Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Instagram” әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жаңа экосаябақтың жобасын таныстырды. Болашақ жоба Мещан орманының ағаштар кесілген аумағында орналаспақ.
2007 жылы Юбилейный шағынауданына тиіп тұрған орманның бір шетінде көпқабатты тұрғын үй кешені тұрғызылуы тиіс болған. Алайда, мердігер компания банкроттыққа ұшыраған соң жер мемлекетке қайтарылды.
“Мен әлеуметтік желілерде Мещан орманындағы ағаштардың жағдайы туралы жазылған жазбалар мен пікірлерді жиі оқимын. Осы орайда табиғаттың бұл бөлігі сақталып қалатынын атап айтамын. Орманның шекарасы анықталып, бекітілген. Ол заңмен қорғалады. Аэротүсірілім жасалды. Ендігі кезекте бірде-бір ағаш кесілмейді. Биыл ағаш кесілген аумақты экологиялық саябаққа айналдырамыз. Тұрғындарға ыңғайлы орындықтар, спорттық алаңдар және дала тренажерлары орнатылады. Саябақтың өн бойында веложол болады”, – деп жазды Құмар Іргебайұлы.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.