«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“NUR OTAN” — 71,9 ПАЙЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтіп, онда 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың алғашқы қорытындылары шығарылды.

Отырыс әлеуметтік желілер арқылы онлайн көрсетілді. Алдымен орталық сайлау комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысы талқыланды. Сайлау жарияланған кезден бастап, яғни 21 қазаннан бүгінгі күнге дейін орталық сайлау комиссиясына 104 өтініш келіп түскен. Оларға белгіленген мерзімде толық жауап берілген.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина ұсынған деректер бойынша “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 5,29, “Nur Otan” партиясы – 71,9, “ADAL” саяси партиясы – 3,57, “Ақ жол” демократиялық партиясы –10,95, Қазақстанның халық партиясы 9,10 пайыз дауыс жинады. Бұл – орталық сайлау комиссияның алдын ала есептеу бойынша берген мәліметтері. Мұның алдында Қоғамдық пікір институты Exit poll жария еткен мәлімет те осыған ұқсас.

Биылғы сайлауда партиялардың атынан 312 үміткер Мәжіліс депутаттығына ұсынылғаны белгілі. Олардың 222-і – ер-азамат, 90-ы – әйел. Кандидаттардың ең кішісі 25 жаста, ең үлкені 70-те. Мәжіліс сайлауы ел тарихында осымен жетінші рет өтіп отыр.

Алғашқы дауыс санау нәтижелері бойынша Мәжіліске үш партия өтеді. Олар: “Nur Otan”, “Ақ жол” және Қазақстанның халық партиясы.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІІ сессиясы өтіп, Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы нәтижесін жариялады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Ассамблеяның 9 кандидаты Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Түстен кейін Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Бекшенов онлайн брифинг өткізіп, өңір бойынша Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттарға депутаттарды сайлау қорытындылары туралы айтып берді.

Өңірімізде 15 аумақтық, 650 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Дауыс беру барысын төрт мыңға жуық байқаушы қадағалады. Ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ. Облыстағы сайлаушылардың жалпы саны 399 370 болса, 301629-ы конституциялық құқығын пайдаланып, өз таңдауларын жасады. Бұл 75,5 пайызды құрап, ел бойынша алдыңғы орыннан көрінді.

Облыс сайлаушыларының 12,51 пайызы Қазақстанның халық партиясын, 73,31 пайызы “Nur Otan”-ды, 2,73 пайызы “Ауыл”, 10,14 пайызы “Ақ жол” және 1,31 пайызы “ADAL” партиясын қолдап дауыс берді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp