Тарих табалдырығын аттаған 2021 жылдың алғашқы жылнамасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың республикалық “Egemen Qazaqstan” газетінде жарияланған “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласын ел ертеңіне деген берік сенімді ұялататын, іргелі істерге жетелейтін басты бағдарлама ретінде қабылдадым. Мақала мәтінімен мұқият таныса отырып, жүрек түбінде жатқан, көптен ойда жүрген түйткілді, өзекті мәселелердің бүкпесіз көтерілуімен қатар келешекке бағыт-бағдар беру жаңашылдығымен сипатталатын темірқазық тұжырымдама деуге толық негіз бар.
Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толу қарсаңында жарық көрген концепциялық құжатта руханият жайына ерекше мән берілгенін баса айтқым келеді. Мемлекет басшысы: “Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіш дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету”, – деу арқылы бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап өткен азаттықтың қадір-қасиетін, тәуелсіздік деген тәтті ұғымның мән-маңызын терең сезінуге шақырады. Осы орайда Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат баға жетпес құндылық екенін қоғамға, әлеуметке нақты мысалдар арқылы түсіндірудің мәні айрықша. Бүгінгідей аласапыран заманда ұлттық болмысымызды, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді жоғалтып алмау, тарихи тамырыздан қол үзбеу – бәрімізге сын.
Десек те, ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді деп тоқмейілсуге әлі ерте. “Алдымызда не күтіп тұр?”, “Мемлекеттік тұтастығымызды сақтап, тәуелсіздігімізді одан әрі орнықтыру үшін не істеуіміз керек?” – деген сауалдар әр қазақстандықты толғандырары сөзсіз. Міне осы тақылеттес сауалдардың нақты жауаптары мақаладан айқын көрініс тапқан. “Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет”, – деп Президент айрықша атап көрсетті. Заман талабына бейімделген ұлт болудың талаптары сараланды. Ата-бабадан мирас болып қалған құндылықтарды көздің қарашығындай сақтайтын білімді, білікті, отансүйгіш батыл жастарды тәрбиелей білсек, қазіргі жаһандану дәуірінде бір-бірімен текетіресте өмір сүріп жатқан алпауыт мемлекеттердің додасында Қазақстан өзінің лайықты орнын тауып, дамыған қуатты мемлекетке айналады. Әрісі Керей мен Жәнібек, Қасым хан мен Есім хан, әз Тәуке, Абылай хан, берісі Алаш арыстарының тар заманда қазақты бар етіп, ұлтының еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен қанды жорықтары мен есепсіз ерліктері таным мен тағылымның ерекше үлгі-өнегесіне айналуы тиіс.
Тарихшы ғалым ретінде мақаладағы ұлттық мүддеге сай келетін тарихымызды жазар уақыт келді деген пікірге қосыламын. Қазіргі кезде ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдде біз үшін бәрінен жоғары. Олардың сақталуына әсер ететін екі фактордың бірі – тіл, екіншісі – тарих. Құстың қос қанатындай бұл нышандар ұлттық рухты көтермелеуші, намысты оятушы ересен күш болып табылады. Сондықтан тіліміз бен тарихымызға құрметпен қарауды үйренсек, көкірек көзіміздің оянып, санамыздың сәулелене түсеріне күмән жоқ. Мемлекет басшысы осы мәселені терең түсініп, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды жуық арада бастауға және шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды тиісті орындарға тапсырды. Түптеп келгенде, ұлттық, тарихи сананы жаңғыртудың негізі осы болуы керек. “Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді”, – делінген мақалада. Бұл – өте дұрыс тұжырым. Орыстың белгілі тарихшысы Н.Карамзин кезінде Ресей мемлекетінің тарихын жазып шыққан. Сол еңбек осы күнге дейін өз маңыздылығын жойған емес. Ендігі жерде тарихымыз ұлттық, мемлекеттік мүддені жете ескеру тұрғысынан жазылуы тиіс.
Жасыратыны жоқ, ұлтаралық татулық пен келісімді асыл мұрат, киелі парыз санайтын Қазақстан халқының бірлігіне сызат түсіруді көздейтін сыртқы күштер жоқ емес. Ресейдің кей саясаткерлерінің аумақтық тұтастығымызға күмән тудырып, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін арандатушылық іс-әрекеттері мен бейпіл сөздері қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырғаны рас. Қасым-Жомарт Кемелұлы қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты ешкім сыйға тартпағанын шегелеп тұрып айтты. “Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын”, – дей келіп, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керектігін ескертті.
Қазақстан – біртұтас мемлекет. Мақаладан аңғарылатындай еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар ғана. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы беріліп, тарихи әділдіктің қалпына келтірілгеніне бәріміз куәміз. Осы игі үрдістің еліміз бойынша жалғасатыны қуантады. Деректерге жүгінсек, ежелгі атауларға қатысты тарихи айғақтар жеткілікті. Абылайдың тұсында патшалы Ресеймен сауда қатынасын жүргізуде “Қызылжар жәрмеңкесінің” болғандығын атақты тарихшы Е.Бекмаханов бұлтартпас фактілермен растайды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1925 жылы коммунистік партияның бас газеті “Правда” Петропавлдың “Қызылжар” болып өзгергені туралы ақпарат жариялаған. Бұл құжаттың түп-нұсқасы Мәскеудегі Бүкілодақтық орталық атқару комитетіне, көшірмесі Қызылжарға жіберілген. Құжаттар Ресей мұрағатынан табылған (РФМА, 5677-қ., 427-іс). Келтіре берсек дәлелді мысалдар аз емес. Келешекте байырғы атауларды қайтару өз жемісін береді деген үміттеміз.
Әсіресе, қазақ жұртшылығын қатты толғантатын маңызды мәселенің бірі – қазақ тілінің қазіргі ахуалы. Мақалада: “Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда “Ештен кеш жақсы” деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек”, – деп ерекше екпін түсіріліп, қазақ тілінің қоғамды біріктіруші рөлі атап көрсетілген. Өзін сыйлайтын, құрметтейтін мемлекеттер және сол мемлекеттің негізін құрайтын ұлттар сырттан келгендерге бірден тілді және тарихын білуді міндеттейді. Біз әлі күнге дейін жан-жағымызға жалтақтап, өз тілімізден гөрі өзге тілде сөйлегенді қалап тұратын құлдық психологиядан арыла қоймаған сияқтымыз. Толеранттылық – жақсы қасиет. Бірақ жер, ел иесі де сондай сыйластыққа, қарым-қатынасқа мүдделі екенін өзге этнос өкілдері ұмытпау керек.
ХІХ-ХХ ғасырларда Ресей империясы және кеңес өкіметі Қазақстан жеріне шаруаларды жаппай қоныстыру саясатын тез қарқынмен жүзеге асырғаны мәлім. Отарлаушылар үшін бұл үрдістің тиімді болғаны соншалықты, еліміздің бірқатар аймақтарында қоныс аударушылардың саны жергілікті тұрғындардан асып кетті. Еліміз амалсыз полиэтникалық көп ұлтты мемлекетке айналды. Президенттің шекара маңы қауіпсіздігі мемлекеттің мүддесі үшін қаншалықты маңызды әрі қажет екенін тереңнен сезіне отырып, қандастар көшін барынша қолдап, теріскей өңірлерге орналастыру шараларын міндеттеуі өте құптарлық. Бүгінгі таңда облысқа жеті мыңға жуық адам қоныстанып, көпшілігі баспана және жұмыспен қамтамасыз етілген. Осы үрдістің жалғасатынына сенімдіміз. Сол сияқты “Серпін” мемлекеттік бағдарламасын ұтымды пайдалана білсек, жастардың қызығушылығы артар еді.
Түптеп келгенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әркімге үлкен ой салатын танымдық мақаласы ең ғажайып ерлік отансүйгіш қасиет екенін меңзейді.
Ақмарал ИБРАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің
ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.