Мамлют ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Tarlan” атты жаңа жабық хоккей кортының ашылу рәсіміне қатысты.
Өңірімізде жабық хоккей корттары көптеп ашыла бастады. Бүгінгі таңда үш мыңнан астам солтүстікқазақстандық жеткіншек бос уақыттарында хоккей ойнайды. Мамлюткадағы спорт нысанының құрылысына жергілікті бюджеттен 106 млн. теңге бөлінген. Ауданда әуесқой хоккей командалары бар. Олар бұған дейін ашық мұз айдынында жаттығып келген.
– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша спорт саласына бөлінетін қаржы мөлшерін 18 пайызға көбейттік. Бұл қаражатқа аудандарда 6 спорт кешенінің құрылысы басталса, біреуі пайдалануға берілді. Биыл Тимирязев ауданында да дәл осындай кешеннің құрылысы басталады. Қазіргі уақытта 5 аудан орталығында жабық хоккей корты салынуда. Қаңтар айының соңында Булаево қаласы мен Тимирязев ауылында хоккей корттары пайдалануға беріледі. Ал 2021 жылы бюджет есебінен тағы 7 жабық хоккей кортын салу жоспарланған. Бұл шайбалы хоккейге тағы үш жүз адамды тартуға мүмкіндік береді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бүгіндері бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілуде. Биыл аудандарда 10 спорт нысанын тұрғызу жоспарланған. Бұл мақсатта 2,4 млрд. теңге бағытталмақ.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.