Әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан Қазақстанда сайлаудың өтуі – қоғам үшін де, мемлекет үшін де маңызды оқиға. Ол жаңа мүмкіндіктерді қарастырып, кадрлық әлеуетті жақсартуға жол ашады, Қазақстанның жаңа қырынан көрінуіне мүмкіндік береді.
Сайлау – кез келген мемлекет үшін сынақ және мемлекеттің тұрақтылығының көрсеткіші. Биылғы саяси науқанға елдегі негізгі алты партияның бесеуі қатысуда. Бұл – елдегі демократияның көрінісі әрі көппартиялы жүйенің дамуының белгісі. Жалпы бағыт-бағдарлары дұрыс, бұл – жақсы қадам. Түпкілікті қорытындысы шықпай жатып сайлаудың қалай өткені туралы баға беру қиындау болар, бірақ бұрынғымен салыстырғанда әжептәуір алға басу бар.
Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлау барысын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы атынан байқаушы миссиясын Түмен облысынан келген бір топ өкіл атқаруда. Бұл жолы біз Петропавл қаласы мен аудандардағы дауыс беру барысын бақылап, сайлаушыларға жан-жақты жағдай жасалғанының куәсі болдық. Жалпы облыс орталығындағы сегіз учаскеде болдық, ешқайсысынан заң бұзушылық байқаған жоқпыз. Сонымен қатар алты әріптесіміз Қызылжар және Айыртау аудандарындағы сайлаудың барысын бақылап, барлығы жиырмадан астам сайлау учаскесінде болды. Комиссияның жұмысы мен дауыс берушілерді есептеудің жеңілдетілгендігіне көз жеткіздік.
Биылғы сайлау ерекше жағдайда, яғни пандемия кезінде өтуде. Ең алдымен, бүгінгі сайлауда дауыс берушілердің қауіпсіздігіне баса мән берілді. Барлық учаске санитарлық құралдармен, оның ішінде медициналық маскалармен, санитайзерлермен жабдықталыпты. Осы тұрғыдан алғанда, ұйымдастыру жоғары деңгейде деп айта аламын. Пандемияға қарамастан келушілер көп болды. Таңғы сағат жетіден бастап №619 сайлау учаскесіне дауыс беруге жиналғандарды қарсы алдық. Сайлау комиссиялары саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен келген. Сайлауға әйелдер мен жастар белсенді қатысуда. Бұл қалың бұқара елдің саяси өміріне бейжай қарамайтынын, белсенді екендігін көрсетеді.
Біз Қазақстандағы осындай саяси науқанға бірінші рет мониторинг жүргізіп отырған жоқпыз. Түмен облысының делегациясы Қазақстанда өткен сайлауларға 2004 жылдан бері қатысып келеді. Әр жылдары Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында байқаушы болдық. Саяси науқан барысында бірде-бір өрескел заң бұзушылық тіркелмеді. Сондықтан бұл жолғы сайлаудың да жоғары деңгейде өткенін сеніммен айта аламын.
Игорь ХАЛИН,
ТМД байқаушылар миссиясының өкілі.