығайтуға, этностар мүдделерін білдіруге, олардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын жандандыруға бағытталған еді. Осы норма Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың халықаралық пактілер мен конвенциялары аясында Қазақстанның адам құндылықтары, азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындау үдесіне сай”, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.
Ассамблея Кеңесі Парламент Мәжілісінің депутаттығына 9 кандидат ұсынды. Олар – Қазақстан халқы Ассамблеясынан Қазақстан Ресупбликасы Парламенті Мәжілісі VI шақырылымының депутаты, ҚХА мүшесі Сауытбек Әбдірахманов, Батыс Қазақстан облысы армян этномәдеми “Масис” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Аветик Амирханян, Жамбыл облысы Қордай ауданы Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ілияс Буларов, Көкшетау қаласы білім бөлімінің “Техникалық лицей” КММ-нің директоры Наталья Дементьева, “Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы” ЗТБ-ның төрағасы, ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі Юрий Ли, “Барбанг” күрдтер қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, ҚХА мүшесі Вакиль Набиев, “Шығыс” шаруа қожалығының жетекшісі, ҚХА мүшесі Шамиль Осин, “ЖетісуОблГаз” ЖШС-нің бас директоры Владимир Тохтасунов, “Әзірбайжан қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Абилфас Хамедов.
(“Egemen Qazaqstan”, 11 қаңтар, 2021 жыл).