Медициналық колледжде орналасқан №643 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасамақ болған тұрғындар қарасы қалың болды. Сайлау комиссиясының төрағасы Дулат Сейтжанов дауыс беру үрдісі талапқа сай өткенін, коронавирусқа байланысты сақтық шараларына ерекше мән берілгенін айта келіп, 35 адамның үйде дауыс беруге өтініш жасағанын жеткізді.
Бұл учаскедегі ең қарт сайлаушы – Жұмаш Сейтбеков ақсақал мен Зура әжей. Жастары 92-де. Қос кейуана Жуков көшесіндегі жаңа үйлердің бірінде тұрады. Есікті апай ашты. Қимылы ширақ. Төрге оздық. Жұмаш аға да қашан дауыс береміз дегендей елеңдеп отырса керек, орнынан жылдам тұрып, бізді жылы шыраймен қарсы алды. Бұл кісіні жақсы білеміз. 70 жылға жуық газетіміздің төл оқырманы. Қоғамдық тілші ретінде қалам тартқанына жарты ғасырдан асыпты.
“Қарақтарым, атамыз қазақ көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра” деп, біліп айтқан ғой. Осы ғұмырымда небір қиыншылықтарды бастан өткердім. Алдымнан жүздеген шәкірт қанат қақты. Әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Осындайда төбем көкке жеткендей болады. Кезінде партиялық тапсырмаларды бұлжытпай орындап, қыж-қыж қайнаған саяси, идеологиялық іс-шаралардың ортасында шынығып өсіп, қоғамдық жұмыстарға үйреніп қалғандықтан, зейнеттен кейін де біраз жыл еңбектендік”, – дейді қария өзіне тән жұмсақ үнмен биязы сөйлеп.
Бір шаңырақ астында 69 жыл түтін түтетіп, 7 ұл-қыз өсірген, шаттығы шалқыған мәуелі шаңырақ иелері немере-шөберелердің қызығын көріп отыр. “Халық ағарту ісінің үздігі”, “облыстық құрметті еңбек ардагері” атанған ақсақал тәуелсіз еліміз жайлы толғана сыр шертіп, көсіле сөйлейді. “Биыл 75-ші рет дауыс бергелі отырмын. Бір адамның ғұмыры десе де болады. Адамды қанша айтқанмен, кәрілік жеңеді ғой. Құлақ естіңкіремейді, көз көріңкіремейді. Сонда да саясаттан хабарсыз емеспін. Ермегім – қазақ радиосы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” деген мақаласы жайлы жұртшылықтың ой-толғамдарын ерекше ынтамен тыңдадым. Мына додаға түсіп жатқан бес партияның сайлауалды бағдарламаларына көңілім толады. Әрқайсысы өскелең ұрпақтың баянды да жарқын болашағы үшін қызмет етері сөзсіз. Менің аталық ақ тілегім сол, еліміздің береке, бірлігі бекем болсын, ынтымағы сүттей ұйысын”, – дейді ақсақал.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.