Облыс орталығының автобус паркі жеті жаңа көлікпен толықты. Оқушылар сарайының алдына қаз-қатар тізілген қоғамдық көліктерді өңір басшысы Құмар Ақсақалов тамашалап, тұрғындар игілігіне тапсырды.
– Жоспарға сай қаладағы автобус паркін жаңарту жобасын бастадық. Бүгінгі таңда шаһарымызда 200 қоғамдық көлік бар болса, біз олардың тең жартысын ауыстырамыз. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанда құрастырылған 100 жайлы автобус сатып аламыз. Бүгін Петропавлға соның алғашқы легі келді. Бұл көліктер барлық талаптарға сай, – деді Құмар Іргебайұлы.
“Yutong” маркалы автобустардың бірінің ұзындығы – 8,5 метр, кейбірінікі 10 метр. Сәйкесінше, 51 және 66 адамға шақталған. Осындай кең әрі жайлы автобустар өңіріміздің климатына да лайық. Яғни, қыстың қытымырында салонды алты радиатор жылытса, ал жаздың аптабында терлеп-тепшімеу үшін кондиционерлер қосылады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қамы да ойластырылған, олар үшін автобус ішіне пандус орнатылып, арба қоюға орын қалдырылған. Бұдан бөлек, ауаны дезинфекциялауға арналған тазарту жүйесі мен ультрафиолет шамдары бар.
Автобус жүргізушісі Олег Степановтың айтуынша, жылы да кең көліктер – қызылжарлықтардың көптен бергі тілегі. Өйткені, біраз жыл тозығы жеткен автобусты жүргізіп келген ол жолаушылардан біраз сын естіген. Енді мұндай шағым түспейтініне сенімді. Сондай-ақ, автобустың ішін бейнекамера арқылы бақылай алатынына дән риза.
⠀№9 және №27 бағыттарға қатынайтын жаңа қоғамдық көліктерде жақын күндері электронды билеттендіру жүйесі іске қосылады. Бұл жолаушылардың есебін жүргізуге мүмкіндік береді. Алайда, жолақы қымбаттамайды әрі жылу, электр энергиялары үшін тарифтер өзгеріссіз қалды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.