Петропавл қалалық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері облыстық аппараттағы әріптестерімен бірлесіп, түнде жанар-жағармай құю станциясын тонауға күдікті 36 жастағы облыс тұрғынын ұстады.
Полицияға түн ортасы ауғанда белгісіз қылмыскердің М.Әуезов көшесінің бойында орналасқан жанар-жағармай құю станциясының терезесін сындырып, кассадан 40 мың теңгені қолды қылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Бейнебақылау камералары орта жастағы ер адамның әйнекті сындырып, ақшаны алып, белгісіз жаққа кетіп қалғанын тіркеген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде тонау «ізі суымай» ашылды. Күдікті М.Әуезов көшесінде жалға берілетін пәтерлердің бірінде ұсталды. Ол бұрын бірнеше рет сотталған 1984 жылы туған облыс орталығының тұрғыны болып шықты. Жедел уәкілдер келген сәтте ол мас болған. Ұрланған ақшаның бір бөлігі алынды. Күдікті тергеу изоляторына қамалып, тергеу жүргізілуде.