«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Берекеліктер белсенді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жылы “Береке” шағынауданында оң өзгерістер орын алды. Жаңа саябақ салынып, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша шағынауданда заманауи емхананың құрылысы басталды. Бұл оң өзгерістерге куә болып, ел ертеңіне деген сенімдері артқан берекеліктер жексенбі күні өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында белсенділік танытты.

Демалыс күні болғанымен таңмен тұрып, сайлау учаскелеріне қарай ағылғандардың қатары қалың. №25 қазақ орта мектебінде орналасқан №615 сайлау учаскесінің төрайымы Хазиза Баймұхаметованың айтуынша, жаңа мектепте тұрғындар алғаш рет дауыс беріп отыр.

– Біздің учаскеде 1577 азамат тіркелген. Гастелло, Волочаев, Залманов, Халтурин және Ленинград көшелерінің тұрғындары дауыс беріп, өз азаматтық құқығын пайдаланады. Дауыс берудің алғашқы сағатында 50-ден астам адам келді. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты кіреберісте тұрғындардың дене қызуы өлшеніп, медициналық бетперделер мен бірреттік қолғаптар берілді, – дейді Хазиза Баймұхаметова.

Тұрғындар ел болашағына бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдегендей. Тіпті сайлау учаскесі ашылмай тұрып келгендер бар. Дауыс берушілердің көңіл күйі де көтеріңкі болғанын атап айтқан жөн. Көптен күткен саяси науқан күні тұрғындардың жүздерінен қуаныштың нышаны көрінді.

– Мен өз таңдауымды жасадым. Сайлау – әрбір елдің өміріндегі аса маңызды оқиға. Мәжіліс пен мәслихаттарға жаңа дем беретін азаматтар қажет. Сайлауға қатысып жатқан әр партияның алға қойған айқын мақсаттары бар. Үгіт-насихат науқаны кезінде олар бізге өз ой-пікірлерін жеткізді. Енді халық дұрыс таңдау жасаса, еліміз одан әрі дамып, қаламыз бұдан да көркейе түсетініне сенемін. Өз басым бұл сайлаудан кейін көп өзгеріс күтемін, – дейді қала тұрғыны Талғатбек Әлжанов.

Ал екі жыл бұрын Есіл ауданынан Петропавлға көшіп келген Жанат Рахметова сайлау нәтижесінде заң шығарушы органға лайықты саясаткерлер өтіп, алдағы уақытта қазақстандықтардың мүддесін қорғайтынына сенімді екенін жеткізді.

Бұл күні бірінші рет дауыс бергендерге естелік сыйлықтар тарту етілді.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp